Негізгі бет  /  мақалалар  /  АСТАНА – ДАМУДЫҢ ДАРА ТЕТІГІ

АСТАНА – ДАМУДЫҢ ДАРА ТЕТІГІ

Айқын-ақпарат
730
АСТАНА – ДАМУДЫҢ ДАРА ТЕТІГІ Бүгінде еліміздің барлық өңірінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының есептік-сайлау конференциялары өтуде. Онда 2015-2016 жылдары атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы міндеттер мен межелер айқындалады.

 Осыған орай кеше Астанада партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен қалалық филиалдың XXIV есептік-сайлау конференциясы өтті. Аталған іс-шараға Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты. Конференцияны Астана қаласының әкімі, филиал төрағасы Әсет Исекешев ашып, жүргізіп отырды. Шара барысында филиал жұмысымен қатар, Парламенттің таяуда қабылдаған «Қазақстан Республикасының 25 жылдығы декларациясына» да ерекше көңіл бөлінді.

Атқарылған жұмыстар аз емес
Алғаш болып «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Еділ Мамытбеков сөз алды. Ол өз сө­зінде филиалдың соңғы екі жылдағы жұмы­сына тоқталды. Е.Мамытбековтің айтуынша, қазіргі таңда «Нұр Отанның» астаналық фи­лиалы 350 бастауыш партия ұйымының басын біріктіреді. Екі жыл ішінде Астана қаласында же­текші саяси партия мүшелерінің саны 12195-тен 45501 адамға жеткен.
Жалпы, филиал жұмысының басым бағыт­тары бес институттық реформа мен «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, пар­тия­ның сайлауалды бағдарламасы мен Тө­ра­ғаның тапсырмаларын орындау, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалау және қоғамдық қабылдау ар­қылы халыққа көмек көрсету болып табыла­ды. Осы бағытта 2015-2016 жылдары 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, 400 мыңнан аса адам қамтылған. «Соның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қа­был­данған заңды түсіндіру жұмыстары бойын­ша 80 мыңнан астам адамның қатысуымен 463 кездесу ұйымдастырылды. «Нұрлы жол» ин­фрақұрылымды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды тұрақты бақылау мақсатында қалалық мәслихаттағы партия фракциясы жанынан төрт инспекциялық комиссия құрылды. Олар бүгінге дейін Астанадағы құрылыс нысандарын аралап, 22 рейд жүргізді» дейді Е.Мамытбеков.
Партияның астаналық қоғамдық қабылдау бөл­месінің жұмысына да тоқталып өткен фи­лиал төрағасының бірінші орынбасары соңғы екі жылда 26 мыңнан астам азамат көмек сұрап келгенін жеткізді. Олардың 38 пайызының мәселесі дереу оң шешімін тапса, қалғандары тиіс­ті мемлекеттік органдарға жолданып, пар­тия­лық бақылауға алынған. Ал биыл мемле­кет­тік органдардың жетекшілері мен Мәжіліс жә­не мәслихат депутаттары Астана қаласы бойын­ша 433 қоғамдық қабылдау өткізген екен.
Сонымен қатар Е.Мамытбеков конфе­ренция­ға қатысушылар назарын филиалдың партиялық жобалар аясында атқарған жұмыс нәтижелеріне аударды. Оның сөзіне қарағанда, аталған жобаларды жүзеге асыру аясында 2700 іс-шара ұйымдастырылып, оған 95 мың адам қатысқан. Соның ішінде қоғамның әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне қолдау көрсетуде фи­лиал­дың белсенділігі байқалады. Одан бөлек, Астана қаласындағы бастауыш партия ұйым­да­рының жұмысына жоғары баға берген фи­лиал төрағасының бірінші орынбасары олар­дың шаһардың дамуына оң ықпалын тигізіп отырғанын айтты. Сөз соңында ол Парламент қа­былдаған «Қазақстан Республикасының 25 жыл­дығы декларациясының» маңызы жоғары құжат екенін және оны партия филиалы толық қолдайтынын жеткізді.
Іс-шара барысында партия филиалы ба­қылау-ревизиялық комиссиясының есебі де тыңдалды. Сондай-ақ партия қалалық фи­лиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысының консультанты Лунара Жұмашева, Астана қала­сындағы Көлік және коммуникация кол­лед­жінің директоры Зулфухар Гаипов, партия ар­дагері, қалалық филиал Саяси кеңесінің мү­шесі Надежда Петухова, KEGOC Ұлттық ком­паниясы жанындағы бастауыш партия ұйы­мының төрағасы Бақытжан Қажиев және «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Мұха­мед­жан Болысбек баяндама жасап, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясына» ерекше тоқ­талып өтті.

