Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өзбекстан қай жолды таңдамақ?

Өзбекстан қай жолды таңдамақ?

Айнұр Қазыкенова
979
Өзбекстан қай  жолды  таңдамақ? Өзбекстандағы президенттік сайлау додасы 4 желтоқсан деп бекітілгенімен, сайлау осы аптада басталып кетті.

Өйткені түрлі себептермен  сайлау болатын  күні келе алмайтындар 2 желтоқсанға дейін дауыс  берулеріне  рұқсат. Орталық сайлау  комиссиясы  осылай   шешкен  сынды. Бұл жолы сайлауға  түскен төрт  үміткер бар. Біріншісі  – елдің премьер  министрі һәм уақытша президенттің қызметін атқарушы Шавкат  Мирзиеев, екіншісі  –Хатамжон Кетмонов,  үшіншісі –Сарвар Отамуратов және төртіншісі –Нариман Умаров. Тақап қалған аламан бәсекеде кімнің  бағы жанбақ, кімнің аты озбақ? Қазірдің өзінде  сарапшылар  бір ауыздан Өзбекстанның екінші  президенті деп Шавкат  Мирзиеевті  танып  отыр. Өйткені 13 жыл премьер  министр тағынан түспей  келген Шавкат Мирзиеев халыққа  аса танымал тұлға. Сондай-ақ елдегі кландар  арасында да беделді. Сондай-ақ, ол Ұлттық қауіпсіздік  қызметінің  басшысы  Рустам  Иноятовтың   қолдауына  ие. Алдын   ала сайлау қорытындысы  белгілі  болып  тұрғандықтан сарапшыларды  қызықтыратын бір-ақ  нәрсе бар.  Ол  «Шавкат  Мирзиеев Ислам Кәрімовтың жолын жалғастыра  ма, әлде өзінше жол  іздей ме?». Көпшілігі  сайлау Ислам Кәрімов кезіндегі сайлаудан  бір айырмасыз  екенін айтып, «Мирзиеев  Кәрімовтың жолымен кетеді»  десе, екінші  біреулері  «Өзбекстан алдағы уақытта бірбеткей  емес, көп  тармақты саясат  ұстануға тырысады. Қазірдің өзінде соның нышаны сезіліп тұр»  деседі.