Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ең үлкен жылыжай кешені - Алматыда

Ең үлкен жылыжай кешені - Алматыда

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
988
Ең үлкен жылыжай кешені   -  Алматыда  Қазақстандағы ең үлкен жылыжай кешені алматылықтардың қажетін өтейтін болады.

Бұл «ҚазАгро» ұлттық холдингінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылғалы отырған кезекті инвестициялық жоба. Нысанды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық құрметіне ресми түрде ашу іс-шарасы биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген.

«BRBAPK» ЖШС-нің жалпы құны 6,6 млрд теңге тұратын алаңы 12 гектар жылыжайын «ҚазАгро» құрылымындағы компания - «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырған. Объект оңтүстік астананың Алатау ауданында орналасқан және 3 200 тонна қызанақ пен 4 000 тонна қиярдың жылдық өндірісіне бағдарланған.  Өндірісте Dalsem голланд компаниясының технологиясы қолданылады. Шамамен 150 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Бүгінгі таңда отандық фермерлерді қолдап, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдеріне деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында, «ҚазАгро» ұлттық холдингі алаңы 147 гектар жерде өнеркәсіптік типтегі жылыжай кешендерін тұрғызу бойынша 41 жобаны қаржыландыруға мақұлдады. Олардың жиынтық құны 46,5 млрд теңге, ал өндірістік қуаты – жылына 63 мың тонна жеміс пен көкөніс өнімдері. Қазіргі уақытқа бұдан бұрын мақұлданған жобалардың 33-і өндіріске ендігі қосылып та қойған. Қолданыстағы жылыжайлардың ішіндегі ең белгілісі – «Green Land Alatau» ЖШС (Алматы обл.), «Аделя» ШҚ (ОҚО), «Қазақстанның Жылыжай Технологиялары» ЖШС (Ақмола обл.) жылыжайлары.

Сонымен бірге, жеміс пен көкөніс өнімдерінің өндірісін қолдау шеңберінде, «ҚазАгроның» компаниялар тобы суару жүйесін қолданып өнім өндіретін құны 19 млрд теңге және жиынтық қуаты жылына 239 мың тонна болатын 66 жобаны мақұлдады. Қазір 63 жобасы іске қосылған. Қолданыстағы объектілердің ішінде "Арғын" ШҚ (Қарағанды обл.), Айдарбаев ШҚ  (Алматы обл.) жобаларын атап өтуге болады.     

Бақтарды құру мен дамыту бөлігінде, Холдинг жиынтық қуаты жылына 31 мың тонна жеміс пен көкөніс өнімдерін өндіретін құны 6 млрд. теңге тұратын 14 жобаны мақұлдады. 14 жобаның бәрі де іске қосылған. Олардың ішіндегі ең ірілері -  «Аманкелдi» ЖШС (ОҚО), "Alma Green Fields" ЖШС (Алматы обл.).

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, республикадағы ерте көкөніс өндірісінің көлемі 2015 жылы  147,7 мың тоннаны құрады, ол ұлттық тұтыну нормасына сәйкес, елдің   ішкі қажеттілігінің тек  83%-ын ғана құрайды. Бұл маусым аралығы кезеңінде көкөніс өнімінің көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікке әкеледі. Қазіргі уақытта, республика тұрғындарының жабық топырақтағы көкөніске қажеттілігі шамамен 175 мың тоннаны құрайды.