Елорда – елдіктің белгісі
Ал «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рін­ші орынбасары еліміздің ширек ғасыр­дағы жетістіктері Елбасымыздың ерен еңбегі­нің жемісі екенін айтты. Конференцияға қа­тысушыларды партия Төрағасы, Тұңғыш Президент күні және барша қазақстандық­тар­дың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құт­тықтаған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуел­сіз­дік жылдары Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлем таныған, абыройлы, беделді мемлекетке айналды. Еліміздің ең қиын кезеңі саналатын 1997 жылы Елбасымыз «Қазақстан – 2030» стра­тегиясын жариялап, алдымызға әлемдегі да­мыған 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойған болатын. Сол кезде оған күмәнмен қара­ғандар да болды. Алайда сол 2030 жылы қол жеткіземіз деген мақсаттардың барлығы 2012 жылы орындалып, Қазақстан әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарынан орын алды. Соған байланысты Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарламасын жа­риялады. Елбасының жанқиярлық еңбегінің арқасында біз 2050 жылға дейінгі алдымызға қой­ған мақсаттарға одан әлдеқайда ерте қол жет­кізетінімізге сенемін. Себебі, әлемдегі ең ірі рейтингтік агенттіктер, бүкіләлемдік банк және бүкіләлемдік қаржы жүйесі Қазақстанды әлем бойынша алдыңғы орында тұрған, да­мыған 42 мемлекеттің қатарына қосты. Демек, біз көздеген меженің тең жартысын қазірдің өзінде орындадық. Осының барлығы тәуел­сіздіктің, Елбасымыздың ерен еңбегінің ар­қасы. Сол себепті, ел Парламентінің қос па­ла­тасы өзінің бірлескен отырысын өткізіп, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясын» қа­былдады. Онда еліміздің 25 жылда қол жет­кізген ғасырларға бергісіз жетістіктері атап көрсетілген. Сондай-ақ осы табыстардың бар­лығы мемлекетіміздің негізін қалыптастырушы және елімізді өркениет биігіне бастап келе жат­қан Мемлекет басшысының еңбегінің ар­қа­сы екені айтылған. Соның ішінде Астананы салудағы ерлігі айрықша атап көрсетілген. Елбасымыз бүгінде бүкіл әлем таныған әсем Астанамызды салып, оны дүниежүзіне жар­қырата көрсетті. Астана бүкіл өңірлеріміз үшін дамудың даңғылына айналды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалы Елбасымыздың бағдарламалары мен стра­тегиялық курсын орындауда облыстық пар­тия ұйымдары үшін үлгі-өнеге болуға тиіс. Бұл, әсіре­се, миллиондаған EXPO қонақтарын қар­сы алу кезінде ерекше мәнге ие» деді.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы Астананың ел дамуындағы ірі донорлардың біріне ай­налғанын айтып: «Астана қаласының аймақ­тық жалпы өнімі республикалық көлемде алғаш рет 11 пайыздан асты. Елордамыздың осы­лайша, қарқынды дамуына шағын және орта кәсіпкерліктің қосып отырған үлесі зор. Құрылыс индустриясы бойынша да Астанада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Тек биыл ғана 1,8 млн шаршы метр баспана салын­ды. Бас қаламызда ашылып жатқан жаңа кәсі­п­орындардың арқасында жұмыссыздық көр­сеткішіде ең төмен деңгейде. Сонымен қатар Астананы әлемнің ең ақылды 50 қаласының қатарына қосу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде электронды технологияны қала өміріне енгізу жұмыстары қарқынды жүр­гізілуде. Сондықтан бұл межеге де жуық арада қол жеткіземіз деп сенемін» деді.
Одан бөлек, Елбасының тапсырмасымен Аста­наның дамуына жыл сайын мемлекеттік бағ­дарламалар аясында миллиардтаған қаржы бөлінетінін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед оның тиімді жұмсалуына партияның қалалық фи­лиалы қатаң бақылау орнатуы тиіс екенін жет­кізді.

