Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кастроның құдайы бар...

Кастроның құдайы бар...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1536
Кастроның құдайы бар... Өмір бойы АҚШ-пен арпалысқан Куба президенті қайтпас сапарға аттанды. Бірақ оның жасампаздыққа толы күрескерлік өмірі өлген жоқ.

Ол - бостандық символы. Әлем оны қайтпас қайсарлығы әрі  табандылығы үшін құрметтеді, әлі де бағалайды. Бірақ ол не көрмеді?! 
 «Бостандық аралының» көсемі ел басында отырғалы бері оған  600 рет қастандық жасалды. Бұл сандар әсіреленіп айтылуы да ықтимал. Бірақ батыс сарапшылары нақты 50 рет қастандықтың жасалғанын ашып айтады. Оның ішінде 8 қастандық АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының жобасы негізінде жүзеге асқан. Алайда бұл әрекеттердің барлығы неге екені белгісіз, орындалмай қалған. «Кастроның құдайы бар» дейді білетіндер. Бұл дақпырт па, ақиқат па, аңыз ба? Бұл әңгімені айтатындар ең алдымен 1959 жылы жас Фидель Кастро елде төңкеріс жасап, ертеңінде Орталық алаңда жүз мыңдаған халықтың алдында сөз сөйлеген кездегі көріністі алға тартады
Бір сөйлегенде ұзаққа кететін Фидель сөзін тамамдауға шақ қалғанда оның  екі иығына келіп, екі ақ көгершін қонған деседі. Жүз мыңдаған халықтың қол шапалағынан да шошынбаған қос көгершін Кастро сөзін бітіргенде ғана  ұшып кеткен. Дінге сенетіндер «осы қос періште Кастроны әрдайым оқтан, оттан, тосын апаттан қорғап жүреді» дегенді жиі айтады. Шынында да солай ма? Ал ақиқаты, Кастроға жасалған қастандықтың бәрі сәтсіз аяқтала беретінінде не сыр бар?. «Шын мәнінде Кастроның Құдайы бар,–дейді католик діні сантерия ағымының өкілі Антонио Кастанеды.–Бүкіл Кубаны цунами басып, дүлей дауыл тұрса да бір-ақ адам аман қалады. Ол – Фидель Кастро. Өйткені «Бостандық аралының» көсемі өзіне бағытталған барлық жауыздық әрекеттерден алдын ала қорғалған».
1959 жылы билік басына келгеннен кейін –ақ Кастроға қарсы жорық басталды. Әсіресе, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы тарапынан. Тіпті АҚШ конгресі Кастроға қарсы басталған жорықты құпия түрде өз жауапкершілігіне алды дейтін де ақпарат бар. Ақ үйге шағын аралда төңкеріс жасап, социализмге бағыт алған Кубаның ішкі-сыртқы саясаттағы ұстанымы ұнай қойған жоқ. Ақырында АҚШ Орталық барлау басқармасы «Кастро өлімі» жобасын дүниеге әкелді. Бұл жобаға кімдер тартылмады десеңші, кубалық оппозиционерлер, арнаулы қызмет орындары мен мафия өкілдері. Бірақ операциялардың барлығы да сәтсіз аяқтала берді. Күн санап кішкентай аралда даңқы асып бара жатқан жас Кастроның сыртқы әлпетін сүйкімсіз етіп көрсету үшін тіпті арнаулы жоба да жасалды. Вашингтоннан жеткен арнаулы құрылым өкілдері Куба лидері көбірек жаяу жүретін жерге зиянды ақ ұнтақ та сеуіп көрді. Ол қауіпті ұнтақ Кастроның етігінің табанына жағылады да, ол ағзаға әсер ете бастайды. Ақырында Кастроның шашы түсіп, селдіреп, таз кейпіне айналады. Алайда қауға сақалдың реңі мен имиджін құрту үшін жасалған бұл жоба да жүзеге аспады.
АҚШ Кастроның көзін құрту үшін талай әрекеттерге барды. Өз билігінің артын өздері ашатын америкалық БАҚ  1997 жылы тағы бір сенсациялық ақпаратты айдай әлемге жария етті. Джон Кеннедиге адал қызмет еткен Голливуд сұлуы Мэрилин Монро арнайы әңгімеден кейін Фидель Кастроға ғашық болады. Бүкіл БАҚ «Мэрилин Монро АҚШ демократиясын тәрк етіп, коммунистік идеяларға біржола бет бұрғысы келеді» деп шулап жаза бастады. Алайда Голливуд сұлуы  кенеттен қайтыс болды. Сөйтіп Кеннеди де, Монро да өмірден өтіп кетті...
1963 жылдың 22 қарашасында Далласта Кеннеди атып өлтірілген күні ЦРУ-дің агенті кубалық шпионға уланған қаламсап береді. Бұл Кастроға табыс етілуі тиіс еді. Алайда кубалық шпион да аяқ астынан өлді. Онан кейінгі операция суасты қайығында жүзеге асты. Бірақ ішіне жарылғыш зат салынған киімді Кастро емес, оның қасындағы серігі байқамай  киіп қойып, ол табан астында тіл тартпай кетті.  Мұндай сәтсіз жобалар өте көп. 1971 жылы көсемнің  Чилиге сапары кезінде оны атуға екі мерген арнайы дайындалды. Бірақ екі мергеннің бірін сол күні таңертең машина қағып кетеді де, екіншісі соқырішекпен ауруханаға түседі. Тіпті ЦРУ арқылы арнайы дайындықтан өтіп, Куба көсемінің махаббатына айналған сұлу ең ақырғы сәт Кастроның тамағына у салар сәтте, өз ойынан айнып, сеспей қатыратын ұнтақты унитазға тастап жібереді. Ең соңғы мысал мынау,  1986 жылы ЦРУ үш мергенді үш ай бойы дайындайды, Фидель Кастро митингіге шығуға бір сағат қалғанда, әлгі мергендер ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Сөйтіп,  25 жылға созылған АҚШ-тың «Куба өлімі» жобасы іске аспай қалды. Барлық операция сәтсіз аяқтала берген соң, АҚШ Кастроны өлтіру операциясынан бас тартты. Қалай айтқанда да, «Кубаға құпия жорық» жобасына ресми Вашингтон 125 миллион доллар қаржы жұмсады деген дерек бар. Мүмкін шын мәнінде, талай қастандықтан аман қалған Куба лидерін желеп-жебеген періштелер бар шығар...
Жалпы Фидельдің өмірінде таңғажайып қызықтар көп. Оның жақ талмас шешендік әрекетінде ең алдымен АҚШ имперализміне қарсы көзқарас жатса керек. Негізі  Куба революциясының серкесі «Гиннес рекордтар кітабына» ең ұзақ сөз сөйлейтін мемлекет басшысы ретінде де енген. Ол 2005 жылдың қараша айында ел астанасы Гаванада өткен митингте жергілікті университеттің 60 жылдығына байланысты халықтың алдында тоқтаусыз 3,5 сағат сөз сөйлеген. Бір таңқаларлығы, Фидель Кастро осы уақыт аралығында  бір рет те белін бүкпеген  көрінеді. Десек те, бұл сексеннен асқан  жастағы қартқа оңайға соқпаған. Сөз сөйлеп болып, мінбеден түсіп бара жатқанда ол әлсіреп құлап барып, қайтадан бойын тіктеп алған көрінеді. Періштесі жебеген болар.
–«Мен сендермен қоштаспаймын. Өз идеясы бар күрескер жауынгермін.  Мен қазір «Фидель жолдастың ой-толғамдары» атты кітапты жазу үстіндемін. Бұл жауымызға қарсы атылған оқ. Сондықтан менің үнім әркез естіліп тұрады». Бұл 1959 жылдан бері ел басында тоқтаусыз қызмет еткен Куба көсемі Фидель Кастроның парламентке жіберген хаты. Алайда бұл Кастроның ақырғы сөзі емес. Куба лидерінің ресми түрде биліктен бас  тартуы әлемдік алпауыт елдер арасында алғашқыда дүрбелең туғызғандай болған. Өйткені 60 жыл уақыт бойы АҚШ-қа қарсы саясат ұстанып келген бірден бір ел –осы Куба.
Рас, өткен жылы 88 жылдан кейін  АҚШ президенті «қара нәсілді бала» Барак Обама бұрынғы арадағы салқындықты бұзып, Кубаға алғаш рет аяқ басты. 1960 жылдардың басында Кубаға салынған эмбаргодан кейін АҚШ-пен арадағы  қарым-қатынасқа осылай жылымық келді. 
... Кубаның қайсар, қайраткері Кастро  мұны көрді. 
 Бірақ мәңгілік ешкім жоқ.