Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Болған іске болаттай...»

«Болған іске болаттай...»

Айқын-ақпарат
1105
«Болған іске болаттай...» Әріптесіміз, аяулы дос-бауыр, белгілі ақын, журналист, республикалық «Айқын» газетінің басшыларының бірі – Есей Жеңісұлының аяулы ағасы, кіші әкесі Әлікей Құрманбайұлынан қапияда көз жазып қалдық...

Ағайынның арқасын аяздай қарыған, «есімізді екеу, түсімізді төртеу» етіп төбемізден жай түсіргендей болған қаралы хабарды естігенде құмсағаттай құбылған қу тіршіліктің қамымен алыс сапарда жүр едік. Қызыл қырман тірлігі кілт тоқтаған Толағайдай ағаға топырақ салу бұйырмай қалды... «Туған ай, тураған ет». Жақсы ағаның жарық жалғанды тастап шыққанына да қырық күннің жүзі болыпты. Әлекедей жаланған әлемге жалынан сипатпаған асылтекті Әлікей биылғы жылдың тамызында 48 жасқа толған еді...

Есей екеуміз бес Алатаудың қойын-қолтығымен сілемдесіп жатқан Тәңіртаудың баурайында қатар өстік. Бір бұлақтың су­ын іштік. Есейдің есім-со­йы ай­тыскер ақын ретінде ел­­ге ерте танылды. Мың сан үміткердің ішінде республикалық олимпиаданың бас жүлдесін алып, КазГУ-дің журналистика факультетіне Есей емтихансыз қабылданғанда «Әлікей көкеміз көз-жасына ерік беріпті» дегенді естіп тебіренгенбіз. Одан ке­йін де қызық-шыжығымыз қа­тар келеді. Осы бір бесігін Қы­зыр тербеген текті әулетті ел жақ­тың еңсесі еңкіш тартқан қариялар әлі күнге жырдан қызық қылып айтып отырады. Үлкен аталарымыз «Микәләй» деп айдар таққан сонау патшалық дәуірде де, одан кейінгі кешегі кеңес кезінде де Есейдің аталары мен әкелері ел басқару ісіне араласты. «Жетісудың жезтаңдайы» атанған, Құланаян Құлмамбеттің шәкірті, Жамбыл, Майкөт ақындармен өлең жарыстырған әйгілі Бөлтірік Атыханұлы – осы әулеттің Әлім қариямен бірге туған үлкен атасы. Әріптесіміз газет-журналдардағы кейбір мақалаларына «Е.Атыхан» деп қол қоятыны содан. Бөлтірік атамыздың ұлы – Қасенбай ақсақал аймақтағы елдің сауатын ашқан айтулы ағартушы, кейін аудандық білім бөлімін басқарған қайраткер кісі еді. Ал Әлімнің қос баласы Құрманғали мен Жеңіс те дүниеден ерте көшті. Бірақ екі азамат та маңдайларына жазылған мағыналы ғұмырын білім беру ісіне арнады. Жеңіс ағамыз ақ­тық демі үзілгенше елде мектеп директоры болды. Қысқасы, бұл әулетті «ұстаздар династиясы» деп атауға болады. Есейдің анасы да ұстаз. Бауыры Рүстем Жеңісұлы бүгінде ата-баба жолын жалғап, елде мектеп басқарып отыр. Мұның бәрін неге тізіп отырмыз? Осы бір текті әулет арқатірек азаматтарынан айырылған қиын күндерде іні-қарындастардың әлеуметтік жауапкершілігін қос иығына алған азамат күні кеше арамыздан кеткен ағамыз Әлікей еді. Ауылдың есік-терезесінен жел азынаған анабір жылдары Әлекең бауырларының көшін бастап Алматыға келді. Қоғамдық өміріміздің әлеуметтік саласында қызмет ете жүріп, бір емес, бір­неше отбасының ауыр жүгін өз иы­ғына салып көтергенін көзіміз көрді. Өзінің қос перзентімен қоса, іні-қарындастарының, ба­уырларының оқу-тоқуына ара­­ласты. Шаңырақ көтерген шаттықтарының бастауында жүрді. Қанғасіңді әдет-ғұрыптан аттаған сәті жоқ. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетті. Ағаларды аялады, інілерді еркелетті. Жең­ге­лердің жалауын желбіретіп жүрді. Қарындастың бағын тіледі. Тілеп қана қойған жоқ, бесік тойдан бастап, бел шешіп араласты. Туған елден бір сәт қол үзген жоқ. Құдай Тағаланың құдіреті, Әлекеңнің қолдауымен бүгінде бүтін бір әулеттің жарқын өмірі жалғасып жатыр. «Өтпейтін өмір, тозбайтын темір жоқ» десек те, осындай абзал жанның онсыз да қамшының сабындай ғана қысқа өмірден ерте кеткені жаныңа батады-ақ... «Болған іске болаттай» дегенді үлкендер тегін айтпаса керек. Қырық-нәзірдің қарсаңында Қарабұлақтан тамыр алып қарашаға қызмет етіп жүрген әулетке көңіл-сөз білдірудің реті осылай болып тұр...

Жанарбек ӘШІМЖАН