Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Алтын домбыра» – Тәуелсіздік тойына тарту

«Алтын домбыра» – Тәуелсіздік тойына тарту

Гүлзина БЕКТАС
953
«Алтын домбыра» – Тәуелсіздік тойына тарту «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Бұл айтыстың да бұрынғы айтыстан өзгерек болатын түрі бар. Айтыс ақтаңгерлері жиылып, жыл соңында дүбірлі айтыс додасын өткізбек.

Жыл соңында өтетін бұл шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. 3-4 желтоқсан күндері азаттықтың алтын бесігіне айналған Алматының төрінде өтетін аламан додада айтыстың кіл жүйріктері бақ сынайды. Олардың қатарында: Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ереже, Қалижан Білдәшов, Мақсат Аханов, Иранғайып Күзембаев, Шалқарбай Ізбасаров, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Ершат Қайболдин, Рүстем Қайыртай, Өміржан Көпбосынов, Шұғайып Сезімхан, Ержан Әміров, Бауыржан Шимердин, Сырым Әділбек сияқты ақындар бар. 

Сөз сайысын ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Мақатаев атындағы сый­лықтың екі мәрте иегері, ақын Жүрсін Ерман жүргізеді. Дүбірлі дода алдында ақынға  қоңырау шалдық.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған айтыс азаттықтың алтын бесігіне айналған Алматыда өтеді. Бұл айтыс – халықаралық жыр додасы болмақ. Ха­лықаралық дейтін себебіміз, бұған Қытай мен Моңғолия елінен екі бірдей ақын қатысады. Ақындардың рейтингі жасалған. Былтырғы жылдан бері осылай ақындарды рейтинг арқылы анықтауды жолға қойдық. Жүлделі орын иемденген ақындарға ұпай беріледі. Бас жүлде, бірінші, екінші орын алған ақындардың ұпайы да жоғары болады. Рейтинг бойынша, жоғары ұпай жинаған ақындар «Алтын домбыра» байқауында бақ сынауға мүмкіндік алады. Осылардың арасындағы елге танымал кіл жүйріктер жинақталып отыр. Күні кеше ғана Қызылорда қаласындағы дүбірлі доданың бас жүлдесін иемденген Мұхтар Ниязов бастаған жүйріктер  Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзембаев, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина және тағы басқа айтыскер ақындарымыз бар. «Алтын домбыра» бай­қауында пәлендей өзгеріс болмайды. Екі күн бойы Республика сарайында ақындар айтыстың көрігін қыздырмақ. Айтысқа қазылық ететін қазылардың құрамы бірың­ғай айтыс ақындарынан құралып отыр. Олар: Қонысбай Әбіл, Қойлыбай Асанов, Мұхамеджан Тазабек, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қалиолла. 
– Ақындарды іріктеу рейтингі қалай жүргізілді?
– Жыл бойы өткізілген республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алған ақындар мен бірінші-екінші орындарды иемденген айтыскерлерге арнайы ұпай берілді. Мәселен, бас жүлде алған ақынға елу ұпай берілсе, бірінші орынға отыз ұпай қойылды. Осылайша, жыл соңында ұпайлар санын есептеп шығардық. Сол арқылы «Алтын домбыраға» ұпайы жоғары ақындарды реттеп алуға мүмкіндік туады.  
– Айтысқа кім демеушілік жасап отыр?
– Айтыстың бас демеушісі – Алматы қаласының әкімдігі.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де демеушілік танытып отыр. «Алтын домбыра» сөз сайысы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіледі.