Басты  /  мақалалар  /  ЕЛІМІЗДІҢ МЕДИАСЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫН

ЕЛІМІЗДІҢ МЕДИАСЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫН

Айдана НҰРМҰХАН
2479
ЕЛІМІЗДІҢ МЕДИАСЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫН Абай Отар – журналист. 2014 жылы «Болашақ» стипендиясын жеңіп, Ұлыбританияда журналистикадағы білімін жетілдірген, бүгінде үш тілді еркін меңгерген білікті маман.

 1991 жылы 24 қаңтарда Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген. Осы өңірде алғаш мектеп табалдырығын аттап, 9-сыныптан кейін Жамбыл қазақ-түрік экономикалық колледжіне Менеджмент мамандығы бойынша оқуға түседі. Бұдан кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде Экономика мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Университет қабырғасында жүріп «Нұр Астана» жастар апталығының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып жүріп, журналистикаға деген қызығушылығы артады. 2011 жылы Астана қаласындағы осы газеттің редакциясына ауысып, тілші, шолушы, веб-редактор, журналист-редактор сынды бірқатар қызметте бабын сынап көреді. Еліміздің журналистика саласындағы азат ойлы «Тәуелсіздік құрдасымен» сұхбаттасудың реті түсті.

– Абай, «Болашақ» бағдарла­масымен Ұлыбританияда білім алып келдіңіз. Неге таңдау бұл елге түсті?
– «Болашақ» стипендиясын журналистік қызметте жүріп же­ңіп алдым. Мақсатым – осы салада білімімді жетілдіріп, шетел­дік тәжірибені үйрену болатын. Ал журналистикасы керемет елдердің бірегейі осы – Ұлыбритания. Ағылшынның БиБиСи-ін білмейтін адам кемде-кем. Бұл елдің баспасөзі әлемдегі ең сенімді медиақұрал, ал уни­верситеттері «ең үздіктер» қатарында. Оксфорд пен Кэм­бриджді бала кезден біліп өстік. Ал «Рассл Групқа» енетін оқу орындары білімге әбден көңіл бөлген. Бала кезімнен Ұлы­британияда оқуды көп арман­дадым. Анамның да студент кезіндегі арманы – «Тұманды Альбионда» оқу сонда саяхаттау болыпты. Осы себептердің бар­лығы Англияны таңдауыма негіз болды.
– Қандай мамандық бойынша оқып келдіңіз? Ұлыбританияның сол саладағы жетістіктері қайсы?
– Англияда халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистрлік білім алып қайттым. Мен оқыған Лидс уни­верситеті – журналистика сала­­­сы бойынша Ұлыбрита­ния­дағы бел­ді оқу орындарының бірі. Мү­йізі қарағайдай профессорлар, ғы­лым докторлары сабақ берді. Мәселен, «журналистика тәжіри­бесі және саясаты» мамандығы бойынша дәріс оқыған Джуди Стампер есімді профессор – 20 жыл БиБиСи-де жұмыс істеген, Англияға та­нымал журналистің біреуі. Сондай-ақ Майкл Бристоу деген БиБиСи-дің журналисі, Адриан Куинн, Лии Эдуардс, Хайро-Луго-Окандо, Трэйси Моллет, Да­ниель Мутибуа секілді профес­сор, ғылым докторлары дәріс оқыды.
Англияда БАҚ үлкен күшке ие. Тіпті патшасының өзі БАҚ-тың алдында именіп тұрады. Ағылшындардың БиБиСи-ге имандай сенуінің басты себебі – бұл арнаның тек шынайы ақпарат беруге деген талпынысы мен қателескен жағдайда кемшілігін ашық мойындайтыны. Ағылшын медиасының деңгейін «Уикиликс оқиғасы» мен «Левиссон сұраны­сы» кейстері жақсы ашып береді деп ойлаймын.
– Екі елдің білім жүйесінде ұқ­састық, яки айырмашылық бар ма? Олардың білім жүйесінде кемшілік бар ма?
– Екі елдің білім жүйесі арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бұл мемлекетте студенттің жеке ізденісіне көп көңіл бөлін­ген. Ұстаз дәріс оқы­ғаны­мен, оны түсіну, меңгеру – студенттің міндеті. Сондықтан түрлі семинарлар, студенттердің өзара кездесіп, сабақты тал­қылауы кең таралған. Сабақтан тыс, мұғалімнің бос уақытында бара қалсаң, ұстаздар жан-тәні қалмай тақырыпты түсіндіретіні тағы бар. Сондай-ақ ұстаз бен студент арасындағы қарым-қатынас қатты сақталады. Мұғалімнің студентімен бірге рес­торанға баруына, түрлі сый­лықтар алуына қатаң тыйым салынған. Яғни, студент пен мұғалім тек сабақ мақсатында кездесуі тиіс. Мұның себебі – түрлі жағдайларда ұстаз бен студент арасындағы қарым-қатынас жақсарып, студенттің бағасын көтермелеп қоюдың алдын алу.
