Негізгі бет  /  мақалалар  /  Несиені несібеге айналдырды

Несиені несібеге айналдырды

Айқын-ақпарат
1039
Несиені несібеге айналдырды Алматы облысының Еңбек­шіқазақ ауданы Хусайн Бижанов ауылының тұрғындары Талғат Алда­жаровты жақсы біледі. Ол осы өңірге танылған фермер. 2006 жылы шаруа қожалығын құрып, түрлі дақылдар өсіруді қолға алған.

Алдажаровтың алма бағының төңіректе теңдесі жоқ. Одан бөлек, ол қожалық ашқан жылы-ақ жүгері мен соя, жоңышқа еккен-ді. Ең бастысы, осынау істі дөңгелентіп отырған жанды өзге фермерлерден ерекшелендіріп тұратын бір жайт бар. Ол – мүгедек жан. Арбада отырады. Оң қолынан да айырылған. Ол сол қолымен көлік жүргізіп, шаруа қожалығын аралап шығады. Тағдырдың тезіне түссе де, сағын сындырып, мұқалмаған, келешекке сенетін азамат. Талғаттың бұл қайсарлығына «Нұр Отан» партиясының да үлес қосқан тұсы бар. Оны өзі де жиі айтады. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы 57 жастағы фермерге несие алып, кәсібін дамытуға мүмкіндік берген. 
– Табиғи азық-түлікке сұраныс жаңа фермерлерді шығарып жатыр, ал олардың бақытты болуы үшін не керек? Өз басым ісімді ілгері бастырып, қуанышқа кенелуім үшін несиеге қол жеткізсем дедім. Сол менің бақытым еді. Бірақ қандай банкке барсам да тауым шағылып жүрді. Соңғы үмітім «Нұр Отан» партиясы еді. Партияның қоғамдық қабылдауына кез келген өтінішпен баруға болатынын естігенде, үйден шықпай жатып-ақ қуандым. Сол қолыммен өтінішімді жазып алдым. Содан өз жобамды жүзеге асыру үшін несие алуға көмектесулерін сұрадым. Біздің елде бизнестің түрлі мүмкіндіктері болуы қажет. Бұған нық сенімдімін, – дейді Талғат Алдажаров.
Сонымен қатар тағы бір партиялық жоба – «Электронды партия» жобасы арқылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммедпен бейне­кон­ференция кезінде тілдесуге мүм­кіндік алды. Фер­мер оған өз ойларын айтып, пікір бөліскен.
Талғат өз жобасының бүге-шігесіне дейін ойластырып, жан-жақты зерттеген жан. Оның айтуынша, ауыл-аймақтағы шағын аргожоба­лар әдетте тауарды өткізу мәселесіне келгенде тығырыққа тіреліп жатады. Өнімді дүкен сөрелеріне жеткізу қиын, ал делдалдарға беру тіптен тиімсіз. Ал шешім аяқасты табылған көрінеді. Көптеген алматылықтар ұжымда­сып, өнімдерді тікелей шаруа­шылықтан алып кететін болыпты. Мәселен, Талғат өсірген алмаларға қазір сұраныс өте жоғары. 
Мұхтар Құл-Мұхаммед еңбеккердің жоспар­ларын толық қолдап, Елбасының тап­сыр­масы бойынша қазақстандықтардың биз­нес-инициативалары үшін шағын несие бөлу­ді қарастыратын «Ауылды жұмыспен қамту» жоба­сының жүзеге асырыла бас­тағанын айтқан.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Алматы облысының осынау шаруақор азаматының Ауыл шаруа­шылығын қолдау қоры арқылы несие алуына ықпал етуді тапсырған. Тапсырма мүлтіксіз орындалды. Талғат несие алды. Өзі көздеген 6 млн теңгенің несиесі бұйырды оған. 
Қазір Талғаттың шаруашылығы гүлденіп келеді, бірақ ол осы жеткендеріне тоқ­мейілсіп қалғысы келмейді. Соңғы бірнеше жыл бойы шағын да болса заманауи тауарлы-сүт фермасын ашқысы келеді. Бұл идеяны оған өмірдің өзі көрсетті. Талғаттың пікірінше, табиғи өнімдерге деген сұраныстың артқаны шаруа қожа­лық­тарының келешегі кемел екенін көрсетеді. Тұтынушы үшін бірінші кезекте сапа маңызды. Ал сүт фермасы өнімдерінің сапасы төмендемеуі үшін Талғат өзінің жем-су базасын дамытқысы келеді. Қысқасы, еңбекқор жанның жоспарлары аз емес. Ең бастысы, ол ешқашан басына түскен іс үшін мойып, тағдырға өкпе артқан емес. Керісінше, өз жобаларын жүзеге асырып, табысқа кенелеріне бек сенімді. Ол тек жақсылықтан үміт етеді. Ал өмірдің бұралаң жолдарында кездесетін қиындық өткінші ғана. Бастысы – мойымау. Бұл қасиетін ұлдарына да сіңірді.
Бүгінде Талғаттың шаруа қожалығының аумағы 11 гектарды құрайды. Оның 5 гектары алма бағы, ал 6 гектарына жүгері, жоңышқа және соя еккен. Бүгінде жылына орта есеппен 13,5 мың тонна алма, 30 тонна жүгері жинайды. Сонымен қатар шаруашылықта 20 бас ірі қара малы, 4 трактор және 1 комбайн бар. Өнімді, техниканы сақтау үшін жалпы көлемі 3 мың шаршы метрді құрайтын тұрақ та салған. Бұл істің барлығы мүгедек жанның жасап жүрген еңбегі. Қайсар, еңбекқор, жігерлі жанның тірлігі. Мұндай азаматтардың ісіне тек сүйсіну керек.