Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сән әлемiнің мықтылары жиналды

Сән әлемiнің мықтылары жиналды

Айқын-ақпарат
1115
Сән әлемiнің мықтылары жиналды Жуырда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 2017 жылдың көктем-жаз маусымдарының Kazakhstan Fashion Week Astana апталығы өтті.

Сән апталығы қарсаңында арнайы шақырумен Brosh by Olga Kim және Nosi Moyo брендтерінің көрсетілімдері ұйымдастырылды. Шырайлы кеш шымылдығын Миланда қызмет ететін, Prada-да қызмет істейтін модель Қорлан Мәди ашты.
Kazakhstan Fashion Week Astana апталығына қонақ ретінде халықаралық сарапшылар мен сән әлемінің инсай­дерлері, сондай-ақ әлемдік басылым­дардың редакторлары мен тілшілері қатысты. 
Олар дизайнерлердің көрсетілімдері мен тұсаукесерлеріне қатысып, со­нымен қатар шеберлік сағаттарын өткізіп, сән индустриясы мен жеңіл өнеркәсіпті дамыту мен қолдаудың, сандық технологиялар саласындағы әлемдік беталыстардың өзекті та­қырып­тарына арналған панельдік пікірталастарға қатысты. 
Қазақстандық дизайнер Динара Абдуллина өзінің жаңа капсульдік коллекциясымен таңғалдырды. Динара Абдуллинаның Samidel бренді этно және түрік стиліне жақын келеді. Жаңа коллекциясында да түрік стилі ерекше көрініс тапқан. 
– Матаға принттерді енгізу – өте қиын технология. Әр үлгі арнайы бағ­дарламада салынады. Лекала жасалып, бұл лекалаға принттер виртуалды жап­сырылады. Бұдан кейін ғана ол баспаға жіберіледі. Әр киімге біз бір аптадан көп уақыт жұмсадық, – дейді дизай­нердің өзі.
Ал суретші Лейла Ахмет өзінің Ос­манмен серіктестікте жасалған коллек­циясын таныстырды. Ерекшелігі сол, мұндағы суреттер матаға принт ретінде жасалған. Коллекцияға, негізінен, суретшінің өз суреттері арқау болды.
Айнұр БАЙҒОЖА