Негізгі бет  /  мақалалар  /  Партия мұғалімдермен толықты

Партия мұғалімдермен толықты

Айқын-ақпарат
618
Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер «Нұр Отан» партиясына мүше болды. Тұңғыш Президент күні қарсаңында, оларға Ақтөбеде партия билетін салтанатты табыстау рәсімі өтті.

 «Нұр Отан» партиясының қатары күн өткен сайын толығып келеді. Қазіргі уақытта партияның қалалық филиалына 18 мыңнан астам адам мүше. Олар 81 бастауыш партия ұйымы мен 363 бастауыш партия тобына кіреді. Бір ескере кетерлігі, партия мүшелерінің саны емес, сапасы артқан. Жастардың да белсенділігі жоғары.

«Нұр Отан» партиясына мүше болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Партия мүшесі жобаларға қатысып, балаларға, мүгедектер, ардагерлерге көмектесуге қол ұшын созуы тиіс. Сонымен қатар, игі істердің басында жүріп, сыбайлас жемқорлықпен күресте белсенділік танытқан жөн. Үлкен сенім артып, партия билетін табыстап отырмыз. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдап, ел ішінде қолға алынған стратегиялық бастамаларды іске асыруға көмектесеміз», – деді партияның қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин.

Партия қатарына алынған мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерге арнай естелік сыйлықтар берілді. 

«Тұңғыш Президент күніне орай партия билеті табыс етілді. Бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Бұған дейін де партияның жаңа бастамалары мен арнайы жобалары туралы білетін едім. Енді «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді бірқатар бағдарламаларды іске асыруға ат салысамыз. Көмек беру, қамқор болу біздің салтымызда бар және ол игі істеріміз арқылы біз бір-бірімізге демеу болып, ел дамуына үлес қоса аламыз», – дейді қалалық білім бөлімінің маманы Салтанат Жанетова.

 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА