Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қаламгердің театр фестивалі басталды

Қаламгердің театр фестивалі басталды

Айқын-ақпарат
902
Қаламгердің театр фестивалі басталды

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың ІІ Халықаралық театр фестивалі шымылдығын ашты. Биылғы дүбірлі мәдени шара, жазушы-драматургтің 60 жас мерей тойы аясында өтуде.

Жазушының туған жерінде екінші мәрте ұйымдастырылған фестивалінің ашылу салтанатында, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Театр фестивалінің өтуі, Атырау өңірі үшін ғана емес, еліміз үшін елеулі оқиға. Бүгін осы фестивальде бақ сынайтын театрлардың шығарма­шылығына баға беретін қазылар алқасында еліміздің және алыс-жақын шетелдердің өнер тарландары отыр. Осындай фес­тивальдерде қоғамның көрінісі сахна­ланады, көрермен ой түйеді, шығар­машылық ұжымдар бір-бірінің өнерін көріп, тәжірибе алмасады» деп театр фестиваліне келген театр ұжымдарына сәттілік тіледі. 
Халықаралық театр фестивалінің қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімовтің айтуынша, әр драматургтің өз тілі бар. Рахымжан Отарбаевтың прозасы ешкімге ұқсамайтын еректігімен ерек­шеленеді. Соңғы жылдары жаңа лептен ажырап қалған драматургияда Рахымжан­ның пьесаларының қосылуы серпін әкелді. Соның дәлелі, бүгінде театрларда Р.Отар­баевтың пьесаларының сахналануы, халық назарына ұсынылуы. 
Айтарлығы, халықаралық фестивальде Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры, Қырғызстан елінен Шүй облыстық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық және Оңтүстік Қазақстан облыстық Өзбек драма театрлары жазушы-драматург Р.Отарбаев­тың пьесаларын сахналайды. 
Театр фестивалінің салтанатты ашылу рәсімінен соң, Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театры «Жәңгір хан» тарихи драмасын көрермен назарына ұсынды. 
Жайық жағасындағы дүбірлі театр фестивалі үш күн болып, оған Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасы баға береді. Қазылардың құрамында Гер­маниядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Сүлеймен Шадкам, жазушы-драматург Иран-Ғайып Оразбаев, Қырғыз республикасының еңбек сіңірген артисі Бұсурман Одурақаев, Моңғолия Жазу­шылар одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қалам­герлер кеңесінің төрағасы, ақын, жазушы Сұраған Рахметұлы, Қазақстан халық артисі Есмұхан Обаев сынды қай­раткерлер бар.
Ал 30 қараша күні театр фестивалі «Рахымжан оқулары» байқауының қоры­тындысымен және жазушы-драматургтің таңдамалы шығармасы жинағының тұсаукесерімен жалғасады. 

Тұрсын ҚАЛИМОВА