Міндеттер мен межелер айқын
Өз кезегінде шаһар басшысы, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының төра­ғасы Әсет Исекешев Елбасының ар­қа­сында халықтың ертеңге деген сенімі қалыптасқанын айтты. «Аз уақыттың ішінде елорда Елбасы бел­гілеген міндеттер мен межелі жоспарларды орындап, әлемнің қарқынды дамушы қала­лары­ның біріне айналды. Қазіргі таңда Астана қаласын Жер бетіндегі ең үздік ақылды қала­лардың қатарына қосу мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда» деген Ә.Исекешев осы бағытта жаңа әуежай терминалы мен темір жол салынып жатқанын айтты.
Сондай-ақ әкім қаладағы қызмет көрсету са­пасын жақсарту, медициналық, мәдени жән­е басқа да қоғамдық орындардың жұмысын жандандыру, бұқаралық спорт пен туризм сала­сын дамыту бағыттары бойынша қарқын­ды жұмыстар жүргізіліп жатқанын қаперге ал­ды. Бұл жұмыстың барлығы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізуге арналатынын айтқан Астана әкімі осы орай­да партия филиалы тарапынан тиісті ба­қылау жүргізілетінін атап өтті.
Конференция соңында «Нұр Отан» пар­тиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесі мен Бақылау-ревизиялық комиссиясының мү­шелері сайланып, оларға жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктелді.

Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ


 

Пікірлер

 

Анатолий БАШМАКОВ, 
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халықтары ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:

– Бұл менің тәжірибемдегі екін­ші тәуелсіздік декла­рациясы. Бес жыл бұрын Пар­ла­мент Сенатының депутаты бо­лып жүргенімде «Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығы декларациясының» қабылдануына қатыстым. Егер осы екі құжатқа саяси талдау жасар болсақ, соңғысы мазмұны мен мәні жағынан ерекше бо­лып табылады. Елбасымыз өзінің даналығы мен кө­регендігінің арқасында ядролық сынақ алаңын жап­ты. Осылайша, тек қазақстандықтардың ғана емес, барша әлем халқының болашағына алаң­дай­тынын білдірді.
Сол кезден-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ның бағыт-бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолына түсті. Президентіміздің бұл қадамы әлемдік қауым­дастық тарапынан лайықты бағасын алып, 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып белгіленді.
Елбасымыздың келесі бірегей бастамасы – Қа­зақ­стан халқы ассамблеясы өз кезегінде тәуел­сізді­гіміз бен бірлігімізді сақтаудың және біртұтастық пен отаншылдықты қалыптастырудың рухани тетігіне айналды. Декларацияда осы басымдықтардың бар­лығы қамтылған. Сондықтан оның маңызы мен мәні ерек­ше болып саналады.

 


 

Владимир САВКИН, 
Астана қаласындағы Өнертапқыштық, инженерлік және ғылыми кәсіпорындар гильдиясының төрағасы:

– Елбасымыздың арқа­сын­да еліміз дамыған, қуатты, әлемдік аренада беделді мем­лекетке айналды. Тәуелсіз­дік­тің 25 жылында Қазақстанда инфрақұрылым дамып, ұлттық валюта енгізілді. Бар­лық елмен сауда-саттық байланысы орнатылды. Ха­лықтың өмірі мен жұмыс істеуіне барлық жағдай жа­салды. Сондай-ақ мемлекеттің әрдайым кәсіп­кер­ліктің белсенді дамуын қолдауы да айтуға тұрар­лық жайт.
Жыл сайын қазынадан аз қамтылған отбасылар үшін қаржы бөлініп, мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақ­ты түрде көмек пен қолдау көрсетіліп келеді. Біз Елбасымыздың салиқалы саясаты мен көрегендігі арқасында дағдарысты тойтара алдық. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қа­былданған декларация Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісіне беріл­ген лайықты баға. Сондай-ақ аталған құжат Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының жар­қын үлгісі болып табылады.

 


 

Ханзада БАЛТАЕВА, 
«Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қауымдастық» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті:

– Мемлекет басшысы шын мә­нінде, Қазақстанның да­муы­на ғана емес, көптеген ха­лық­аралық қарым-қатынас­тар­дың нығаюына да орасан зор үлес қосқан дара тұлға.
Бар болғаны 25 жылдың ішінде жас мемлекетіміз әлем­дік аренада өз орнын айқындап, өзгелер сана­сатындай деңгейге жетті. Осы қарқынымызбен біз көп кешікпей әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылатынымызға сенімдімін. Жаңадан қабылданған декларация сол жолда сенімді қадам жасап, дұрыс жолмен келе жатқанымызды айқындайды. Өйткені Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, жаһанның қауіпсіздігіне алаң­дайтын, көпұлтты мемлекет ретінде таниды.

 


 

Рәмзия ӨМІРБАЕВА, 
Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназияның директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты:

– Тәуелсіз Қазақстан үшін Елбасына шексіз риза­мын. Біздің бағымызға орай, Нұрсұлтан Назарбаев елді бір­лік пен берекеге бастап қана қой­май, халыққа ерекше рух беріп, барша қазақ­стандықтарды Отанымызды гүлдендіру жолында ұйыстыра білді.
Біз ширек ғасырдың ішінде кейбір елдер жүз жыл­да жететін биіктерді бағындырдық. Мемлекет бас­шысының арқасында Қазақстан қарқынды да­мып келеді. Сондықтан Елбасының ерен еңбегіне лайықты баға беретін «Тәуелсіздік декларациясын» қолдаймын.

 


 

Таир ТАСҚАЛИ, 

«Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы:

– Біздің еліміз тәуелсіз мем­лекет ретінде ғасырдың төрт­тен бірін артта қалдырды. Та­рихи өлшеммен қарасақ, бұл өте қысқа мерзім болып са­на­ла­ды. Елбасымыздың арқа­сын­да Қазақстан бүкіл әлем таңдай қаққан көптеген нә­тижелерге қол жеткізді.
Алдағы уақытта да еліміздің осы бағытта дами бе­ретініне сенімдімін. Президентіміздің биік белес­тер­ді көздеген бастамаларын халық қашан да қолдап келеді. Оның жарқын мысалы ретінде президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басым­дықпен жеңіске жеткенін айтуға болады. Сол се­бепті, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы дер кезінде қабылданып отыр деп санаймын.

 


 

Рустам АБДУСАЛАМОВ, 
Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы Астана қалалық филиалының төрағасы:

Қазақстан Семей ядролық сынақ алаңын жабу арқылы, әлемде қару­сыз­дану жолында бірінші болып қадам ж­а­сады. «Невада-Семей» қозғалысы ха­­лықаралық ядролық альянсының бағдарламасына қосылды. Соның аясында ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты қабылданды. Бұл құжатқа көптеген елдер қол қойып, қолдау білдірді.
Мемлекет басшысының жемісті де жеңісті саясатының ар­қасында еліміз жаһандық ядролық қаруға қарсы қоз­ғалыстың көшбасшысы ретінде мойындалды. Осылайша, Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті әлем тарихына тың жаңалықтар әкелді. Сондықтан мен «Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы декларациясын» толық қолдаймын.

 


 

Бекарыстан АМАНЖОЛОВ, 
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Жас Отан» Жастар қанатының белсендісі:

– Президентіміздің арқасында еліміз қуатты мемлекетке айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың игі баста­маларының нәтижесінде, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылатынымызға сенемін. Өйткені бүгінгі жетістігімізге бар болғаны 25 жылда қол жеткіздік.
Біз бүгін мамыражай, ырысы тасып, берекесі артқан елде өмір сүрудеміз. Ертеңгі күнімізге деген сеніміміз де аса жоғары. Себебі, Елбасының болашақты болжаған бүгінгі сая­саты бізге сондай мүмкіндік беріп отыр. Президентіміз кез келген қиындыққа мойымай, одан шығудың жолдарын таба отырып, 25 жылда іргесі берік мемлекет құрды. Енді осы ын­тымақты сақтай отырып, Қазақстанды жарқын болашаққа бастау жас буынның міндеті. Бұл ретте бізге Мемлекет бас­шысының бастамалары шамшырақ болары сөзсіз. Солардың қатарында Парламент қабылдаған «Декларацияның» да маңызы жоғары.

