Негізгі бет  /  мақалалар  /  МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ

МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ

Айқын-ақпарат
1076
МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ Елбасы Н.Назарбаев ұсынған Мәңгілік ел идеясының шеңберінде өмірге келген «Серпін–2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы Қазақстанның бүгіні мен келешектегі дамуына қосатын өзіндік әлеуметтік және экономикалық маңызы зор.

Жобаның әлеуметтік мақсаты – оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялық-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жағдай жасап, демографиялық өсімі жоғары әрі жұмыс ресурстары қалыптан тыс артық қалыптасқан күнгейдегі, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге жәрдем беру. сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбастарына мемлекеттік грант есебінен білім алу мүмкіндігін тудыру және оңтүстік пен солтүстік арасындағы тілдік, рухани таным шеңберіндегі сан алуандылықты, ұлттық бірізділікке бағыттау. Ал экономикалық маңызының басты арнасына мемлекеттік индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерді жұмыс күшімен, ұлттық кадрлармен қамтамасыз ету.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мем­лекеттік университеті 2015 жылдан бас­тап «Серпін – 2050» әлеуметтік жоба­сын жүзеге асырушы ЖОО ретінде бел­гі­лен­ді. Аталмыш жоба шеңберінде оқу ор­­нында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қа­­зақстан, Қызылорда облыстарынан кел­ген 570 жас өрендер білім алып жатыр. Ел­басы үндеген, жұрты қолдаған жобаны көңіл­деріне арқау етіп, Қостанай мем­ле­кет­тік университетіне білім алуға келген сер­піндіктердің басым көпшілігі – Оң­түс­тік Қазақстан облысының тумалары. Олар­дың саны – 325. Бұдан кейінгі орын­да Сыр бойының жастары (Қызылорда об­лысы) – 128. Алматы облысынан 67 жас өрен келсе, Жамбылдан 50-ге жуық жас тү­лектер білім алуда.
Оқу ордасы тарапынан серпіндіктерге бі­лім грантының иегерлері ретінде уни­вер­ситеттің жатақханасынан орын ұсы­ныл­ды. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті 538 сту­дент пайдалануда. 
«Серпін – 2050» жобасы негізінде бі­лім­денуші студенттердің отбасылық әлеу­меттік тұрмыс жағдайы әртүрлі. Асы­рау­шы отбасы мүшенің (ата-анасы) т­олық немесе толық еместігі тұрғысынан ба­ғамдағанда, серпіндіктер арасында екі сту­денттің ата-анасы жоқ болса, 45 сту­дент толық емес, қалған 523  то­­лық отба­сы­нан шыққан. Толық жа­нұя­дан шық­қан­дардың 140 білімденушісі, яғни үлес­тік тұрғыдан 26% көп балалы (бала саны 4-тен кем емес) отбасында, 10 сту­­дент бала саны 5-тен жоғары отба­сын­да дүниеге келген. Ал бала саны үш не­месе үштен кем отбасы – 421.
Ал ата-ананың жұмыспен қамтылу көр­сеткіші мынадай деректерді алға тар­тады: мемлекеттік білім грантына ие бол­ған серпіндіктер арасында 77 отбасы мүл­­дем жұмыссыз болса, ал 141 отбасы­ның (қос ата-ананың) бір асыраушысы – жұмыссыз. Сонымен қатар 11 студент зе­й­неткерлер отбасынан, 14 студенттің ата-анасының бірі – зейнеткер.
Қалалық және ауылдық мектептердің үлес салмағында да елеулі айырмашы­лық­тар бар. 2016-2017 жылғы білім гран­ты­ның байқауына енгізілген жаңа ережеге сәй­кес, биылғы 1-курсқа қабылданған сер­піндіктердің 100% ауылдық мектептің тү­лектері болса, ІІ курс арасында бұл көр­сеткіш 82% (355 студент) шамасында. Жал­пы алғанда жобадағы қалалықтардың үлесі – 8,7%. 
«Серпін – 2050» жобасының әлеумет­тік картасына зер сала отырып, бұл Ел­ба­сы­ның тапсырмасымен қолға алынған жас­тар саясаты бағытындағы ең бір сәтті әлеу­меттік жоба екені айқын. Сарапшы­лар­дың пайымынша, мемлекет тарапынан бөлінген бір білім гранты отбасына 700-750 мың теңге инвестиция құйғанмен па­ра-пар екен. Олай болса, жұмыссыздық көрінісі терең оңтүстік өңірдің отбасы мен жастарына Үкімет «Серпін – 2050» әлеу­меттік жобасы арқылы қомақты ин­вестиция салып отыр. Түптеп келгенде, бұл – адам капиталын дамытуға қосқан үл­кен үлес. Ендігі мәселе сол инвес­тиция­ның әлеуметтік және экономика салалары ар­қылы қайтарымы болу жолын ойлас­тыру – мемлекеттік мекемелер тұтқасын ұстап отырған қызметкерлердің азамат­тық парызы.
