Тәуелсіздік тойына тартуымыз толымды

Тәуелсіздік тойына тартуымыз толымды
– Алтай Сейдірұлы, сізбен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында сұхбаттасудамыз. Егемендіктің ширек ғасырлық тарихына көз жіберсек, ақ Жайық өңірі еліміздің Батыс қақпасы ретінде қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын көруге болады. Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылында, яғни биылғы он айдағы облыстың экономикалық даму көрсеткіштері қандай?
– Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында транспорттық, энергетикалық, индустриалды және әлеуметтік инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономикалық өсімді ынталандыруды мақсат етіп қойды. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында ерекше маңызға ие. Ширек ғасырлық тарихымыздың нәтижелерін қорытындылайтын мәреге жеттік. Өңірімізде өтіп жатқан барлық шара осы мерейтойлық датаға арналып отыр. Ол жаңа үйлердің құрылысы, жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, оларды ауызсумен, жылумен қамту, жаңа кәсіпорындардың ашылуы және тағы басқа да әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге қатысты. Ал биылғы жылдың он айындағы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң динамиканы көрсетуде. Өңірде өндірілген жалпы өңірлік өнімнің көлемі 2,6%-ға артып, биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 838 млрд теңгені құрады. Инвестициялық қызметтің артуы, құрылыста өндіріс көлемінің өсуі, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы және өндірістік инфрақұрылымды, бизнес-бастамаларды дамыту жалпы өңірлік өнім өсімінің қарқын алуына ықпал етті. Осы кезеңде өңіріміздің экономикасына 300 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды (өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,6%-ды құрады). Кәсіпорындар өз қаражаттарын 1,3 есеге арттыру арқылы өсімге қол жеткізді. Инвестиция тартудың оң динамикасы тау-кен өндірісінде (34,1%), ауыл шаруашылығында (370%), құрылыста (320%) байқалады.
Осы жерде облысқа әлеуетті инвесторлар тарту бағытындағы жұмыстарды да айта кетейін. Биыл біз екі халықаралық бизнес форум ұйымдастырған едік. Солардың қорытындылары бойынша жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын бірқатар келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Smart City («Ақылды қала») бағдарламасы бойынша Ұлттық технологиялық даму агенттігімен өңірде қуат үнемдеу кешенін салу жөнінде келісім жасалды. «Стекло сервис» ЖШС финдік әріптестерімен есік-терезе шығаратын кәсіпорын ашуды қолға алды. Түркияның жеке инвесторлары Орал трансформатор зауыты базасында АВВ швейцарлық компанияның технологиясы бойынша электр техникалық жабдықтар шығаратын біріккен кәсіпорын құруда. Облыс делегациясының Иранға жасаған сапарының нәтижесінде алты меморандумға қол қойылды. Мысал үшін айтсақ, мұнай-химия саласында «Топан» ЖШС және ирандық Falizan Tasfyeh Co компаниясы (химиялық реагенттер өндірісі), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және ирандық Innovative Component Solution компаниясы (газ турбиналы қондырғы жабдықтары өндірісі) біріккен кәсіпорын құру бағытында келісті. Оралдық «Топан» компаниясы және сингапурлық Сhemical Industries компаниясы елімізде химиялық зауыт ашу үшін жұмыс жасап жатыр.
Елбасының тапсырмасына сәйкес өңіраралық кооперация шеңберінде өзге өңірлермен іскерлік байланыстар нығая түсті. Алматы қаласының, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бизнес қауымдастықтарымен кездесулер өтті. Мысалға, «Жәрдем» шаруашылығы Ақтау қаласына биылдың өзінде 150 тонна ет жеткізді. «Батыс Марка Ламб» компаниясы Атырауға өнім жеткізуге уағдаласса, «Каверин» ЖК тек қазан айында Атырауға 1,5 тонна өнім апарды. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары басшылығымен кездесуден кейін Оралда мұнай-газ саласына қажет болат құбырлар шығаратын біріккен зауыт салуға келісілді.