 


 

 

Шыңғыс ҚОЖАXМЕТОВ, 
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының корпоративті хатшысы:

– Біз Тәуелсіздіктің 25 жылында ауыз толтырып айтарлықтай жетістік­терге қол жеткіздік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқа­сында біз дамыған 50 елдің қата­рына қосыл­дық. Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем бейбітшілік пен келісімнің ордасы деп таниды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ширек ғасырдан кейін осындай деңгейге жетеміз дегенге сену қиын еді. Елба­сының ерен еңбегінің арқасында біз алға қойған мақсаттарды орындап қана қоймай, өзге елдерге үлгі бола білдік.
Әрдайым жастарды қолдап, қамқорлық танытатын Мем­лекет басшысы «Болашақ» халықаралық стипендиясын та­ғайындап, талай қазақстандық жас талантқа мол мүмкіндік берді. Бүгінде сол бағдарламаның түлектері Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне үлес қосуда. Сондықтан Парламент қа­был­даған «Декларацияны» толық қолдаймын және барша қа­зақстандықтың менімен келісетініне сенім білдіремін.

 


Асхат ОРАЛОВ, 
Астана қалалық мәслихатының депутаты:

– Ел Парламенті қабылдаған «Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы декл­а­рациясы» Президенттің жұмысына берілген ең әділ баға деп ойлаймын. Осылайша, халық қалаулылары Қазақ­стан халқының біртұтастығы мен бірлігін айшықтап берді.
Қазірдің өзінде аталған декларация барша қазақстан­дықтар тарапынан қолдауға ие болуда. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде бұл құжаттың маңызы өте жоғары деп толық сеніммен айта аламын.

 


 

Нұржан ШИЯП, 
«Қазгидромет» РМК әкімшілік департаментінің директоры:

– Біздің еліміз тәуелсіздік жыл­да­рын­да көптеген белестерді бағын­дырды. Қазақстанның бәсекеге қа­білет­ті 50 елдің қатарына енуі, күллі әлем­нің назарын аударған Астанада өткен Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік ұйымының және Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті, қысқы Азия ойындары және тағы да басқа ірі шаралар соның айқын айға­ғы. Санаулы айлардан кейін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­месі өз жалауын көтереді. Одан бөлек, Орта Азия елде­рі­нің арасында ең алғаш болып Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Еліміздің басты жетістігі ол – Еуразия кіндігінде Аста­наның бой көтеруі. Бұл жетістіктерге Елбасының ерен еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Таяуда қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы декларациясы» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен қазақ­стандықтардың 25 жылда жеткен жетістіктерін анық көрсетіп берді.

 


 

Жаңалық САҒЫНДЫҚОВ, 
Республикалық диагностикалық орталығы  University medical center филиалының жетекшісі:

– «Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы декларация­сында» Президентіміздің ерен еңбегі анық көрсетілген. Бұл тарихи құжатта Қа­зақстанның 25 жылда жеткен жетіс­тігі ғана қамтылып қоймай, өскелең ұрпаққа үндеу жария­ланған. Болашақ буын мемлекетіміздің аяғынан нық тұрып, рухы биік, дамыған әрі бірлігі жарасқан елге айналуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін Елбасына қа­рыз­дар. Жаңа ұрпақ еліміздің даму жолы қайдан басталғанын ғана емес, сондай-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының мем­лекет және халық алдында өлшеусіз еңбегін білуі қажет.

 


 

Есенжол НАЗАРОВ, 
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары: 

Өздеріңізге белгілі 90-жылдары тағдыры талқыға түсіп, таралуға шақ қалған Сыр елі, Елбасы, Нұрсұл­тан Назарбаевтың сол ке­зеңдегі келелі шешімі мен бүгінгі қамқорлығымен қолдауының негізінде халқы қуатты, дамуы тұрақты аймаққа айналды. 
Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев үшін қасиетті қазақ жері­нің қай пұшпағы да айрықша ыстық, қай мүйісі де ерекше қымбат. Дегенмен Елбасы өзі «Алаштың анасы» атаған Сыр елі, Арал аймағы мен оның маңайын жайлаған қалың жұрт Президентіміздің әрдайым жүрек түкпірінде.
Бүгінгі күні Солтүстік Арал жо­басының екінші кезеңі, «Ба­тыс Еу­ропа –  Батыс Қытай» халық­ара­лық автодәлізі, «Бей­неу – Бо­зой – Шымкент» магистральдық газ құбыры сын­ды Елбасы бас­та­ма­ларының игілігін Сыр жұртшы­лы­ғы нақ­ты сезінуде. 
Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішін­де еліміздің Тұңғыш Пре­­зи­денті, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем мойындаған іскерлігі мен біліктілігі арқасында Қазақ­стан­ды әлемге танытты. Ел­басымыздың осындай ерен еңбегі мен ерлігіне лайықты баға ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы дек­­ларациясы деп білемін.


 

 

Сәбит ПАЗЫЛОВ, 
Қызылорда облыстық медицина орталығының бас дәрігері, Қызылорда қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі:

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сізді­гінің 25 жылдығы декла­рациясы» – елдігіміз бен егемендігіміздің өмір­шеңдігін айғақтайтын тарихи құжат. Егемен елдің елжанды азаматы ретінде маңызды құжатты мұқият оқып шықтым. Декларацияда ширек ғасырда қол жеткізген толағай табыстарымыз түгел көрсетіліпті. Тарихи құжатта атап көр­се­тілгендей, тәуелсіз Қазақстанды құруда, қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз орасан зор еңбек сіңірді. 25 жылда қоғамның қай саласын алсақ та, жеткен жетістігіміз көп. Қа­зақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап, Президентіміз ха­лық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Елде өмір сүру жасын ұзартуға қол жет­кізілді. Дәрігер ретінде айтарым, елімізде ұлт саулығы, ден­саулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақ­тау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді. Атап айтқанда, заманауи медициналық орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың бар­лық спектрі жүзеге асырылуда. Еліміз еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді, сонымен бірге, халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтар­лықтай оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мақтанышпен айта аламыз. Осының бәрі декларацияда нақты көрсетілген. Осы орайда аталған құжатты кемел келешек, баянды болаша­ғымыз жолында барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін бірегей құжат деп қабылдаймын.


 

Асылжан БҮРКІТАЛИН, 
«Жас Отан» ЖҚ АОФ төрағасы: 

– Данышпан бабамыз әл-Фараби: «Бі­лім­­ді болу – жаңалық ашуға қабілетті болу» деген екен. Бұл пайымның растығына және бүгінгі ұрпаққа да ой салатынына көз жет­кізіп отырмыз. Елбасымыздың жастарға жа­­саған әр мүмкіндіктері ғасырлардың сы­ны­нан өткен ғұлама сөзінің заңды жал­ға­сын­дай. Жастарға жасалған мүмкіндіктердің бір мысалы ретінде әлемде теңдесі жоқ «Бо­­ла­шақ» бағдарламасын атап өткім келе­ді. Осы уақытқа дейін бағ­дарлама аясында 12 000-нан астам жас әлемнің 35 мемлекетінде  алдыңғы  қатарлы  жоғары оқу орындарында білім алды. Оның ішінде 200-ге жуық ақтөбелік қазіргі күні еліміздің дамуында әртүрлі салаларда қызмет етуде. Жастар – қоғамның  қозғаушы  күші. Облыста 25 жыл­дық аясында  өтетін әр шараға  жастар  жауапкершілікпен қарап, бел­сенділікпен  атқаруда. Бұл дегеніміз – жастардың туған елге де­ген, Отанға деген  шынайы  сүйіспеншілігі. Тәуелсіздіктің тәтті на­­нын жеп, бейбіт өмірдің ашық аспан астында өмір сүріп жатқан ақ­тө­белік  жастар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына қабылданған декларацияға бей-жай қарамайды. Аймақтағы «жасотандықтардың» жетекшісі ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияны  зор ынтамен зерделедім. Оны Қазақстанның жаңа даму жолын салған ірі сая­саткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқа­сында бейбіт өмір мен дамудың бақытты күндерін кешіп отыр­ған миллиондаған қазақстандықтың өмірі мен олар үшін дәуірлік оқиға болып саналатын тәуелсіздік оқиғасын баян ететін ерекше құжат деп та­ны­дым. 
Жастарды аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында бар күш жігерімізді біріктіруге шақырамын. Жастар – ел болашағы, оларды дұрыс жолға бағыттау біздің қолымызда.

 


 

Асхат АЙЖАРЫҚОВ, 
Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Біз бір­лік пен татулық орнаған елімізді сақтап, ұрпаққа аманат ету жолында еңбек етіп келеміз. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағ­дай жасалған. Алғыр ауыл жастары «Сер­пін» бағдарламасымен білім алып, кейін «Бо­лашақпен» шетел асып жүр. Шексіз білім мен мол тәжірибе ел дамуына үлес қосып та жатыр. Міне, осы іргелі істердің аясын кеңейтіп, келер ұрпаққа жеткізу әрбір қазақстан­дықтың мін­деті. Қабылдаған декларацияға алғысымызды білдіреміз, өз үле­сіміз­ді қосуға дайынбыз. 

 


 

Ерлан МУХАЙС, 
«Нұр Отан» партиясының Ырғыз аудандық филиалы, есеп секторының меңгерушісі:

– Ауыл үлкен қарқынмен дамып келеді. Мә­селен, Ырғыз ауданы арқылы «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі өтіп жатыр. Таяуда көгілдір отын тартылды. Енді шағын және орта бизнес дамып, ауыл халқы жұ­мыспен қамтылатынына шүбә келтір­мей­міз. Міне, шалғайдағы ауданның тәуелсіздік жыл­дарындағы табысы – осы. Қазақстан әлем­ге танылған мемлекет. Біздегі бірлік көпке үлгі. Сондықтан Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған декларация ең дұрыс шешім. Біздің мақ­сатымыз бір, қолдаймыз. Әрі бүкіл халықты декларацияны қол­дауға шақырамын.

 


 

Гүчин ГЕЙДАРОВА,
Түрік ұлттық-мәдени бірлесітігі жетекшісі, 
 «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі:

Ел тәуелсіздігінің мерейлі мере­ке­­сі қарсаңында қабылданған «Қа­зақ­стан Республикасы Тәуел­сіз­ді­гінің 25 жылдығы дек­ла­рация­сы» әрбір Қазақстан азаматы үшін құнды құжат деп білемін. Егемен еліміздің елдігін көрсететін маңызды құжатта жас мемлекетіміздің қалыптасу және қол жеткізген саясаты арқасында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты ме­м­лекет ретінде қалыптасты. Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәр­тебесі бар айрықша институт – Қазақстан халқы ас­сам­блея­сын құрды. Елімізде бейбітшілік пен келісім бар­ша жұрт­шылықтың адамгершілік және әдеп нормасына ай­налды десем болады. Жүздеген ұлт өкілдері өмір сүріп жат­қан мемлекетіміздегі ауызбіршілік, ынтымақ пен тату­лық бүгінгі күннің ең басты – құндылықтарының бірі деп білемін.
Сонымен қатар Мәңгілік ел құндылықтары қазақ­стандықтардың тәуелсіздікті нығайтуға ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен болашағын біріктірді. Бұл құжат біз­дің жарқын болашақ жолында бірлігіміз бен ынтыма­ғымызды көрсеткен тағы бір маңызды оқиға болды.


 

Оразғали БЕКПАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, 
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:

ҚР Парламенті палаталарының бір­лескен отырысында қабылдан­ған, тәуелсіз елімізде санаулы уа­қыт­та атқарылған ұшан-теңіз жұ­мыс­тарды айшықтайтын тарихи құ­жат баршаның көкейіндегі риза­шылық сезімді туын­датқаны анық.
Міне, ғасырлар аңсаған тәуелсіздігімізге ширек ғасыр тол­ды. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан жас мемлекетіміз осы аралықта ғасырдың аса ірі қоғам қайраткері, ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен аса зор жетістіктерге жетті. Қашанда татулықты, бейбіт за­ман­ды мұрат еткен Елбасы маңына топтасты. «Төртеу тү­гел болса, тө­бедегі келеді» деген қағиданы тұтынды. Да­ра­боз ұлы да көп­шіліктің алғаусыз пейіліне селкеу түсір­ген жоқ.
Сол жылдары шаңырағын енді көтерген Қазақстанның адам­затты жаппай қырғынға ұшырататын атом қаруынан өз еркімен бас тартуы дүниежүзін селт еткізген соны жаңа­лық болды. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны миллиондаған жанның кеудесіне үміт отын жақты.
Біздің елімізде «Қоғамның басты байлығы – адам» де­ген бұлжымас қағида қалыптасқан. Соның негізінде қа­­­былданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Жан жадырататын көріністерді республикамыздың түк­пір-түкпірінен соның ішінде Сыр өңірінен де көптеп кез­дес­тіресіз. Сүйсінерлігі сол, мұндай игілікті қадамдар тек ірі қа­ла, облыс орталықтарында ғана емес алыс аудан­дар, шал­ғай ауылдарда да жүзеге асуда. Бұл тұрғыда ел-жұр­ты­ның жоғын жоқтап, барын пайымдаған Пре­зиден­тіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз еке­ні даусыз.


