Басты  /  мақалалар  /  Гүлзат ҚОПАНОВА, дәрігер: Дәрігер болудан «Құдай сақтасын» деуші едім

Гүлзат ҚОПАНОВА, дәрігер: Дәрігер болудан «Құдай сақтасын» деуші едім

Жадыра Аққайыр
1887
Гүлзат ҚОПАНОВА, дәрігер: Дәрігер болудан «Құдай сақтасын» деуші едім Қиналып келген адамға қол ұшын беріп, дертінен айықтыратын айрықша медицина мамандарына сұраныс жоғары. Тіпті бұл мамандықты «ешқашан өлмейді» деп жатады.

Себебі, адам ауырмай тұрмайды. Ал «алдына келгенді емдеймін» деп ант-су ішкен дәрігерлер қоғамға қашан да қажет. Осындай ісіне адал кейіпкеріміз Гүлзат Қопанова – тәуелсіздіктің құрдасы, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Үшбиік ауылының тумасы. Тағы бір айта кетерлігі, 1991 жылдың 1 желтоқсанында, сайлау күнінде дүниеге келген екен.

Атымды «Сайлаухан» қойғысы келген екен
«Тәуелсіздіктің төл құрдасы­мын. Президент сайлауы күнінде дүниеге келгенмін» деп үнемі мақтанышпен айтып отырамын. Себебі, расымен бойында басқаша сезім болады. Тіпті маған есім таңдар кезде әжем Сайлаухан деп қойғысы келген екен. Өзінің аты – Тілеухан. Соған ұқсатып әрі сайлау күні болған соң, байла­ныс­тырғанды жөн көрсе керек. Бірақ көпшілігі «ол қыз бала, кейін есімі­нен ұялатын болады» деп әжемді көндіріп, Гүлзат деп қойған.   
Бала кезімде мұғалім болғым келетін. Тіпті «Кім болам?» деген шығарма жазғанда да «білім берсем, апай болсам» деп жазатыным есімде. Шыны керек, бұрын-соңды дәрігер боламын деген ойым мүл­дем болмаған. 11 жыл мектепте, одан кейін 7 жыл университетте оқып, өмірімді босқа өткізгім кел­мейді деген ұстанымым бар-етін. Бірақ жоғарғы сыныпқа  келгенде «Жас жол инспекторлары» слетіне қатысып жүрдім. Жыл сайын сол жарысқа медбике болып баратын­мын. Тыңғылықты дайындалып жүр­гендіктен орын алмай қайт­пайтынбыз. Содан айналамдағылар «Сенен жақсы дәрігер шығады, нағыз медицина маманы болатын адам» деп құлағыма құя бастады. 9-сыныпта алдымда мамандық таңдау тұрды. Ұзақ ойланбастан, дәрігер боламын деп шештім. Сол кезде-ақ 10-11-сынып оқушыла­рымен бірігіп дайындала бастадым. ҰБТ сұрақтарын, медицина туралы кітаптарды өз бетіммен оқи бердім. Соның арқасында тестілеуден де қиналмай өттім.

Медицина – жаңалықтарға толы
Ендігі таңдау – қай оқу орнында оқимын деген ой болды. Ата-анамнан жыраққа кетіп көрмеген маған әрі жақын болатын, әрі сапалы білім беретін оқу ордасын іздедік. Семей қаласының мемле­кеттік медицина университеті жай­лы жағымды пікірлерді естіп, соған түстім. Ол жерде 5 жыл жалпы ме­дицинаны, кейін 2 жыл интер­натураны тәмамдадым. Жалпы тәжірибелік дәрігердің білуі тиіс дүниелеріне қанық болдым. Енді мінеки, 4 ай болды қосымша фти­зи­атрия мамандығын оқып жатырмын. Медицина үнемі білімді толықтырып отыруды қажет етеді. Себебі, бұл салада сәт сайын жаңалықтар болып жатады. Ал кәсіби маман соның барлығынан хабардар болып отыруы шарт. Менің ендігі мақсатым – барынша білікті маман болу. Магистратура, докторантурада оқу жоспарда бар.
Қазіргі оқып жатқан маман­дығым – фтизиатр. Яғни, тубер­кулезге шалдыққандарды, өкпемен байланысты ауруларды емдейді. Бір байқағаным, бұрынғымен са­лыстырғанда, қазір өкпе ауруы азайған. Бұл – медицина маманда­рының жетістігі. Сонымен бірге, бүгінде халықтың сауаты артқанын көрсетеді. Денсаулықтың қадірін біледі, өз-өздерін күтеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Яғни, дәрігер мен науқастың арасында жақсы қарым-қатынас орнады деген сөз. Нұсқаулықты орындап, зиянды қы­лықтардан аулақ бола бастайды.
 

Көпшіліктің медицина саласын таңдауға жүрегі дауаламайды. Онысы жөн-ақ. Себебі, өзге адамның тағдыры қолыңызда тұрса, жауапкершілік сезінбеске амал жоқ. Білімді, кәсібіне деген үлкен махаббаты бар мамандардың қарасы қай салада болмасын көбейгені керек. Медицина саласына Гүлзат секілді жаңа жас қосылды. Ол тек дәрігерлер қатарын ғана емес, жас отбасылар қатарын да бір адамға арттырып отыр. Жақында шаңырақ құрған кейіпкеріміздің мақсаты айқын, арманы – асқақ. Тәуелсіз ел тарландарының барлығы осындай болса керек-ті.


 

Тәуелсіз елде тұрып жатқаныма қуанамын. Мұны әр сәт сайын жан-тәнімізбен сезінеміз. Неге десеңіз, қалағаныңызды жасауға мүмкіндік бар. Не киемін, не ішемін деген мәселемен де бас қатырмайсыз. Қаншалықты еңбек етіп, талпынсаңыз – нәтижесі соншалық. Сайып келгенде, өзіңізге ғана байланысты. Басқа елдердегідей өзгеге кіріптарлық та жоқ. Көп нәрсе қолжетімді. Біле білгенге, бұл – үлкен бақыт. Осындай күнді, осындай күйді кешкісі келетін әлемде сан-мыңдаған ел бар. Өз алдына азат, егемен елдің ұрпағы екендігімізбен мақтанамыз.