Негізгі бет  /  мақалалар  /  Gate Сity – Алматының алғашқы серіктес қаласы

Gate Сity – Алматының алғашқы серіктес қаласы

Айқын-ақпарат
840
Gate Сity – Алматының алғашқы серіктес қаласы

Осыдан біраз бұрын ғана Алматы облысының Талды­қорған аймағы мен Жаркент өңіріндегі «Қорғас» шекара маңы ынты­мақтастығы халық­аралық орта­лығында болып, маңызды жоба­лардың жүзеге асыру барысымен танысқан ҚР Премьер-ми­нистрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин аптаның алғашқы күні тағы да Алматы облысына атбасын бұрды. Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің бастауымен Іле ауданына келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары бастаған топ. Байсерке ауылдық аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан, қала мен облыстан келетін күре жол­дарды Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлі­зіне шығаратын жолайрық жа­нындағы жабық павильонда ілінген әр бағыт бойынша ақпа­раттық қалқан­шаларға зер салып, хабарла­машыларды тыңдады.
«Алматы облысын дамыту бойынша «Алатау» АҚ Бас директоры Болат Тәкенов Алматы қаласының бірінші серіктес қаласы Gate Сity және тағы басқа да: Golden City, Growing City, Green City шаһарларының құры­лысын жүргізуге қатысты дәл қазіргі кезде қалыптасып отырған жағдайды жан-жақты баяндады. Бас директордың айтуына қарағанда, бұған дейінгі жобада тек тұрғынжай аймақтары ғана болады деп жобаланған бірінші серіктес-қалада индустриялық аймақтар да орналастырылатын көрінеді. Бұл қадамның бұрын­ғыдан артықшылығы көп. Дәл қазіргі кезде Алматы қаласының маңынан кішкене ғана жер телімінің өзіне қол жеткізудің күрделі екенін жұрттың барлығы біледі. Осы орайда өте ірі инвес­торлардың оңтүстік астана маңы­нан жер ала алмай отырға­нын ескерсек, бірінші серіктес-қала аумағында индустриялық ай­мақтардың орналасуын барынша құптаған жөн. Өйткені алыс-жақын шет елдердегі бизнес­мендердің бүгінде бір ғана проблемасы бар. Ол – жер мен инфра­құрылым. Инфақұ­рылымы тартылған жерге қол жеткізсе, қажетті қаржыны өздері салмақ.
Енді, міне, бұл мәселе де өз шешімін таппақ. «Береке» ин­дус­триялық аймақтың бірінші кезегіне 383 гектар жер бөлінді. Мұнда екі бірдей ірі жылыжай кешені орналасты­рылады. Ре­сейдің «Эко культура» атты агро­өнеркәсіптік кешені 66 гектарға 66 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті екен. Жылы­на 40 мың тонна көкөніс өндіруге қуатты кәсіпорында 1500 адам еңбек ететін болады. Отандық ірі компаниялардың бірі – Greenhouse Kazakhstan ЖШС болса, 31 гектарға 5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартып, көкө­ністермен бірге гүлдер өсірмек. Германиялық «Бауман Гмб Х» компа­ниясы дәл осы ин­дустрия­лық аймаққа 5 мил­лиард теңгеге жылдық қуат­ты­­лығы 17 мың тонна жартылай дайын қой етін д­айын­дауға жететін заманауи кешен тұр­ғызбақ. Сонымен бірге, атал­ған индустриялық аймақта жаңа фармацевтикалық кәсіп­орын мен картоп өнімдерін шығаратын голландиялық кешен ашу жос­парланып отырған көрінеді.
Серіктес қаланың тұрғын­жай аймағында бірнеше және көп қабатты құрылыстар, қоғамдық-іскерлік, рекреа­циялық аймақтар болады. Сол маңда көліктік-логистикалық аймақ орналас­тырылады.
Алматы облыстық энерге­тика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­масының башысы Бағлан Тәнекенов серіктес-қаланы газбен, сумен қамтамасыз ету нысандарына қатысты жағ­дайды баяндаса, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жол­дары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев жолдар құрылысы мен жөндеуі жайында хабарлама жасады.
Алматы облысының әкімдігі көліктік инфрақұрылымды одан ары жақсарту мақсатында 26 жер телімін мемлекет қажеттілігі үшін алатындығы да айтылды. Алматы – Бішкек автокөлік жолының 16 – 19 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты алынатын жер телімдерін сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған. Қазіргі кезде аталған жолдың көлік өткізу мүмкіндігі тым төмен болған­дықтан, соңғы жылдары шамадан тыс артып кеткен автокөлік ағынына дұрыс қызмет көрсете алмай отыр. Алдағы кезде мұнда 10 жолақты қозғалыс ұйымдас­тыру жоспарланған. Мұның барлығы Алматы агломе­ра­ция­сының тартымдылығын артты­рып, логистиканы барынша жақ­сартып, бизнесті ұйымдас­тыруға кететін шығынды азайтады.
Алматы қаласының серіктес-шаһарларының салынуына қатысты жұмыстар мүмкіндігінше жүргізіліп жатқанына көз жет­кізген Премьер-министрдің бі­рінші орынбасары мемлекет тара­пынан аталған жобаны орындауға барлық жағдайдың жасалғанын айта келе, келер жылы жобаға тікелей инвес­ти­циялар салуға ынта­лылармен тиімді келісімдер жасауға баса назар аудару қажеттігін назарға салды.

 

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы