Негізгі бет  /  мақалалар  /  Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі

Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1135
Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық һәм әлемдік деңгейде көтерген бастамалары жеткілікті.

Бұл бастамалардың бәрінде адамзаттың амандығы жатқаны белгілі. Рас, көтерілген бастамалардың біразы жүзеге асып, адам баласының игілігіне жұмыс жасап жатыр. Нақтылай түсетін болсақ, ТМД кеңістігінде құрылып, экономикалық интеграцияны арттыруға арналған Еуразиялық экономикалық одақ, екіншісі – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі. Бұл екеуі де Елбасының бел балалары сынды ұйымдар. Бірі экономикалық байланысты қамтамасыз етсе, екіншісі – тұтастай Азия құрлығының қауіпсіздігінің кепілі. Біздің тілге тиек еткелі отырғанымыз осының екіншісі. Өйткені құрамына жиырма алты мемлекет һәм сегіз бақылаушы ел кіретін кеңестің шеңбері кең, атқаратын міндеті тым маңызды, мақсаты өзекті.

Енді осы кеңес жөнінде ресми де­ректерге жол берейік. Кеңес қыз­­меті жайлы ресми ақпарат бүй дей­­ді: Кеңесті шақыру туралы идея­­ны алғаш рет Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қа­зан айында БҰҰ Бас ассам­блея­сының 47-сессиясында жария етті. Мемлекет басшысы бастама­ның басты мәні әлемнің өзге өңірлерімен салыстырғанда мұндай тетік әлі жасала қоймаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді және әмбебап құрылым жасақтау ба­ғытындағы бұрын жүзеге ас­па­ған талпыныстарды қайта жаң­ғыртуда екенін атап өтті. Қазіргі уа­қытта АӨСШК-ге мына 26 мем­­лекет мүше: Ауғанстан, Әзір­бай­жан, Бахрейн, Бангладеш, Бі­ріккен Араб Әмірліктері, Вьет­нам, Египет, Израиль, Ирак, Иран, Иордания Хашимит Ко­роль­дігі, Камбоджа, Катар, Корея Республикасы, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Қытай, Моңғолия, Өз­бек­стан, Пәкістан, Палестина, Ре­сей, Таиланд, Тәжікстан, Түр­кия және Үндістан. Бақылаушы мем­лекеттер: АҚШ, Жапония, Ин­донезия, Малайзия, Украина, Филиппин, Шри-Ланка. Соны­мен қатар АӨСШК-ге мына ха­лық­аралық ұйымдар қатысады: БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб Мемлекеттері Лигасы. АӨСШК-нің жаһандық да­мудың күрделі жағдайында институционалдық тұрғыда қа­лыптасуы мен нығаюынан бұ­рын ұзаққа созылған талқылаулар, пікірталастар, көзқарастардың түйісу нүктесін табу жолындағы қажырлы ізденістер орын алды. Алғашқы кездесу 1993 жылы сәуір­де өтті. Екінші басқосу 1993 жыл­ғы тамыз-қыркүйекте, ал үшін­шісі 1994 жылы қазанда бол­ды. Үшінші кездесудің нәти­же­сін­де Кеңестің құжаттарын дайын­дау міндетіне кіретін Ар­наулы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Министр­лер­дің 1999 жылы 14 қыркүйекте Ал­матыда өткен бірінші кез­десуін­де АӨСШК-ге мүше мем­ле­кеттердің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін Қағи­дат­тар декларациясы қабылданды. Ол Азия субконтинентіндегі қауіп­сіздіктің жаңа архитектура­сы­ның құқықтық базасының бас­тапқы нұсқасы болатын. Дек­ларациямен бірінші саммит бары­сында қабылданған Алматы актісі және АӨСШК жарғысы АӨСШК-нің ең басты құжаттары бо­лып саналады. Бұл құжаттар Кеңес процесінің одан арғы эволю­циясы үшін негізгі құжат­тар­ға айналды. Форумның бірін­ші саммиті 2002 жылы 4 маусымда өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қы­тай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қы­рғызстан, Тәжікстан және Ау­ғанстан басшылары, Әзір­бай­жан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иран, Мысыр (Еги­пет), Палестина және Израильдің өкі­летті ресми тұлғалары, бақы­лау­шы мемлекеттер мен ұйым­дар­дың өкілдері қатысты. Әсі­ре­се, Палестина және Израиль өкіл­­дерінің саммитке қатысуы ай­рықша жетістік болды. Со­ны­мен қатар соғыс жағдайында отыр­ған Пәкiстан мен Үндістан басшыларын бір үстел басына отырғызып, бейбіт келісімдер ар­қылы тығырықтан шығудың жо­-лы ұсынылды. Бұл да – Елбасының үл­кен еңбегі. 2006 жылы 17 мау­сым­да форумның Екінші саммиті өтті. Екінші саммит мүше мем­ле­кеттердің өңірдегі қауіпсіздік ша­раларын нығайтудағы күш-жігерін одан әрі үйлестіру ісінде, сонымен қатар тиімді эконо­ми­калық ынтымақтастықты жолға қою­да аса маңызды оқиғаға ай­нал­ды. АӨСШК-ға мүше мем­ле­кеттер мен үкіметтер басшылары­ның Үшінші саммиті 2010 жылы 8 маусымда Ыстамбұл қаласында болды. АӨСШК-нің 20 жылдыққа ар­налған мерейтойлық отырысы мен форумның сыртқы істер ми­нистр­лерінің төртінші кездесуі 2012 жылғы қыркүйекте Астанада өтті. АӨСШК-нің 2014 жылы ма­мырда өткен ІV Шанхай саммиті бұл үдеріс эволюциясындағы ерек­ше басқосу болып шықты: өткізілген кездесулердің басты қо­рытындысы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы мен АӨСШК ара­сындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы бол­ды. Сондай-ақ негізгі құжат – Төр­тінші саммит декларациясы қа­былданды. Ұйымға мүше мем­лекеттер басшылары Бангладеш пен Катарды Азиядағы өзара ық­палдастық және сенім шаралары кеңесінің жаңа мүшелері ретінде ықыласпен қарсы алды. Осылай­ша, жиырма жылдан астам уақыт ішінде АӨСШК өңірлік қауіп­сіз­дік архитектурасын нығайту ісін­дегі атқарған сындарлы рөлі арқа­сын­да өзінің қажеттілігі мен өмір­шеңдігін дәлелдеді. Осы Шан­хай саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «АӨСШК негізінде тиімді қызмет ететін Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын (АҚДҰ) құратын уақыт келді деп есептеймін. Ол ЕҚЫҰ-ға бәсекелес ұйым болуы тиіс» де­ген еді. Алдағы уақытта Елба­сы­ның бұл айтқаны бойынша Кеңесте қайта құрылымдар болуы мүм­кін. Қысқасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен құрылған кеңес бүгінде қанатын кеңге жайған, әлемдік геосаясатта ықпалы бар бірлестік­ке айналды. Осы жерде Азия ай­ма­ғындағы тұрақтылық, қауіпсіз­дік, қатердің алдын алу, кеңеске мүше елдердің қарым-қатынасы, тығырықты еңсере отырып даму мәселелері таразыға тартылады. «Төртеу түгел болса, төбедегі ке­ле­ді» деген қазақы тәсілдің жүл­гегіне жүгінсек, қазіргідей халық­аралық жағдай ушыққан, эконо­микалық-қаржылық дағдарыс етектен тартқан кезде жұмыла кө­терген жүк жеңіл болмақ. Де­мек, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев көтерген АӨСШК бастамасы өз мис­сиясын мүлтіксіз орындап отыр деуге болады.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, қоғам қайраткері:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген бұл Кеңестің атқарар рөлі үлкен. Ақиқаты сол, кәрі кұрлықтағы өз қызметін мүлтіксіз жүргізіп жатқан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді Азияда да дәл сондай бір құрылым болуы тиіс еді. Қазақстан басшысының аузымен үлкен мінберден айтылған бастама көп ұзамай дүниеге келді. Бұған Азияда жатқан барлық мемлекеттер кірді деуге болады. Орталығы Алматыда орналасқан бұл кеңестің атқарып жатқан шаралары жеткілікті. Ең бастысы, Азиядағы тұрақтылық. Бейбітшілікті қамтамасыз ету. Қауіптің алдын алу. Интерациялық байланыс. Түйткілді мәселелерді бірлесе шешу. Жаһандық дағдарыстарға тойтарыс беру. Бұл кеңестің «келіссөз алаңы» деп бекер айтылмайтыны да белгілі. Өйткені осы жерде бәрі сарапқа салынады. Демек, Елбасының арқасында дүниеге келген бұл Кеңестің әлі де адам баласының игілігі үшін атқарар қызметі мол бола бермек.