Басты  /  мақалалар  /  Гүлназ Әлімгерей: Қызғаныш ауруға айналмауы қажет

Гүлназ Әлімгерей: Қызғаныш ауруға айналмауы қажет

Айқын-ақпарат
2455
Гүлназ Әлімгерей: Қызғаныш ауруға айналмауы қажет Соңғы кездері сахнаға айналып бара жатқан қазақ телевизиясында әнші-әртістерге жаңалықтың тізгінін ұстау ғана қалған сыңайлы.

 Алайда жұрт әлі де өзі ісіне адал, нағыз маман тележүргізушілер барына қуанады. Жақында ғана Америкадан елге оралған танымал тележурналист көрермендерімен қайта қауышты.

NUR.KZ порталы «Қазақстан ханымы-2010» атағына ие белгілі тележүргізушінің экранның арғы жағындағы жеке өміріне үңіліп көрді.

Гүлназ Әлімгерей сүйікті жары Нұрділдә Оразбен Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында ұйымдастырылған "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" байқауында танысқан. Қашан да қол ұстасып жүретін екі жас Америкада білімдерін жетілдіріп қайтқан еді. Мұхиттың арғы жағына төртеу болып кетіп, бесеу болып оралған бақытты отбасының ұйытқысы Гүлназ Әлімгерей Америка сапарынан алған әсерімен бөлісті.

 

Шетелге білімімізді жетілдіру үшін барып қайттық

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

«Америка бізге не берді? Біз шетелге қыдырып қайту үшін емес, білімімізді толықтыру үшін бардық. Тіл үйреніп қайттық. Балаларыма да үлкен тәжірибе болды. Шетте жүріп, елді сағындық, патриоттық сезіміміз күшейді», - дейді Гүлназ ханым.

Елге келе сала, өзінің бұрынғы қызметіне құлшына кірісіп кеткен журналист одан да жоғары қызметке ұсыныс түсіп жатса, өзінің бағын сынауға дайын екенін айтады.

«Қызықты ұсыныстар болса, әрине, ойлануға болады. Телевизиядағы он жылдық тәжірибем, АҚШ-та үйренгенім, елдегі ұлттық университетте алған біліміммен өзімді сынап көруге болады. Менің елге оралғаным кеше ғана», - дейді ол.

Тележүргізуші ұлттық арна басшылығының шақыртуымен эфирге қайта оралған.

Америка жерінде кіші қызымның кіндігі кесілді

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

Мансабы мен отбасын қатар алып жүрген журналист көп балалы ана атанғысы келетінін жасырмады.

«Біз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз.  Кіші қызым Мәриямның кіндігі Маямиде кесілді. Оны «кенжеміз» деп айтуға әлі ерте. Себебі, біз осымен тоқтап қалғымыз келмейді», - дейді Гүлназ ханым.

Енем бәрін тастап, бізбен бірге мұхит асты

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

АҚШ-та журналистика магистрі дәрежесін алу балалы әйелге оңайға түспесі анық. Осындай сәтте Гүлназ ханымға өзінің енесі қолдау көрсетіп, басы-қасынан табылыпты.

«Біз ол кісіге дән ризамыз. Енем бәрін тастап, бізбен бірге мұхит асып, сол жақта маған қолдау көрсетті, көмектесті. Осы баланың дүниеге келгенінен бастап жағдайымызды жасап, көмекші болды. Ол кісі қасымнан әрдайым табыла біледі. Өйткені басқа бір көмекші алуға сеніңкіремеймін. Енелердің бәрі ондайға бара бермейді. Көпшілігі: «Өз балаларыңды өздерің бағыңдар», - деп жатады. Мақтанғаным емес, енем - өте ақылды жан» - деп ақтарылды тележүргізуші.

Балаларымызға инвестиция салып жатырмыз  

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

Гүлназ ханым бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек деп ойлайды.

«Біздің үйде әкенің рөлі ерек. Ол кісі бала тәрбиесіне тікелей қатысады. Біз балаларымыздың дамуына көп көңіл бөлеміз. Бұл - балалардың болашағының қамы. Оларды көптеген үйірмелерге беріп жатырмыз. Алайда, оларға: «анда бар, мұнда бар, ол заман талабына сай», - деп айтпаймыз. Баланың өз пікірін біліп, ескеру керек. Демалыс күндері отбасымызбен коньки тебуге барамыз, бір уақыт бассейнге апарамыз. Үлкеніміздің театрға деген қызығушылығы ашылып жүр. Ол драма үйірмесіне барады. Ағылшын тілін үйренуде. Әйтеуір қолымыз босамайды. Теледидар көретін, телефон шұқылайтын уақыттары жоқ», - дейді отанасы.

Тағы да Америкада босануға қарсы емеспін

Гүлназ Әлімгерей ол жақтағы медицинаның бізден көп айырмашылығы жоқ екенін алға тартады.

«Шетелге барып келгендердің бәрі елдегі медицинаның артта қалғанын айтып, жамандайды ғой, мен ондайдан аулақпын. Біздің медицинаның да қадірін сезген жағдайлар көп болды. Бізде тегін емхана тұр, соны бағаламаймыз. Ал ол жақта ауырмауға тырысасың. Өйткені бәрі ақшаға келіп тіреледі.

Біздің медицинаның бір әттеген-айы ақ халатты жандардың білімі жетіп тұрса да, науқасқа бір жымия салғаны жетіспей жатады. Егер адамға жылы сөз айтып, күліп қараса, ешкім де «шетел жақсы» деп кетпейді. Ол жақта өте жеңіл босандым. Әйелге көп ауыртпашылық түсірмейді екен. Тағы да Америкада босануға қарсы емеспін», - деп күледі тележұлдыз.

Қызғанбаған жерде махаббат жоқ деп білемін

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

12 жылдық «стажы» бар отбасында әлі күнге махаббаттың оты сөнбеген. Гүлназ ханым ерлі-зайыптылардың арасындағы нәзік сезімге «ауру» қызғанышты жұқтырып алмау керек деп есептейді.

«Қызғанбаған жерде махаббат жоқ деп білемін. Дінімізде де әйел еркекті, еркек әйелді қызғану керек деген бар ғой. Бірақ ол бір-бірімізді мазалайтындай, жүрегімізді жаралайтындай болмауы керек.  Қызғаныш ауруға айналмауы қажет. Мен өте қалжыңбаспын. Қызғанғанымды қалжыңмен жеткіземін. Бізде «саған неге ол былай қарады» деген әңгіме жоқ.  Көптің алдында жүргеннен кейін елдің назары бізде екенін білеміз», - деп топшылайды Гүлназ ханым.

Гүлназ ханымның айтуынша, үйленгеннен кейін бір-екі жылда махаббат жоғалады деген жаңсақ пікір.

«Керісінше, жыл өткен сайын жолдасымыз екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз, сыйластығымыз артып келеді», - деп сендірді тележүргізуші.

Жеке кәсібімді қайта қолға аламын

 

Гүлназ Әлімгерей: Енемнің қолдауын үнемі сезінемін

 

Гүлназ ханымның шетелге бармас бұрын Астанада ашқан журналистика мектеп-студиясының жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр.

«Ол жерге ел мені іздеп келеді, өзім болмаған соң, тоқтата тұруға тура келді. Енді бәрін қайта қолға алмақпын», - деп журналист алдағы жоспарының шет жағасын айтып өтті.

 

nur.kz