Негізгі бет  /  мақалалар  /  Партия ұжымдық өтінішті де аяқсыз қалдырмайды

Партия ұжымдық өтінішті де аяқсыз қалдырмайды

Айқын-ақпарат
695
Партия ұжымдық өтінішті де аяқсыз қалдырмайды Атырау «Атырау облыстық кәсіподақтар Орталығы» аумақтақ кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Диас Сұлтанов «НұрОтан» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдау жүргізді.

Келушілердің өтініштері негізінен әлеуметтік жағдайларға қатысты болды. Айталық, зейнеткер Шолпан Сатанова 2015 жылы жол апаты оқиғасында көлік ішінде анасымен болған 15 жастағы немересі Ерланның денсаулығы үшін қаржылай көмек сұрай келіпті. Жол апатында қайтыс болғандардың арасынан Ерлан аман қалғанымен, оның ішкі ағзалары мен бел омыртқасы сынып қатты жарақат алған. Облыстық ауруханада астаналық дәрігерлердің қатысуымен және демеушілердің көмегімен Түркия елінде де омыртқасына ота жасатқан Ерлан І топтағы мүгедектігімен Астана қаласына 4 рет квотамен емделуге барған. Алайда ем нәтижелері жасөспірімнің орнынан тұрып кетуіне көмек болмады.

– Астанаға төрт рет барып, ем нәтижесі болмағандықтан Атырау қаласының өзінде емделуге шешім етіп отырмыз. Келінім жол апатынан қайтыс болған соң, балам ішімдік ішіп, жұмыстан шығып қалды. Қазір бір қыз,бір ұл немерем менің тәрбиемде. Кенже ұлым төсектен өздігінен тұра алмайтын немеремді бағу үшін жұмыстан шығып, үйде отыр. Қыз бала немерем ақылы оқуда. Бұрын «НұрОтанға» келіп көмек сұраған емеспін. Қазір жағдайымыз болмаған соң, көмек сұрап келіп отырмын. Немеремнің емделуіне қаражат таппай қиналып қалдық. Ем тоқтаса мүгедек немеремнің де өмірі қыл үстіңде болады.Осыны уайымдаймын, -деген Шолпан апаға қоғамдық қабылдауда тұрғындар өтінішін қабылдап отырған облыстық мәслихат депутаты Диас Бауыржанұлы ақшалай көмегін берді.

Немересінің емі жалғасарына қуанған Шолпан Сатанова депутатқа алғысын айтты.

Осы қабылдауға келген Айгүл Әліпқалиева жолдасынан ажырасқан, 4 баланың анасы, балаларына қысқы киім алуға көмек сұраса, ІІ-топтағы мүгедек Айгүл Бисенова да киім алуға көмек сұрап, үй кезегіндегі кезегінің жылжымай тұрғанына қынжылыс білдіре келіпті.

Тұрғындарды қабылдап, өтінішін тыңдаған депутат Диас Сұлтанов оларға көмек көрсетілетінін, алайда А.Бисенованың үй кезегіне қатысты шешімді тек қала әкімі қабылдайтынын айтты.

«НұрОтан» облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына «Теңізшевройл»ЖШС-не қарасты мердігер «ЮСС Супорт Сервисез»ЖШС-нің транспорттық сервис бөлімінің бір топ жұмысшылары ұжым атынан арыздана келіпті. Жоғары дәрежелі көлік мамандары Амантай Жакупов, Оңдас Ахметов, Қален Мендигалиев, Сейітқали Тойлыбайлардың айтуынша, басшылық көлік қызметін көрсететін жүргізушілерге талап қойылған құжатқа қол қоюды міндеттеген. Ешбір лауазым иесінің тегі көрсетілмеген, мердігер компанияның мөрі де жоқ, өздерімен келісілмеген құжаттағы талаптардың кейбіріне қарсылық білдірген жұмысшылар, осы құжатқа қол қоюды міндеттеп, өздерінің кәсіподақ төрағасы Марал Көшеновке де қысым жасалуда деп болжам жасап отыр. Тіпті мердігер компания көлік ішінде аудио және бейне жазбалар жазатын құрылғы орнатқан. Қанша қауіпсіздікті ескергенмен де бұл шектен шыққандық деп есептейтін көлік жүргізушілер өз талаптарының оң шешімі табылғанша байыз таппайтындарын айтты.

«Атырау облыстық кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Диас Сұлтанов «ЮСС Супорт Сервис»ЖШС мердігер компаниясындағы осы жайттан хабардар екенін айтты.

– Мен бұл мәселені білемін. Біз «ТШО» компаниясы өкілдерімен сөйлестік. Алайда мердігер компания бізбен жолығып, мәселені шешуге ынталы болмай отыр. Сондықтан, біздер қазір осы шағымдана келген адамдармен бірге Еңбек инспекциясына барып, басшылармен ақылдасып, қандай шара қолдануға болатынын ақылдасатын боламыз. Ең бастысы, бұл мәселе ушығып, оның арты наразылыққа ұласпас үшін жағдай жасауға шешім қабылдайтын боламыз, – деді Диас Сұлтанов.

Сайып келгенде, қоғамдық қабылдауға шағым айтып, көмек сұрай келген жандардың барлығының өтініштері аяқсыз қалмайтын болды. Ұжымдық арыздың да мәселесі оң шешім табарына сенімдіміз. 

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Атырау облысы