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша облыста өндірілген өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 триллион теңгені құрады (тау-кен саласында – 1,1 трлн теңге, өңдеу өнеркәсібінде – 101,5 млрд теңге). Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі осы жылдың шілде айындағы 55,6%-ы болса, қазан айында ол 98,5%-ды құрады. Өнімділік құрылыс саласында 21%-ға, машина жасау саласында 56%-ға, металлургия саласында 32%-ға артты. Облыс Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 8,5%-ын қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан республика бойынша 4-орындамыз. Өнеркәсіп секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 247,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға көп. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 13,6 млрд теңге бағытталды. Сыртқы инвестициялар 209,5 млрд теңгені құрады (50,8%-ға өсім).
– Орал өңіріндегі шағын және орта бизнестің даму қарқыны сізді қанағаттандырады ма? Облыста қанша инвестициялық жобалар жүзеге асуда?
– Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласында облыстың экономикалық белсенді халқының үшінші бөлігі жұмыс жасайды. Шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 40%-ын және бюджетке түсімдер көлемінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Тек биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестен түскен салықтық түсімдер көлемі 42,2 млрд теңгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 43%-ға жоғары.
Өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2 700-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылуда, бұл жалпы құны 335 млрд теңгенің 47 инвестициялық жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы 10 жоба іске қосылады (56,4 млрд теңгеге 522 жұмыс орнын құрумен) деп жоспарланса, қазір соның жартысы (48,2 млрд теңгеге 241 жұмыс орны құрылды) жүзеге асты. Жылдың соңына дейін қалған жобалар іске қосылуы керек. Жалпы, біздің міндетіміз – жаңа бизнес нысандардың құрылуына және дамуына толыққанды жәрдемдесу.
«Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламалары қолға алынғаннан бері кәсіпкерлерді қолдауға республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге, соның ішінде биыл 2 млрд теңге, ал ауыл-аймақтағы кәсіпкерлікті шағын несиелеуге 152 млн теңге бөлінді. Осы бағдарламалар негізінде 73 млрд теңгеге 611 жобаға қолдау көрсетілді, соның ішінде ауылдық жерлерден 27 млрд теңгеге 238 жоба болды. Биыл мақұлданған 107 жобаның 44%-ы ауылдық жерлерде іске асырылмақ. Кәсіпкерлер 26 мыңнан астам жұмыс орнын сақтай отыра, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрды.
– Биыл егін шығымы жақсы болып, диқандар қауымы қуанышқа кенеліп, облыстың да берекесі артқаны анық. Ақ Жайық өңірінің ауыл шаруашылығының жай-күйі турасында айтып өтсеңіз...
– Иә, биыл дәнді дақылдар алқабынан рекордты өнім алынып, 318 мың тонна астық бастырылды. Бұл 95,4 мың тонна жиналған өткен жылғы деңгейден 3,3 есе артық. Жалпы, ауыл шаруашылығында егін шаруашылығы өнімі өндірісінің 14,6 пайызға және мал шаруашылығы өнімі өндірісінің 3,8 пайызға артуы есебінен өндіріс көлемінің өсуі 8,3 пайызды құрады. Биылғы он айдың қорытындысына сәйкес облыстың ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім 105 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 8,3 пайызға артық. 61 мың тоннадан астам мал мен құс союға өткізілді (тірідей салмақта өсім 4 пайыз), 209 мың тонна сүт (өсім 3,8 пайыз), 130 млн дана жұмыртқа (өсім 3,4 пайыз) өндірілді. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін 9 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. «ҚазАгро» АҚ желісі арқылы 4,5 млрд теңге мөлшерінде несие қоры бөлінді, оның ішінде 1 млрд теңгеге 269 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары лизингке берілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2 мыңнан астам агроқұрылым 6 млрд теңгеден жоғары демеуқаржы алды. Ауылда 1400 жаңа жұмыс орны құрылды. Мал өнімдерін өндіру 3-4, төрт түлік саны 11 пайызға артты.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің тізіміне енгізілген 33 түрлі тағам өнімдерінің 24 түрі жергілікті тауар өндірушілерімен өндіріледі. Облыс тұрғындары оның тоғыз түрі бойынша толықтай жергілікті өніммен қамтамасыз етіледі (1-сұрыпты нан, вермишель, лапша, рожки, сиыр еті, қой еті, қызылша, пияз, картоп).