Универсиетет «Серпін – 2050» жоба­сы­ның мемлекеттік маңызын, әсіресе, оның әлеуметтік астарын, оңтүстік жас­тары­ның солтүстіктің өзіндік тұрмыстық, мен­тальдік ерекшеліктеріне бейімделу үрдісінің бірыңғай «тегіс» болмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан жоба негізінде білімденуші жастарға жан-жақты қолдау көр­сетуге ұмтылып, серпіндіктерге уни­верситеттегі ортақ іс-шаралардан бөлек өл­ке­тану, тұлғатану сипатындағы тақы­рыптық кездесулер, арнайы психология­лық тренингтер, салауатты өмір сүру сал­тын қалыптастыру мақсатындағы ша­ралар жүргізіледі. Сонымен бірге, олар­дың болашақта бәсекеге қабілетті ма­ман ретінде қалыптасуын оқу үрдісі мен мәдени-тәрбие салаларын тең ұстау ар­қылы жүзеге асыруға ұмтылып отыр. 
Серпіндіктер иеленген мемлекеттік грант­тар инженерлік, ақпараттық техно­лог­иялар және ауыл шаруашылығы мен оны өңдеу, ветеринария бағытындағы 14 ма­мандыққа бөлінген. «Серпін – 2050» жо­басы жүзеге асырылып жатқан маман­дықтардың оқу мазмұны индустриялық-иновациялық бағдарлама негізінде жүзеге асырылып жатқан кәсіпорындардың өн­дірістік жұмыс бағытына үйлестіріліп, оқу орны жергілікті жердегі өндірістік кә­сіпорындармен дуальды оқыту жүйе­сінің тиімді үрдісін қалыптастырған. Бұл орайда, университет «Сарыар­қаав­топ­ром», «Агромаш Холдинг», «Агротехмаш», «Иволга холдинг», «Қарасу ет», «Жас қа­нат», «ДЕП», «Баян сұлу», «Новый де­­нь» сынды машина жасау және ауыл шаруа­шылығын өңдеу өндірістің ірі кәсі­порындарында кафедра филиал­дарын ашып, олармен тізе қоса отырып, нарық­тық бәсекеге қабілетті маман­дар­ды дайын­дауды бірлесе жүзеге асырып ке­леді. 
Университетте иновациялық индуст­рия­ландыру бағдарламасының басым бағыт­тарына енген аталмыш кәсіпорын­дар­ға қажетті инженер, технолог, ауыл­шауа­шылығы саласы мамандарын дайын­даудың көпжылдық тәжірибесі бар. Оның үстіне А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ – Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – бо­ла­шаққа бастар жол» Жолдауында бел­гілен­ген экономиканы индустрия­лан­дыру бағдарламалары шеңберіндегі өндіріс орындарына бәсекеге қабілетті мамандар дайындауды қамтамасыз ететін арқаулы 11 ЖОО қатарына енген оқу орны.
«Нұрлы жол» бағдарламасы қазіргі таң­да өз жемісін беріп, университеттің оқу үрдісінде заманауи ғылым мен білімді ұштастыра дамытуына оң ықпалын ти­гізуде. Бағдарлама шеңберінде бөлінген қара­жаттар арқылы университет шетелдік білікті мамандарды иновациялық эко­номиканың жаңашыл бағыттары бойын­ша білім-тәжірибелермен бөлісуге шақы­рып, профессорлық-оқытушы құрамын шет­елдің беделді оқу орындары мен ғы­лыми орталықтарында біліктілікті көтеру, тәжірибе алмасу курстарында дәріс алуға мүмкіндік жасады және иновациялық өндірістің мазмұны мен бағытына ілесе алатын заманауи лабораториямен жасақ­тауға қол жеткізді. 
Білікті мамандар, берік шетелдік бай­ланыстар және мықты материалдық-тех­никалық база, заманауи лабора­тория­лар, жергілікті индустриялық-иновациялық кә­сіпорындармен жүргізіліп жатқан қоян-қолтық жұмыс – «Серпін – 2050» жо­басы бойынша білім алып жатқан жас­тарға да болашақ мамандығының қыр-сырын терең меңгеруге, нарық айды­нында бәсекеге қабілетті болуға кең жол ашары сөзсіз.Мәңгілік елдің басты мұра­тының бірі – білікті, іскер, отаншыл жас азаматтар қатарын қалыптастыру. Бұған «Сер­пін – 2050» жобасының қосар өз үле­сі бар.

Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ, 
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры