Басты  /  мақалалар  /  Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, әнші: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРГЕ САТҚЫНДЫҚ ЖАСАЙ АЛМАЙМЫН

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, әнші: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРГЕ САТҚЫНДЫҚ ЖАСАЙ АЛМАЙМЫН

Айқын-ақпарат
2272
Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, әнші: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРГЕ САТҚЫНДЫҚ ЖАСАЙ АЛМАЙМЫН Өмір дегеннің өзі өлшеулі ғұмыр. Кімге қанша ғұмыр берілетіні бір Аллаға мәлім. Ал өмірдің әрбір сәтін, әрбір күнін тек қана жақсылыққа арнап, сыйластықпен өткізуді жөн көретін жандар да жетерлік.

Дәстүрлі әнші, қазақ өнерінің майталманы Сәуле Жанпейісова осындай ерекше жан. 

– Бүгінде дәстүрлі әншілер эстрада әншілерінің көлеңкесінде қалып қалды. Мәселен, Айгүл Қосанова дәстүрлі әнші болғанымен, халыққа эстрада арқылы кеңінен танылды. Сіз де сол секілді эстрадаға көш бұрғыңыз келмей ме?
– Қожанасыр жолда келе жатқан бір топ балаларды көріп:«Балалар, ана қырдың астында кәмпит шашылып жатыр» дей салыпты. Сөйтсе, балалар сол жаққа тұра жүгірген екен. Сол уақытта Қожанасыр да: «Ей, шынымен де сол жақта кәмпит жатыр ма екен?» деп балалармен бірге жүгіріп кетіпті дегендей, мені де сол секілді көресіз бе? Олай болмайды. Әрине, эстрада әншілері тез танылады. 2-3 әнімен-ақ танымал болғандар жетерлік. Айгүл Қосанова, Қарақат Әбілдина, Өмірқұл Айниязов – менің шәкірттерім. Бірақ эстрадалық ән айтпағандықтан, таныла алмай жүрген қаншама дәстүрлі әнші шәкірттерім де бар. Шамамыз келгенше, дәстүрлі өнерді ұстануымыз керек. Ол – парыз. Дүрмекке қосылып шаба беруге болады. Бірақ ондай сатқындық жасай алмаймын. Домбыраны көзбояушылық үшін ұстауға болмайды. Ол – өнерге жасалған қиянат болар еді. Мәселен, тойға барғанымда домбыра ұстап жүрген әншіні көрмеймін. Бір жағынан, ол маған жақсы, екінші жағынан, ол – үлкен қасірет.
– «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антология­сын құрастырушылардың бірісіз, басшылық қызметті де атқардыңыз. Негізі, біраз шаруаны жасап жүрсіз. Бірақ соның бірі көрінсе, енді бірі көзден таса қалып жатады. Бәз біреулер «түймедей нәрсесін түйедей етіп» көрсетеді. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Әлде бұл істі әйел емес, ер адам атқарса, еленер ме еді?
– «Боғын боталы інген қылатын» адамдар болады. Істеген еңбегімді пұлдаған емеспін. Өз басым жасаған нәрсені жар салып айтуды ыңғайсыз санаймын. Оның үстіне, көру үшін оған өткір көз керек. Мысалы, «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» деген жинақты Елбасының тікелей қолдауымен шығардық. Шынын айтсам, сол әндердің көбін түгелдей білемін. Былай қарағанда, мың ән бір әнші үшін көп. Бірақ «осыншама ән білемін» деп ешуақытта санап, пұлдап көрген емеспін. Жұмыс жүргізіліп жатыр. 2013 жылы 4 әнжинағым шықты. Біріншісі – халық әндері, екіншісі – Мұхит әндері, үшіншісі – Илья Жақановтың әндері және фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен, заман талабымен өңделген «Гәкку» деп аталатын өз әндерім. Енді халық оны өз керегіне жарата береді. Естіп жатқандар бар. Ауыл-ауылдарды аралап концерт беремін, әнжинағымды талап алып кетеді. Демек, сұраныс бар деген сөз ғой. 

Жанпейісованың сүйеніші кім?
– Жалпы, өнер жолы – ауыр жол. Кейде адам болған соң күресуден, өзіңді дәлелдеуден шаршайтын кез болады емес пе?! Тіпті қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәттерде сізге не күш береді? Сүйенеріңіз кім?
– Рас, Жамбылдағы жағдайдан ел хабардар. Бұл жерде көптің емес, жекелеген 6-7 адамның тірлігі. Соған тіпті халықтың өзі үн қоса алмай қалды. Ал жалғыз өзім не істей аламын? Алланың демеуімен, бұл қиындықтан өттім. Бірақ ол қиыншылықты әкем көтере алмады. Жасы 80-ге келіп қалған еді. Әкем 40 жыл мұғалім болған, өте принципшіл, әділ адам. Сол үшін де Сталин атанған. Кез келген ата-анаға ел алдында жүрген перзентінің басынан өтіп жатқан әділетсіздік ауыр тиеді ғой. Сөйтіп, әкемнің жүрегі сыр беріп, биылғы жылдың мамырында өмірден өтті. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Себебі, «кәрі қойдың жасындай» жа­сы қалды ғой, өмірін ұзартайыншы» деп жа­ны­на барғанмын. Керісінше, әкемнің өмірін қыс­қартып алдым. Осы ой мені қатты шар­шат­ты. Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды екен. «Диір­менде туған тышқан дүбірден қорық­пайды» дегендей, ол қиындықтан да өттім. Әрине, бірінші – Алланың арқасы. Екіншіден, уақыт емдейді. Оның үстіне жақын адамдарым демеу болды. Соның бірі – қызым Қуаныш.
– Әкеңізбен қоштаса алдыңыз ба? Соңғы сөзі не жайында болды?
– Бір жағынан шүкір деймін, әкем 80 жас жасады. Өмірден өтетінін біліп, алдын ала жанына шақырды. Ол кезде әкем ауруханада болатын. Барғанымда: «Айналайын, жоспарың үлкен екен. Тым алысқа кетіп барасың. Сені жолыңнан бөгей алмаймын. Бірақ мына телефоның қосулы, құлағың үйге қарай түрулі болсын. Балам, мен кетемін. Алысқа ұзамаймын, аз қалды ғой» деді де, үйдегі балаларды маған тапсырды. Шынында да, сол кезде менің гастролім көп еді. Оның айтқанына сенбедім. Бір жағынан өлімге қимағаным рас. «Жоқ, бұл не дегеніңіз?! Құдай қаласа, күзде сіздің 80 жасыңызды, менің 50 жасымды қосып, Таразда той жасаймын» деп әкемнің сөзіне мән бермедім. Алайда әкем айтқан күнінде, 25 мамырда қайтыс болды.
Әкемнің көзі тірісінде «қандай жақсылық жа­сасам екен?» деп ойлайтынмын. Иә, үй алып, не салып бергім келді, бірақ оны жасай алмадым. Оның барлығы материалдық жағдай ғой. Бірақ концертімде әкемді халықтың орта­сынан тұрғызып «Менің асқар тауым — әкем. Әкеме «Жан әкем» деген әнді арнаймын» деп орындағаным бар. Сонда өзіне арнаған әнім­ді әкем естіді деп қуандым, соған тәубә деймін. 

