Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Қырқынан шығару» ескерткіш монеталары айналысқа шығады

«Қырқынан шығару» ескерткіш монеталары айналысқа шығады

Айқын-ақпарат
1110
«Қырқынан шығару» ескерткіш монеталары айналысқа шығады Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «proof» сапалы күмістен және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «Қырқынан шығару»ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды.

 

Монета неліктен бұлай аталды? «Қырқынан шығару» – қазақтың ежелгі дәстүрі. Туғанына 40 күн өтіп, баланың буыны кішкене болса да қатайғаннан кейін сәбиді қырқынан шығарады.Сондай-ақ баланы 40 қасық тұзды суға шо­мылдырады. Су құйылған ыдысқа күміс әшекейлер мен монеталар салады. Себебі, күміс ежелден та­залықтың нышанын білдіреді, бәле-жаладан қорғайды деп есеп­теледі. Бұл рәсімге әйелдер ғана қатысады.Балаға қасықпен су құя отырып, олардың әрқайсысы жақ­сы тілектер айтады.Осы дәстүрді өткізгеннен кейін баланы көпші­лікке көрсетуге болады деп санал­ған. Яғни, монета қазақ ырымын әспеттеуге негізделіп отыр.
Ұлттық банктің хабарлауынша, күмістен және нейзильбер қоспа­сынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. «Рroof» сапалы күміс моне­талардағы бейне жылтыр бетіне салынған.
Монеталардың бет жағының (аверсі) ою-өрнекпен көмкерілген орталық бөлігінде Қазақстан Рес­публикасының елтаңбасы бей­неленген. Төменгі жағында моне­таның номиналын білдіретін сан (күміс монетада «500», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «100») және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементі бір-біріне қа­рама-қарсы бейнеленген. Жиек­тері мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚ­СТАН РЕСПУБЛИ­КАСЫ» және орыс тілінде «РЕС­ПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деп жазылған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ұлттық дәстүр – қырқынан шығарудың бір сәті бей­неленген. Сол жағында ҚР Ұлт­тық банкінің логотипі бар. Жиектеріне мемлекеттік тілде «ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ» деп жа­зылып, соғылған жылын біл­ді­ретін «2016» саны мен монета дайын­далған металды, яғни, оның сынамасы және массасын біл­діретін «Ag 925 24 g» деген жазу (кү­­містен жасалған монетада ғана) бар.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, жиектері шығыңқы.Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар:
– 925 сынамды күмістен жа­салған, массасы – 24±0,24 г, диа­метрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана;
– «нейзильбер» қоспасынан, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 г, таралымы – 100 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік ескерткіш монеталар республикамыздың бүкіл аума­ғында төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шотта­рына салуға және аударым жасау үшін қабылдануға міндет­ті, еліміздің барлық банктерінде ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды «ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құ­қығындағы республикалық мем­лекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қа­зақ­стан Республикасы Президен­тінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллек­ция­лық құны бойынша сатуға арнал­ған. Олар сувенирлік қаптамамен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сер­тификатымен жабдықталған.
Нейзильбер қоспасынан жа­сал­ған ескерткіш монеталардың алты мың данасы жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы пластикалық термо­вакуумды қаптамаға салынған.
Монеталарды Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық банкінің бар­лық филиалдарында, сондай-ақ ҚР ҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтындағы интернет-дүкен ар­қылы да сатып алуға болады.


Нұрай РАХЫМ