Студенттің сабағын бағалау да қатаң жүйемен жүргізіледі. Әр емтиханды, жеке ғылыми жұ­мысты, презентацияны кемінде екі мұғалім бағалайды. Әрі сту­дент жұмысын Turnitin дейтін бағдарлама арқылы плагиатқа тексереді. Алда-жалда аталған бағдарлама студент жұмысынан 20 пайыздан астам ұқсастық тауып берсе, сол студенттің еңбегі бағаланбайды. Оған қоса, уни­верситет әкімшілігі тарапынан сөгіс жарияланады. Ал емтихан кезінде шпор қолданып қолға түссең, есімің қара тізімге еніп, балың шегеріліп, келесі емтихан кезінде арнайы қадағалау жа­салады. Англия университеттері 100 балдық жүйені қолданса да, гуманитарлық мамандықтарда 90 балдан асырып ешкімге баға қоймайды. Себебі, ағылшындар бұл салаларда 100 пайыз ештеңе жоқ деп есептейді. Біздегідей «сабағымды 100 балға бекіттім» деп айту мүмкін емес. Көп студент 50-ден асқанына қуанады.
– Ол жақта қандай тақырыпқа ден қойып, жан-жақты зерттей алдыңыз?
– Мұнда Британия баспасө­зіндегі Ислам, Израиль – Палес­тина қақтығысы, Гардиан, Уики­ликс, спорт журналистикасы се­кіл­­ді тақырыптарды тереңірек зерттедім.
– Жалпы, «Болашақ» бағдар­ламасымен шетелде жаратылыс­тану бағыты бойынша оқып келген жас­тар елге оралғаннан кейін алған білі­мін еш салада пайдалана алмай­тынын айтады. Себебі, оларға қа­жет техникалық құрал-жаб­дықтар бізде жоқ екен. Сіздің шетелден алған біліміңізді қай бағытта жұмсауға болады, қандай салада еңбек етесіз?
– Ұлыбританияда алған білімім Қазақстан медиасын да­мытуға үлес қосады деп үмітте­не­мін. Бұйыртса, еліміздегі таң­дау­лы БАҚ саласында жұмыс істеуді мақсат етудемін. Шет мемлекетте оқып жүріп, біршама тәжірибе жинақтай алдым деп ойлаймын және сол ізденісім бір пайдаға жарар.
– Белгілі математик Мұхтар­бай аға Өтелбаев аталмыш бағ­дарламамен білім алуға кеткен жастар тек ағылшын тілін үйреніп келіп жатыр, түрлі салаларды дамытуға қажет білім жинауда деп айта алмаймыз деген болатын. Ағылшын тілінен бөлек, шетелде нені меңгере алдыңыз?
– Мұхтарбай ағаның пікірімен келісе алмаймын. Ағылшын тілін Қазақстанда жүріп те үйренуге болады. Алайда Англияда бе­рілетін білімді біздің елден ала алмаймыз. «Болашақ» түлектері кей салаларды дамытуға атсалыса алмай жатса, оның себебін шә­кірттерден емес, елімізде тоңдай қатып қалған кеңестік жүйеден көруіміз керек шығар. Одан бөлек, «Болашақпен» білім жетіл­діріп келген Бауыржан Байбек сынды ағаларымыз еліміздегі ірі мегаполис – Алматыны басқа­рып отырғанда, «Болашақ» түлектері елімізді дамытуға үлес қоса алмай келеді» деп қаншалықты сенімді айтуға болар екен?!
– Ұлыбританияда Қазақстан­ды білетіндерді кездестірдіңіз бе? Кезіккен болса, Қазақ елі қандай бренді арқылы танымал екен?
– Қазақстан – ағылшындар үшін, жалпы дүниежүзі халқы үшін белгісіз әлем. Көбісі «тоғы­зыншы территориядан» хабарсыз. Тіпті көрші Қытайдан келген студенттер де Қазақстанның қайда екенін білмейді. Ара-тұра бізді Головкин арқылы танитындар кезігіп жатты.
– Сіз оқыған қалада қазақтар көп пе?
– Жергілікті қазақтар болған жоқ. Білімін жетілдіріп жатқан 40-тан астам студент бар.
– Ұлыбритания қазақтары­мен байланысып көрдіңіз бе?
– Әрине, Лондонда тұратын Исмайл есімді ағамызбен жо­лығып, әңгімелескенбіз. Бірігіп бірнеше рет түрлі шаралар ұйымдастырдық.
– Соңғы сұрақ, Тәуелсіздік құрдасы ретінде айтыңызшы, ойы­ңыз қаншалықты тәуелсіз, санаңыз азат па?
– Әлбетте! Егеменді елдің ұрпағы әрдайым тәуелсіз болуы тиіс.


 

Respect!

Абайдың анасы студент кезінде «Тұманды Альбионда» білім алуды, сол мемлекетте саяхаттауды армандаған екен. Абай Ұлыбританияда білім ала жүріп, ата-анасын шетелге қонаққа шақырады. Сол елдің көрікті жерлерін аралап, мәдени құндылықтарымен таныстырып анасының арманын орындайды.


 

Тақырыпқа тұздық:

Абай ұсынған алты кітап:
Журналистика саласына қызыққан кез келген адамға
1.Даррэлль Хаффтің «Статистикамен қалай алдауға болады» (How to lie with statistics),
2.Дэвид Рендальдің «Әмбебап журналист» (The universal journalist),
3. Томас Ханитч пен Карин Уал-Йоргенсонның «Журналистика саласының нұсқаулығы» (The handbook of journalism studies),
4. Грег Фило мен Майк Бэрридің «Израильден жа­ман жаңалық» (Bad news from Israel) атты кітаптарын,
5. Journalism practice журналы
6. Journalism studies академиялық журналын оқуға кеңес берер едім. Сондай-ақ «Назарда» (Spotlight), «Бесінші билік» сынды кинотуындыларды көруге болады.