Басты  /  мақалалар  /  Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым

Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым

Айқын-ақпарат
2125
Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, қоғам қайраткері:

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдап, ел іргесінің бекітілуіне, жас мемлекеттің аяғынан нық тұруына өлшеусіз үлес қосқан атпалдай азаматтардың ерен еңбектері елеулі. Бұл ретте, Жамбыл облысынан ҚР Парламенті Сенатының 1995-2002 жылдардағы екі бірдей шақырылымында депутат болған белгілі саясаттанушы, бүгінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы Мемлекет басшысының еңбегін айрықша бағалайды.
– Әлбетте, бұл күн біршама уақыттың ішінде үлкен мерекеге айналып отыр. Себебі Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Расында, тұғыры биік Тәуел­сіздігіміз ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен сабақтас. Біз тәуелсіздік дегенде – әуелі 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен тұңғыш Президент сайлауынан айналып өте алмаймыз. Өйткені бұл бүкілхалықтық сайлау Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын, қазақ елі енді Қазақ­стан басшысы тек орталықтың пәр­менімен тағайындалмайтынын көрсетті. Бұл – бір. Екінші, Елбасының тарихи дамуымыздағы рөлі. Бұл жөнінде айтпас бұрын мыналарды еске алайықшы.Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай аса күрделі еді. Дәл бүгінгі өмір өңіміз түгіл, түсімізге де кірмеген. Десе де, Елбасының көреген саясатының ар­қасында қазақстандықтардың өмірі тез өзгерді. Міне, бүгінде егемен еліміз әлемнің озық елдерімен бәсекеге түсіп отыр. Қазіргі таңда дүние жүзі халқы әлем картасынан Қазақстанды, оның Прези­дентін, елордасын жазбай таниды. Болашақты болжай білетін Елбасымыз ә дегеннен экономика, әлеуметтік сала, ішкі және сыртқы саясаттағы іске асқан ренессанстық құбылыстар Қазақстан қоғамын түпкілікті өзгертіп, оның әлем­дегі беделін арттырды. Жас мемлеке­тіміздің қысқа уақытта қол жеткізген жетістіктері көптеген елдердің бір ғасыр­дан астам уақытта жетпеген көрсеткіштері деуге негіз бар. Мысалы, табиғи байлығы мол Оңтүстік Америка құрлығындағы елдердің бодандықтан құтылған бір ғасырдан астам уақыттағы даму жолын Қазақстан 15-16 жылда басып өтіп, дү­ниедегі озық 50 елдің қатарына қосылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен сара басшылығының арқасында мүмкін болды. Тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің болашағын анықтайтын, қоғамның жан-жақты дамуының басты басымдықтарын зерделейтін негізгі заңымыз Конституция қабылданды, қос палаталы Парламент экономикалық – әлеуметтік дамудың негіздерін қалады. Егемендіктің алғашқы елең-алаң жылдарында қазақ елін әлемдегі барлық мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде таныды, сексеннен астам халықаралық ұйымның мүшесі болды. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың қазақтың жаңа тарихындағы асқан рөлін дәлел­дейді.
Ерман ӘБДИЕВ, 
Тараз