– Бүгінде батысқазақстандықтардың қанша пайызы орталықтандырылған ауыз- сумен қамтылып отыр?
– Биыл облыстың барлық ауданын аралап шықтым. Осы сапар барысында халық ауыл тұрғындары су мәселесін жиі көтерді. Бүгінгі таңда орталықтандырылған су жүйесіне облыстағы 443 елді мекеннің 163-қосылған, яғни 36 пайызы. Қазіргі уақытта алты сумен қамту нысанының құрылыстары жүріп жатыр. Олар Қазталов ауданындағы Қазталов, Нұрсай, Жалпақтал, Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын, Жәнібек ауданындағы Жәнібек, Жаңақала ауданындағы Пятимар ауылдары. Таяуда Нұрсайдағы су нысаны іске қосылды.
Су мәселесі бойынша 5 қазанда Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшыларының қатысуымен өткен аймақаралық форумда Жайық өзенінің экожүйесін сақтау жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Мұның біз үшін маңызы зор. Себебі, облыстың 87 елді мекені аталмыш өзеннің жағалауында орналасқан.
Орайы келіп тұрғанда, өңірде суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жөнінде де айта кетейін. Елбасының суармалы жерлерді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасы бар. Осыған сәйкес облыс көлеміндегі барлық ирригациялық құрылымды есепке алып, жобалық сметалық құжаттарын дайындап, ішінара жөндеу жұмыстары басталды. Мәселен, Сырым ауданына жасаған сапарымның барысында тұрғындар тарапынан Шолақаңқаты су өткізгіш қондырғысын қалпына келтіру туралы ұсыныс айтылды. Салынғанына 50 жылдай уақыт болған бұл қондырғы соңғы жылдары жөндеу көрмей, істен шыққан болатын. Тұрғындар тілегін ескеріп жөндеу жұмыстары қолға алынды. Биыл бөгетті жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, бөгетті қалпына келтіруге қажет қаржы 103,3 миллион теңгені құрап отыр. Биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарына 5,6 миллион теңге бөлінді. Сырымдағы Өлеңті көлдетіп суару жүйесі де жөндеуден өтіп жатыр. Жалпы, су тоқтатқыш қақпалар жаңартылып, бөгет қалпына келтірілсе, көктем мезгілінде судың мол қоры жиналмақ. Соның нәтижесінде, мыңдаған гектар шабындық жерге су шығарылады. Бұл өз кезегінде мал өсіретін шаруа қожалықтарына арзан әрі сапалы мал азығын жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің кәсіпкерлері бұл жерлерге мал бордақылау алаңдары мен құс фермаларын салуға, балық шаруашылығын қалпына келтіруге ниет білдіріп отыр. Облыс аумағында орналасқан барлық осындай ирригациялық құрылымды қалпына келтіруге қаражат бөлініп, құжаттамалары дайындалуда. Жобалық-сметалық құжаттамалар жасауға облыстық бюджеттен 106 млн теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін төрт ауданда (Теректі, Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала) 92 млн теңгеге 65 су шаруашылығы нысанының құжаттары, сонымен қатар 14 млн теңгеге 3 аудандағы үш су шаруашылығының сметалық құжаттары дайындалады. Өңірдегі аумағы үлкен ауданның бірі саналатын Қазталовтың суландыру жүйесінің негізін Ресей жерінен бастау алатын Қараөзен және Сарыөзен өзендері құрайды. Сол себепті аудан тұрғындары ресейліктерден артылған суға ғана қанағат қылып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне суды сатып алуға бюджеттен біраз қаржы бөлінеді және судың бағасында да өсім бар. Осы мәселені шешу бағытында ұзындығы 10 шақырымды құрайтын Киров су қоймасы мен Көшім су арнасы қалыпқа келтіріліп, Қараөзенге су арнасы тартылып жатыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 827 миллион теңге бөлініп, қазіргі күнде бұл жұмыстардың екінші кезеңі іске асырылуда. Ал өңіріміз үшін маңызды Киров – Шежін каналын қайта жаңғырту жұмысының 1-кезеңі (55 шақырым) аяқталды, жыл соңына дейін 75 шақырымдық 2-кезеңі аяқталады. Енді 49 шақырымдық 3-кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл жұмыстарды жүзеге асырсақ, өңірімізде бірнеше мыңдаған гектар суармалы жер пайда болады. Осылайша, ауылдық жерде қоныстанған, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолда бар барлық мүмкіндікті жасауға ниеттеніп жатқан жайымыз бар.
– Бәрекелді, ауылдағы ағайын үшін бұл үлкен игілікті іс екені сөзсіз. Алтай Сейдірұлы, соңғы кезде облыста жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның арқасында облыс орталығымен қатқыл табанды жол арқылы байланысатын аудандардың саны артты. Қалған аудандар мұндай игілікті қашан көреді?
– Дұрыс айтасыз, автожолдарды жөндеуге, ұстауға біз баса мән беріп отырмыз. Мәселен, биыл бұл жұмыстарға 16 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Республикалық маңызы бар Орал – Тасқала («Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша,) Чапаев – Жалпақтал – Қазталов, Қазталов – Жәнібек және Орал – Атырау (кейбір бөліктері), сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар Чапаев – Жаңақала, Ақсай – Шыңғырлау, Аңқаты – Сарыөмір, Жымпиты – Қаратөбе, Орал – Кирсанов бағытындағы және Бұлдырты ауылдарына кіреберіс жолдар кестеге сай жөнделуде. Чапаев – Жаңақала, Ақсай – Шыңғырлау, Жымпиты – Қаратөбе бағытындағы жол бөліктерін күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстарынан кейін Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала сынды үш аудан орталығы Оралмен байланыстыратын асфальтты жабынды жолға қосылды. Көп кешікпей қалған үш ауданның орталықтары, яғни Қазталов, Жәнібек және Сайқын олардың қатарын толықтырады. Сонда өңірдің барлық аудан орталығы Орал қаласымен қатқыл табанды жол арқылы байланысатын болады. Облыс орталығында жалпы ұзындығы 18 шақырым 16 көшенің жолы жөнделді. Сегіз көшенің жол құрылысы келесі жылы жалғасады. Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына 38 шақырымдық Бөрлі – Ақсай жолы жөндеуден өтті. Осы жерде айтып өтейін, жолдарға күрделі жөндеу жүргізілген соң қар тұрып қалатын жол бөліктерінің қатары айтарлықтай азайды. Бұл қысқы уақыттарда жолаушылардың қауіпсіздігіне оң әсерін беретіні, жолда төтенше жағдайлардың болмауын қамтамасыз ететіні анық.
– Өңірде құрылыс жұмыстарының да қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биыл көптеген отбасы қоныстойын тойламақшы. Жалпы, бұл бағыттағы жоспардың орындалуы қалай? Қанша әлеуметтік нысан бой көтерді? Аудан, ауылдарда мектеп, аурухана, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарды жаңартып-жаңғырту барысы қалай болып жатыр?
