Негізгі бет  /  мақалалар  /  Трампты кім тоқтатады?

Трампты кім тоқтатады?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1300
Трампты кім тоқтатады? АҚШ-тың дипломатиялық корпусы сайланған президенттің ұлықтау рәсімі өтпей жатып-ақ әлемнің « менмін» деген лидерлерімен телефон арқылы тілдесе бастаған Дональд Трамптың әрекетіне алаңдап отыр.

Бірден әңгімеге көшер болсақ, Трамп Тайвань президенті Цай Инвэньмен сөйлескен. Бұл  АҚШ  пен Тайвань басшылары  арасындағы 1979 жылдан кейін болған бірінші тілдесу. Дәл сол 1979 жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас үзілген.   Содан бері 37 жыл өтсе де АҚШ пен Тайвань арасында жылымық орнай қойған жоқ.

Халықаралық дипломатиядағы  қасаң қағиданы өрескел бұзып, Тайвань жетекшісімен тілдескен Трамп «қос тарап арасында алдағы уақытта қарым-қатынас жақсаратынын» айтқан. Аталған кездесуге Тайванның Сыртқы істер министрі Дэвид Ли мен ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Джозеф Ву қатысқан.

Жалпы бұл әңгімеге назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Бірақ сарапшылар Трамптың Тайвань басшысымен сөйлесуі Қытаймен арадағы жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деген болжамды айтуда. Америкалық кейбір баспасөз құралдарының айтуынша,  ресми Пекин бұл әңгіме қатысты Ақ үйден түсініктеме беруді талап еткен. Барак Обаманың әкімшілік бөлімінің жетекшісі Тайвань басшысының Трамппен телефон арқылы тілдесуін кеш білгенін хабарлаған. Осы уақытқа дейін Ақ үй Тайвань  Қытайдың қоластындағы ел болғандықтан дипломатиялық келіссөзден бас тартып келген. Енді міне мәселенің ақ-қарасы мен  анық-қанығын білмей жатып, Трамптың Тайвань басшылығымен тілдесуі Ақ үй үшін түсініксіз болып отыр.

Сондай –ақ жаңадан сайланған президент қаңтарда ұлықтау шарасы өткен соң Пәкістанға  баратынын да мәлім еткен. Барак Обаманың  8 жылға созылған президенттік лауазымы тұсында Пәкістанға барудан мүлдем бас тартқанын ескерсек, Дональдтың бұл дүмше тірлігін қалай түсінуге болады? Америкалық дипломатиялық корпусты алаңдатып отырғаны да осы. Сондай-ақ Трамптың жапон премьері Синдзо Абэмен кең форматта сөйлесуі де Ақ үйдің мамандарын мазасыздандырып отыр. Бірқатар вашингтондық танымал әрі беделді саяси сарапшылар  Трамп Ақ үй мен АҚШ мемлекеттік департаменті бекіткен тәртіп пен әдепті сақтағаны дұрыс деп санайды. Сондықтан Ақ үй бұл туралы Дональд Трампқа  алдын ала ескерту жасап, әлемдік басшылармен бекітілген регламент бойынша тілдесуі тиіс деп есептейді.

Бірақ бұдан ығатын  Трамп емес. Қазірдің өзінде ол әлемнің оннан астам мемлекетінің башыларымен сөйлесіп үлгерді.

...Енді Трампты кім тоқтатады?!.