Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жаңа кітап Атыраудың аруларына арналды

Жаңа кітап Атыраудың аруларына арналды

Тұрсын ҚАЛИМОВА
1135
Жаңа кітап Атыраудың аруларына арналды Атырауда өткен «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы-жетістіктер формуласы» атты конференция аясында «Атырау арулары» кітабының тұсауы кесілді.

Тіршілік бастауы – әйел. Бұл – адамзат мойындаған ақиқат. Ендеше, әйелге тағзым – ол сыйлаған өмірге де тағзым болып қала бермек.
Кітаптың құрастырушысы, қоғам қайраткері Рашила Мұрсалиеваның айтуынша, жаңа туындыда қоғамның әр саласында салмақты үлес қосқан әйелдер қауымы туралы айтылады. Аймақта есімі аңыз болған аналар, еңбек еткен мұ­найшылар, балықшылар, өнер, қоғам қайраткерлері туралы ақпарат фото­суреттерімен берілген. 
– Атыраудың арулары туралы кітап шығару идеясын 2000 жылдары Атырау облысына әкім боп келген Иманғали Нұрғалиұлы ұсынған еді. Облыстың идеоло­гия саласына басшылық қызметке шақырып, қызметтес болдық. Иманғали Нұрғалиұлы алғашқы күндерден бастап ел тарихына, мәдениет пен әдебиеттің жай-күйіне ерекше көңіл бөлді. «Атырау энциклопедиясы» жарыққа шықты. Осы энциклопедияны шығару барысында арнайы тапсырма алдым. Өңірдің арғы-бергі тарихында есімдері қалған ана-апа­ларымыз жайлы да бір естелік дүние­нің керектігін айтқан. Оңай шаруа болмай, жинақталуы ұзаңқырап, біте келгенде Имекеңнің жұмысы ауысып кетті. Ке­йінгі басшылардың көңілін аударуға мүмкіндік бола бермеді. Жылдар өтіп, уақыт озып, осы жинақтың жарыққа шы­ғуы­ның бір сәті түспей қойды. Жеке тұлғаның немесе әлдебір әулеттің тарихы емес, тұтас бір кезеңдерді қамтып, аты аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жет­кен аңыз аналар туралы, «күні кеше» деп айтуға алыстап бара жатқан жиыр­масын­шы ғасырда талай тартыс заманның тауқыметін көтеріп, маңдай терін төккен, қазақ әйелінің биліктің сан-саласында еңбек пен ерлікті егіз ұстаған жанкешті қыз­меті туралы, осы өңірде дүниеге ке­ліп, мемлекет және қоғам қайраткері дә­ре­жесіне көтерілген, ай маңдайлы аза­мат­­т­арды дүниеге əкеліп немесе оларға ла­йықты жар бола білген, сөз маржанын тер­ген қазақтың әдебиеті мен мәдение­тінің тө­рінен орын алған өнер қай­раткерлерінің сү­йікті жарлары туралы қысқа да болса өлке тарихында есімін қалдыруды мақсат тұтқан бұл кітаптың көтерер жүгі мен жа­уап­кершілігі аз емес, – дейді Рашила Қабиқызы.
Туындының тұсаукесерінде сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: 
– Қиын-қыстау кезеңдерде ардақты аналарымыз тек отбасының берекесін келтірумен айналысқан жоқ. Кешегі Фатима, Бопай аналарымыз, бертіндегі Хиуаздай батырларымыз халық үшін жан аямай тер төкті. Бұл кітап сол ардақты аналарымызға арналған. Өскелең ұрпақ бұл туындыны оқып-танысып, аналары­ның ерлігінен үлгі алуы керек. Кітаптың мұнымен тоқтап қалмай, келесі томда­рының да жазылып, жарық көруін тілеймін, – деді. 
Кітапты шығарушы редакция алқасында тілші-ғалым Ғарифолла Әнес, Фариза Оңғарсынова, Айгүл Әжіғалиева, Қойшығұл Жылқышиев, Сәрсенбай Еңсегенов және Бақыт Иманғалиев пен Әбілхан Төлеуішевтер болған. 
Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі ұрпағы өткенін түгендейтін кезі келгенде, теңіз құрайтын тамшыдай болса да бұл кітаптан қажетті мәліметтер табатынына сенім мол.