Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Құс қанаты» түрік тіліне аударылды

«Құс қанаты» түрік тіліне аударылды

Айқын-ақпарат
1599
«Құс қанаты» түрік тіліне аударылды Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының түрік тіліне аударылған «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті.

Аталмыш жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Әлімхан Есенгелдиев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Этимесгут муниципалитетінің мэр орынбасары Аладдин Сонат, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, Ататүрік университеті Түркият зерттеу институтының оқытушысы Ашур Өздемир, Гази университетінің оқытушысы Жәмиля Кынаджы, түрік зиялы қауымы мен дипломатиялық мекемелердің өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз алған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Ә.Есенгелдиев ширек ғасырда Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың даму тарихы мен мәдениет және әдебиет саласында атқарылған жұмыстары туралы ақпарат берді. 
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай мәдениет пен әдебиет саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, іс-шаралар ұйымдастырылды. Көрнекті қалам­гер­леріміздің көркем шығармалары түрік оқырмандарына жете бастады. Анадолыда мәдениет пен өнердің биік тұлғаларына арналған ескерткіштер орнатылып, саябақтар ашылып жатыр. Осының барлығы туыстық қарым-қатынасымыздың нәтижесі, – деген елшіліктің Уақытша сенімді өкілі жазушы Н.Қапалбекұлын шын жүректен құттықтап, жинақты түрік тіліне аударған Эльмира Қалжановаға және «Бенгу» баспасына алғыс білдірді. 
Еуразия Жазушылар одағының төра­ғасы Я.Омароғлы соңғы кезде мәдени байланысты күшейтіп, тәуелсіздік жылда­рында әдеби шығармалардың түрік тіліне аударылып шығуына қолдау көрсеткен Анкарадағы ең белсенді елшіліктердің бірі Қазақстанның Түркиядағы елшілігі екендігін атап өтіп, жазушы Н.Қапалб­ек­ұлы­ның шығармашылығы туралы сөз етті. Шығармаларының ұлттық бояуымен, кейіпкерлердің ұлттық мінезімен ерек­шеленгендігін жеткізген Я.Омароғлы аталмыш жинақтың түрік оқырманы үшін тартымды дүние екендігін айтып, түрік тіліне аударылған туындыға сәт сапар тіледі.  
«Қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанры» тақырыбында баяндама жасаған Ататүрік университеті Түркият зерттеу институ­тының оқытушысы А.Өздемир қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының тарихи дамуы туралы сөз қозғап, тәуелсіздік жылдарында жазылған бірқатар әңгіме жинақтарын талдады. Соның ішінде жазушы Н.Қапалбекұлының «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағының эстетикалық құндылығы туралы егжей-тегжей айтып берді. 
Қазақ әдебиетінің зерттеушісі, ғылым докторы Ж.Кынаджы «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағына байланысты пікір білдіріп, түрік әдебиетімен салыстырды. Бірнеше әңгімені талдаған ғалым жинақтың түркі әлемі әдебиетінің қоржынына түскен құнды дүние екендігін жеткізді. 
Шара соңында жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ-дың арнайы алғысхатымен марапатталып, Этимесгут муниципалитетінің мэрі атынан сыйлық алды. Жиынды жүргізген «Серпер» сыйлығының лауреаты, дипломат Мәлік Отарбаев.  

Әмірлан МӘУЛЕН