Басты  /  мақалалар  /  Бас шырша 18 желтоқсанда жағылады

Бас шырша 18 желтоқсанда жағылады

Айқын-ақпарат
1683
Бас шырша 18 желтоқсанда жағылады Елордадағы бас шырша 18 желтоқсан күні жағылады. Бұл жөнінде Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

«Еліміздің бас шыршасы былтырғыдай «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының алаңына орнатылады. Осы жылы шырша шамын жағу салтанаты жылдағыдай бірінші желтоқсанда емес, 18 желтоқсан күні өтеді» делінген әкімдіктің мәлімдемесінде. 
Жыл сайын қараша айында дайындық басталып, Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шаралар легі еліміздің бас шыршасының шамын жағумен жалғасатын. Осылайша, 1 желтоқсан күні бас қала бастаған эстафетаны бүкіл республиканың ірі қалалары жалғап әкетіп, негізгі шыршалар уақытынан бір ай бұрын жағылатыны дәстүрге айналған-ды. Тәуелсіздік мерекесін атап өтпей тұрып, шырша жағудың дұрыс еместігін белсенді азаматтар жыл сайын айтудан жалыққан емес. «Ел болып тойлауға тиісті Тәуелсіздігіміз, яғни ұлт мерекесі жылдағыдай Жаңа жылдың тасасында қалды», «Азаттықты айналып өтіп, Аяз атаға алақан жаюға, жасыл шыршаға табынуға неге бейілміз?» дейтін мәселелер айтылып, жазылып та келді. 
Дей тұрғанмен, соңғы екі-үш жылда бірқатар облыстар бұл мәселеге ден қойып, түйінін тарқатып берген болатын. Мәселен, Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда өзгелерге үлгі болып, жаңа­жылдық «жарнаманы» тәуелсіздік күні атап өтілгеннен кейін ғана жасауды мықтап қолға алды. Бұл үрдісті кезінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Атырау облысының экс-әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қолдап, 17 желтоқсанға дейін қалада шырша орнатпау туралы нұсқау бергені бар. Осы бірлі-екілі өңірлерден басқасы, әсіресе, солтүстік облыстар мен Алматы қаласы жылдағы дәстүр бойынша бір ай бұрын қала орталықтарына алып шыршалар орнатып, көшелерді безендіріп, ерекше дайындалатыны бар. Биыл бұл аймақ­тарда шырша шамын жағу салтанаты қай күнге, қалай жоспарланғаны әзірге белгісіз. Десек те, бас қала дұрыс бастама көтерді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ескеріп, шырша жағу салтанатын 16 желтоқсаннан кейінге қалдырды. Бүгінге дейін Астанаға қарап бой түзеп, кез келген істі жалғап әкететін өзге қалалар бұл жолғы бастамасын да үлгі тұтса игі.

Асыл ТҰМАР