 

 

Жайнагүл РАҚЫШЕВА, Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: 

Парламенттің қос палатасы еліміз үшін маңы­зы ерек Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы дек­­ларациясын қабылдады. Бұл құжатта Қазақ елінің қысқа мерзімдегі жүріп өткен жо­лы мен асуы айшықталған. Декларацияда: «Тәуел­сіз­діктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұң­ғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақ­стан халқының ауқымды тарихи же­тістіктерінің жарқын көрінісі. Қа­зақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты даму­дың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құ­қығы бар екендігін дәлелдеді» делінген. 
Расында да, Тәуелсіз еліміз өткен 25 жылда экономикасы қар­қын­­ды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақ­ты мемлекет ретінде қалыптасты.  
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда Туымызды көтердік, ше­­карамызды белгіледік, елімізге ие болдық. Қазір Мәңгілік ел бол­дық. Мемлекетіміздің барлық жетістіктері мен жеңістеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді басшылығының, әрбір қазақ­стан­дықтың тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондай-ақ еліміздің мұндай биік дәрежеге жетуі – елдегі ынтымақ пен тату­лық­тың арқасы деп білемін. Себебі, егемендік алған 25 жыл ішінде Қазақ­стан азаматтары бір шаңырақ астында тату тірлік кешті, осы­лайша, елімізде бірлік пен ынтымақты қалыптастырды. 
Бүгінде еліміздің экономикасы көтеріліп, Қазақстанның абы­ройы әлем­ге асқақтай түсті. Елбасы сарабдал саясатының арқасында халық­ты жарқын істерге жұмылдыра білді. Қоғамда татулықты нығайту, жаһандық бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси ба­ғытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Дек­ларацияда тәуел­сіздікті сақтап қалу, еліміздің өркендеуі жолында сү­белі үлес қос­қан Елбасы еңбегі ерекше айтылады. Сондықтан Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы туралы декларацияны бірауыздан қолдап, бұл құжаттың бей­біт күннің болашағына берік негіз болатынына се­нім білдіремін.

 


 

Қосаяқ КӨПТІЛЕУОВ, 
Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы:

– Декларация – тарихи құжат. Мұнда Қа­зақстанның даму жолы көрсетілген. Сон­дық­тан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты қа­былданған декларацияны қолдаймыз. Тәуел­сіздік жылдарындағы еліміздің жүріп өт­кен жолы, Елбасының ерен еңбегі айрықша ата­лып өтті. Ел ел ішіндегі жақсылыққа қа­нық, татулықтың, тыныштықтың мәңгілік бол­ғанын қалайды. Демек, бәрі де декла­рация­ны қолдап, қабылдады. 


 

 

Айнагүл ЖҰМАҒҰЛОВА, 
«Нұр Отан» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:

– Еліміз жыл өткен сайын көркейіп ке­ле­ді. Әр салада даму, жетістік бар. Жастар шет­елде білім алып, тәжірибе жинады. Алғашқы легі қазір еліміздің әр өңірінде, аудан, ауы­лын­да еңбек етіп жүр. Ауыл үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмегі тиді. Жастар туған жерге еңбек етуге, еңбек жолын ауылдан бас­тауға асығады. Ал мемлекет жастардың ынтасы мен талабын қол­дай­ды. Еліміз осындай үйлесімділікте дамып келеді. Барлығы тәуел­сіздіктің арқасы. Біреуге кіріптар болсақ, бұлай шалқып жүрмес едік. Тәуел­сіздігіміз баянды болсын!