Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жаңа технологиялар – ілгерілеудің негізі

Жаңа технологиялар – ілгерілеудің негізі

Айқын-ақпарат
722
Жаңа технологиялар – ілгерілеудің негізі «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағыттары бойынша аймақтық комиссияның отырысында нұротандықтар аграрлық ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу мәселелерін әңгімеге арқау етті.

Жүздесу барысында Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу иститутының ғалым-хатшысы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Сәния Түлкібаева атап өткендей, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуда бірқатар шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар.

Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімділігінің көрсеткіштері бойынша да әлі алға қарай ілгерілеу үшін көп жұмыс атқарылуы қажет. Оның өнімділігін жоғарылатуға байланысты жүзеге асырылар істер де жоқ емес. Оның бәрі де тынымсыз ізденісті керек ететіндігі даусыз.

Жоғарыда аталған институттың қызметкерлері белсенді түрде органикалық егіншілік, өсімдік шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, ірі қара малдың селекциясы бойынша зерттеуді жүргізе береді.

Ғалым-хатшы Сәния Түлкібаеваның пікіріне сүйенсек, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мәселесіндегі ойланарлық жайлар баршылық. Мысалы, 2017 жылы қаржыландыру 50 пайызға қысқарады деп күтілуде. Бұл шамамен 20 млн. теңгені құрайды. Осылайша, 2015 жылдан бастап аграрлық зерттеулерге арналған жалпы қаржыландырудың көлемі 3,5 есеге азайды.

Бөлінетін қаражаттың 70 пайызы ғылыми қызметкерлердің және көмекші персоналдың еңбек ақысын төлеуге кетеді. Жеткіліксіз қаржыландыру ғылыми мамандардың кетуіне, ғылыми зерттеу жұмыстардың көлемі мен сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл Қостанай облысының инновациялық әлеуетін төмендетеді.

Басқосу қорытындысы бойынша аймақтық ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының орындалуы қажеттілігі ескеріле отырып, қаржыландыру жүйесін өзгерту бойынша ұсыныс түсті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, жиында ауылшаруашылығын өркендетуге байланысты тың ойлар ортаға салынып, алдағы атқарылар ауқымды мәселелер қозғалды.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Қостанай облысы