– Орындалған құрылыс жұмыстарының ауқымы 9%-ға өсіп, ол тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту есебінен 80,8 млрд теңгені құрады. Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджеттен құрылыс саласына 20 млрд теңге қаржы бөлінді. Барлық қаржыландыру көздері арқылы 210 мың шаршы метрден астам тұрғын үй іске қосылды. Яғни, жылдық жоспар 111%-ға орындалды. Тұрғын үй құрылысына 17 млрд теңге бөлінді. Биыл «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы, «Бәйтерек» холдингі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бойынша 14 көппәтерлік үй (1 265 пәтер) және 22 бір бөлмелік үйлер пайдалануға (Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары) берілді.
Жыл аяғына дейін 1500 батысқазақстандық отбасы баспаналы болады. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңір тұрғындарына жақсы тарту екені белгілі. Одан басқа Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарына «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен келесі жылы тоғыз қабатты 153 пәтерлік екі тұрғын үй салынады және биылғы жылдың аяғына дейін бір қабатты усадьбалық үлгідегі 100 үй, желтоқсанда 320 орындық балабақша, Ақсай қаласында және Аралтал ауылында мектептер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл Шыңғырлау ауданының орталығы мен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында балабақшалар ашылды. Зеленов ауданының Озерный ауылында және Қазталов ауданының орталығында білім ұяларының құрылыстары жүруде. Ал таяуда Орал қаласында екі мектептің іргетасы қаланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 215 әлеуметтік нысанмен инфрақұрылымға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 5,3 млрд теңге бөлінді. Біз бұл қаржыны аудандарға бағыттадық. Соның нәтижесінде, біраз нысандар жөнделді және ауылдарда 2000 жұмыс орны ашылды. Мысалы, 1972 жылы салынған Ақжайық аудандық ауруханасында ауданның 42 мың тұрғынына медициналық қызмет көрсетіледі. Міне, осы нысанға алғаш рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Теректі ауданының Приречный ауылындағы білім ұясы – 49, Қазталов ауданының Нұрсай ауылындағы орта мектеп 30 жылдан бері жөндеу көрмеген еді. Қазір олар жаңа кейіпке енді. Елбасының тікелей қолдауының арқасында балаларымыз заман талабына сай ауыл мектептерінде білім нәрімен сусындауда. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында облыс бойынша 59 орта мектеп пен 17 балабақша салынды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл Орал қаласында қосымша 680 орындық сегіз жеке балабақша, Ақжайық ауданының Чапаев ауылында 35 орындық екі балабақша ашылды. Осылайша, 2010 жылы ашылған үш жеке балабақша биыл 24 бөбекжайға жетті. Ал үш пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 99,7 пайыз мөлшерінде.
– Алтай Сейдірұлы, сіз Орал қаласындағы емханаларды аралап, ондағы кезек мәселесін күн тәртібіне қойғаннан кейін бұл мәселе реттелген сияқты. Сондай-ақ «Жедел жәрдем» көліктерінің паркін жаңартуға да ұйытқы болғаныңызға көпшілік риза. Бұдан басқа денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында қандай іс-шаралар қолға алынуда?
– Денсаулық сақтау саласында алғашқы дәрігерлік-әлеуметтік көмек тәжірибесі қолға алынуда. Бұл тұрғындарды медициналық көмекпен қамтуды ұйымдастыру жүйесінің орталық звеносы болады. Келесі жылы аталмыш бағдарлама бойынша Орал қаласындағы барлық емхана мен кейбір ауылдық емдеу мекемелері жұмыс істемекші.
Емханалардағы кезекті азайту мақсатында электрондық кезекті басқару жүйесін енгізудеміз. Соған орай жергілікті бюджеттен 140 млн теңге бөлінді. Мұндай жүйе әзірге Орал қаласындағы №6 емханада іске қосылды, көп кешікпей барлық емханада жүзеге асырылмақшы. Сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Облыстағы 37 медициналық ұйымда дәрігер қабылдауына интернет арқылы алдын ала жазылуына болады және пациенттің электронды картасы жасақталуда.
