Негізгі бет  /  мақалалар  /  «ҚАЙРАТ» ҚАРЫМДЫ ҚАДАМ ЖАСАДЫ

«ҚАЙРАТ» ҚАРЫМДЫ ҚАДАМ ЖАСАДЫ

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
773
«ҚАЙРАТ» ҚАРЫМДЫ ҚАДАМ ЖАСАДЫ Алматыда футзалдан УЕФА кубогының элиталық кезеңі мәреге жетті.

 Жаңа салынған «Алматы-Арена» кешенінде жанкүйерлер Еуропаның үздік 4 командасының тамаша ойындарына куә болды. Ең бастысы, Алматының «Қайраты» өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ: үш қарсыласын да ұтып, «төрттік финалына» берілетін жалғыз жолдаманы жеңіп алды.
Жарыстың алғашқы күні «Қайрат»  Италияның «Реал Риети» командасымен кездесті. 3 минутта Диваней есеп ашқанмен, Джеффе 16 минутта қарымта гол соқты. Дегенмен арада 1 минут өтпей жатып Дуглас қорғаныстың қателігін сәтті пайдаланып, алматылықтарды тағы алға шығарды. Дегенмен 26 минутта Дуглас римдіктерге «болысты», ол өз қақпасына доп енгізіп алды. Дегенмен соңғы нүктені бәрібір отандастарымыз қойды: 39 минутта италиялықтардың қақпасына белгіленген айып добын Диваней сәтті соғып, «Қайратқа» жеңіс әкелді – 3:2.
Екінші кездесуде «Қайрат» Косовоның «Феникс» командасын ойсырата жеңді. Диваней 1 және 14 минутта дубль жасаса, Дрот (18), Нұрғожин (22), Дуглас (38) және Тайеби (40) бір-бір голдан соғып, алматылықтардың жеңісін нықтай түсті. 
ІІІ турда «Қайрат» Латвияның «Никарс» командасынан 4:1 есебімен басым түсті. Игорь – 1, Диваней 3 гол соғып, біздің ко­манданың күмәнсіз басымдығын паш етті. Нетоның өзіміздің қақпаға соғып алған голы да қуанышқа селкеу түсіре алған жоқ. Диваней турнирде 7 гол соғып, бас мерген атанды. 
УЕФА кубогының «төрттік финалы» 2017 жылдың сәуір айында өтеді. Финалға шыққан үздік командалар толық белгілі болған соң, солардың біреуінің алаңында бас жүлде сарапқа салынады. 
2009 және 2011 жылдары «Қайрат» УЕФА кубогының қола жүлдесін иеленді. Ал 2013 және 2015 жылдары «Қайрат» УЕФА кубогын екі рет жеңіп алды. 2015 жылы әлем суперкубогының иегері атанды. 

Е.АТЫХАН