Анамнан ерте айырылдым
– Анаңыз жайында не дейсіз? Ол кісі қандай бейнесімен есіңізде қалды?
– Бір өкінішім, анам өмірден ештеңе көрмеді. Оған ештеңе жасай да алмадым. Ол бар-жоғы 30 жасында өмірден өтті. Ол кезде екі жаста едім. Есімде тек анамның сұлбасы ғана қалған. Анам өмірінің соңғы кезінде ауруханада өткізді. Бір күні ауруханадан келді. Үстінде өрнектелген көйлегі бар. Келгеніне бәріміз қуанып, алдынан жүгіріп шықтық. Сонда анам шемішке алып келіпті. Бәріміз оның жанына жамырай отырып, шемішке шағып отырғаным есімде. 
Әйтеуір ісмер кісі еді. Бізге киім тігіп беретін. Кейін концерт кезінде киім тіктірген сайын «шіркін, анам болғанда ғой, ол маған өзі тігіп беретін еді» деп талай армандадым. 
– Әкеңіздің 80 жасын, өзіңіздің 50 жасыңызды қосып, атағыңыз келгенін айтып өттіңіз. Бұл мерейтойлық кеш пе?
– Рас, былтыр әкемнің 80 жасы, өзімнің 50 жасым бар, ел алдында жақсылап ән-кешімді өткізуді жоспарлағанмын. Аяқ астынан осындай қиындық болып, бәрі қалды. Шыны керек, салым суға кетті. Өз-өзіме келуім қиын болды. Алайда өзімді қамшылап, «битімді сығып», барымды салып, концерт беру қажет деп шештім. Негізі, бұл кеш тек менің мерейтойыма немесе әкеме ғана арналған емес. «Әнім саған аманат» атты концертті Мұхит атамыздың 177 жылдығына арнап отырмын. Бірақ бұл жалғыз Мұхит бабамыздың, не болмаса Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған кеш емес, бүкіл бабаларға арналған тағзымым. 
Кәсіпкер әнші 
– «Уақыт бәріне емші». Дегенмен көңілде кірбің қалды ма? 

– «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген дана халқымыз. Жамбыл облысының халқына өкпелі емеспін. Мені кетіргісі келіп жүргендер бар, бірақ мені кетіре алмайды. Себебі, Жамбыл – менің кіндік қаным тамған жерім. Ол тек – Алланың қолында. Бағана айтқанымдай, бірнеше адамның жасап жүрген құйтырқы әрекетін Жамбыл облысының халқы етіп көрсеткісі келетіндер бар. Сол адамдарға деген ренішім арқылы көпке топырақ шашқым келмейді. Оған бола өзімді төмендеткім келмейді. Оларды халық біледі. Бастысы, халқымды қашан да құрметтеймін, сыйлаймын, оларға басымды иемін. 
– Қызметтен кеткеннен кейін «кәсіпкерлікпен айналысамын» деген едіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз? Жеке кәсібіңіз бар ма?
– Бүгінде Алматы мен Астана қалаларынан «Аманат» деген өнер орталығын аштым. Негізінен, «Астанадан ашамын» деген оймен елордаға кеткенмін. Дәл сол уақытта Алматыға шақырту алдым. Қала әкімі Бауыржан Байбек «Алатау» дәстүрлі өнер театрын ашқанын айтты. Бұған дейін де мен дәстүрлі өнер орталығы, театры болу керектігін айтып жүргем. Қазір сол жерде «Аманат» деген орталық жұмыс істеп жатыр. Онда дәстүрлі өнердің барлық түрлері бар: домбыра, сырнай, керней, жетіген аспаптарына үйретеміз. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, оқушының жас ерекшелігіне қарамаймыз. Дәстүрлі музыка фестивалін өткізу жоспарда бар. Кәсіпкерлік деген осы ғой.
– Кейде уақытын дүкен аралап, сән салонында өткізіп, қамсыз, бей-берекет өмір сүріп жүрген қыз-келіншектерді көріп, өміріне қызықпайсыз ба? Жалпы, әйел бақыты неден тұрады?
– Біріншіден, қолымды жылы суға малып, дүкен аралап, дайын асқа отыра қалатын әйел ретінде ешуақытта елестетіп көрмеппін. Оны армандамаппын да. Тұрмыс құрдым. Баламды дүниеге әкелгенімде аналық бақытты сезіндім. Құдайға шүкір, ана ретінде бақыттымын. Қызым – өмірдегі тіреуім. Мысалы, қызымның жанында болсам, барлық жұмысым тез жүреді. Қызымның қасында әлем деген керемет, өмір ғажап болып көрінеді. Қызым кішкене күнінде бір нәрсені бүлдіріп алса да оған ұрысқан емеспін. Түкке тұрмайтын нәрсеге бола қызымның жүрегіне жара салғым келмейді. Меніңше, әйел бақыты дегеніміз осы. 

Әңгімелескен Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