Жекелеген ауылдық жерлерде үш жылжымалы мобильді кешен, флюрографиялық кешендер, стоматологиялық қондырғылар жұмыс істейді. 40 мыңнан аса адам осы кешендерден дәрігерлік көмек алды. 10 телемедициналық орталық базасы арқылы облыстық клиникалардың мамандары қашықтан кеңес беру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Орал қаласындағы «Жедел жәрдем» стансасының жұмысымен танысқан кезімде автокөлік паркін жаңарту мәселесі көтерілген еді. Соған орай 56 автокөлік, соның ішінде 17 бірлік реанимобиль сатып алынды. Сөйтіп, «Жедел жәрдем» көлігімен және санитарлық авиациямен қамтылу 80%-ды құрады.
Денсаулық сақтау саласы нысандарының медициналық жабдықтармен жабдықталуы 77,6%-дан 79,5%-ға дейін көтерілді. Дәрі-дәрмекпен қамтуға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бағытталды. Бұл 83 мыңнан астам адамды тегін дәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жыл өткен сайын дәрігер мамандардың тапшылығы азаюда. Биыл облысқа 97 жас маман дәрігер келсе, солардың 49-ы ауылдық жерлерге қызметке тұрды.
– Елбасы Жолдауда бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың 30 пайызын спортпен және дене тәрбиесімен қамту туралы міндет қойғаны белгілі. Облыста бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
– Облысымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген іс-шара қолға алынып, жүзеге асуда. Бүгінде 159 мың батысқазақстандық, яғни тұрғындардың 25,3 пайызы спорттың әр түрімен айналысады. Өңірімізден шыққан Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова, Абзал Әжіғалиев секілді спортшыларымыздың жетістіктері мыңдаған ақжайықтық жастардың дене тәрбиесі және спортпен шұғылдануға шабыт беріп, рухтандырғаны анық. Қазіргі таңда өңірімізде 1 553 спорт нысаны бар, оның басым көпшілігі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Мәселен, биыл Қазталовта аудандық орталық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы құрылды, онда 157 спортшы бар. Жақын арада «ҚПО б.в.» компаниясының қолдауымен Орал қаласындағы «Юность» стадионында жасанды мұз айдынының құрылысы басталды. Келесі жылы Орал қаласында 30 спорт алаңын ашу жоспарда бар.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай өңірде қандай айтулы іс-шаралар өтпекші? Жалпы, жыл соңына дейін қандай нысандарды ашу жоспарланып отыр?
– Облысымызда «25 жұлдызды күн «Ұлы дала елі» – Тәуелсіздіктің 25 тірегі» атты акциясы бастау алды. Соған орай 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында облыстық деңгейде 52 ірі іс-шара, аудандық деңгейде 400-шара өткізіледі. Олардың арасында «Тәуелсіздік – ел тірегі» патриоттық форумы, «Кемел келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты республикалық ақындар айтысы, «Жыл үздігі» жастар байқауы секілді маңызды шаралар бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін индустрияландыру күні аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Орал қаласында Тауарлы бекіре және қара уылдырық өндіретін бекіре тұқымды балықтардың ғылыми-технологиялық аквамәдени кешені ашылады. Жылдың аяғына дейін облыс орталығында жастар және оқушылар сарайының, 300 орындық қалалық аурухананың ашылу салтанаты болады. Ақсай қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені іске қосылады. Мұның барлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналады.
Жалпы, тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, іргелі істермен айшықталды. Бұл сөз жоқ, елдіктің жемісі, Елбасының жеңісі. Осы жолда бірлігіміз бекем, іргеміз берік, керегеміз кең, шаңырағымыз биік болсын!
– Айтқаныңыз келсін! Еліміздің ширек ғасырлық мерейтойы құтты болсын! Сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіріп, қызметіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқандар:
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