Негізгі бет  /  мақалалар  /  ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛСЕ ҚУАНаМЫЗ

ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛСЕ ҚУАНаМЫЗ

Айқын-ақпарат
826
«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне тағдырдың тәлкегіне түскен, өмірден өз орнын таба алмай жүрген немесе тірліктен түңіле бастаған адамдар бас сұғып, аянышты тағдырын сөз етеді. Мәселелерін шешіп беру бойынша көмек сұрайды.

Солардың бірі баспанаға қолы жетпей жатса, екіншісі мемлекеттік органдар қыз­меткерлерінің іс-әрекеттеріне ша­ғымдана­ды. Сол секілді ақша немесе баспана үшін әке-шеше, бауырларымен соттасып, қырық пышақ болғанын айтып келетіндер де кез­деседі. 
Қабылдау бөлмесі көмек сұрап кел­гендердің мәселесімен жіті танысып, жүректен өткізіп және қолданыстағы заңдар аясында оны шешудің жолдарын қарастырады.
«Нұр Отан» партиясы Орталық ап­паратының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Орталық мемлекеттік органдар басшылары, яғни, министрлер мен оның орынбасарлары, Қазақстан Рес­публикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары, заңгерлер, адвокаттар аза­маттарды жеке мәселелері бойынша жыл бойы кезекпен қабылдаулар жүргізеді. Олар өздерінің өкілеттіктеріне орай мәселелерді барынша шешуге тырысады. 
Енді жыл бойы атқарылған жұмыс­тарымызды қорытындылай келе, аптасына екі мәрте жүргізетін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, азаматтарды қабылдау, олардың өтініштерін шешу жұмысынан бір-екі ауыз сөз. 
Өткен жылы көктем айларында күн қатты жылынып, Ақмола облысының Оразақ ауылын қара су басып кеткенде бүкіл ел болып, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауыл тұрғындарын су жаңа баспанамен қамтамасыз етті. Еліміздегі ағайындық пен бауырмалдықтың, бірлік пен тұтастықтың, елдік пен татулықтың үлгісін бүкіл республика жұрты көрді. Ал сол ша­раның өз деңгейінде өтуіне, баспаналардың сапалы салынуына, өз иелерін табуына ықпал еткен, басы-қасында болып бақылау жүргізген, әрине, «Нұр Отан» партиясы болды.
Атап айтар болсақ, қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Бектұрғанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға манағы Оразақ ауылының қырыққа жуық тұрғындары келіп, салынып жатқан үйлердің сапасыздығы және биліктегілердің ол үйлерді апатқа ұшыраған ауыл тұрғындары емес, мүлде басқа адамдарға беріле бастағанын айтып, шағымданды. 
Мәжіліс депутаты дереу комиссия құрып, Оразақ ауылына барды. Депутаттық комиссия жұмысты онда жаңадан салынып жатқан үйлерді аралаудан, тұрғындармен сөйлесуден бастады. Өздері алып барған тәуелсіз білікті мамандардың пікірлеріне сүйене отырып, баспаналардың сапалы екендігіне көз жеткізді. Сосын ел-жұртты жиып, талқылап, пәтер иелерін ел алдында ашық түрде анықтап, тізімін бекітіп берді. Жұрт бұл тексеру мен әділдікке риза болып, қол соқты. 
Тағы бір есте қалған қабылдау – Өзбекстаннан кешіп келіп, Астана қаласының тұрғыны атанған бес баланың анасы           К.Байтерекова жайлы. Бұл кісіні Мәжіліс депутаты М.Әшімбаев қабылдады. Қабылдау барысында көпбалалы ана кәмелет жасына толмаған мүгедек екі баласына бірнеше жылдан бері мүгедектік тобын және оларға жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Көптеген мемлекеттік құзыретті органдардың есіктерін қағып, мәселесіне ешкімнің назарын аударта алмағанын тілге тиек етті. Депутат бұл мәселенің оң шешілуіне біраз тер төкті, ақыры оның екі баласына мүгедектік тобының берілуіне және айына 110 мың теңге жәр­демақы алуына қол жеткізді. Өтініш иесі партияға алғысын білдірді.
Депутат Б.Ізмұхамбетов өткізген қабыл­даудың да нәтижесі керемет болды. Бұл қабылдауға төрт адам келді. Жетпістің жиегіне келген Ш.Айшамайхан апамыз өзінің ерен еңбегінің арқасында бір бөлмелік пәтерге ие болғанын айтты. Дегенмен онда үш баласымен тұрып жатқанын, сол үшін баспанасын кеңейту бойынша көмек сұрап депутатқа жүгінді. Ал А.Аязбаева апамыз тұрмыс жағ­дайының нашарлығына байланысты әлеуметтік материалдық көмек сұрады. Ақсай қаласының тұрғыны, мүгедек бала асырап отырған С.Сырғанбаев атты азамат та коммуналды қарызының 700 мың теңге болғанын, оны төлеуге шамасы келмей, депутаттан көмек сұрап келгенін жасырмады. Бақтықожа ағамыз өтініш иесінің сөзін аяғына дейін тыңдап, өзінің сонау елуінші жылдардың ортасында-ақ, жастай ауыр еңбекке араласқанын, оның ішінде анасына көмек беруге талаптанғанын әңгімелеп өтті. Сол барыста талай қызметті атқарғаны жөнінде сыр шертті. Сөйтіп, депутат ағамыз қарттар күніне байланысты қабылдаудың сай келгеніне орай Аязбаева Айнабибі анамызға өз қалтасынан сол қабылдау үстінде 100 мың теңге көлемінде көмек берді. Мәжілісмен          С.Сырғанбаевтың мәселесін шешуге біраз  уақыт қажеттігін, онымен айналысатынын айтты. Кейін демеушілердің көмегімен                С.Сырғанбаев­тың да коммуналды қарызын жаптырып беріпті.
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Республикалық қоғамдық қабылдау бөл­месінде тұрғындар көбінде Мәжіліс депутат­тары З.Балиева, Г.Иксанова, Б.Смағұл және Н.Сабильяновтардың да қабылдауларында болғылары келетінін айтып, көп келеді немесе қоңырау шалады. 
Қысқасы, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Мұқтаж жандар мұңын шағатын, қысылған жандар арқа сүйейтін қорған іспетті.
Аталған бөлмеде жыл соңына қарай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған З.Мурадов және С.Абдрахманов,                 Н.Жұмаділдаева, Ш.Нурумов, Ю.Тимощен­колар да азаматтарды қабылдады. Өтінішпен келген әр азамат, ең кемінде, бір ауыз жылы сөз естіп, бағыт-бағдар алып жатса, ол да біздің жұмысымыздың жемісі саналмақ. Осындай қабылдаулар келесі жылы да өз жалғасын табатын болады.
Асқар ҚҰМАРБАЙ,
«Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдау
бөлмесінің консультанты