Негізгі бет  /  мақалалар  /  МЕЙІРІМ ТҰНҒАН МЕРЕКЕ

МЕЙІРІМ ТҰНҒАН МЕРЕКЕ

Айқын-ақпарат
1146
МЕЙІРІМ ТҰНҒАН МЕРЕКЕ «Ризашылық күні» мерекесінің басты мақсаты – ата-ананың аялы алақаны мен жүрек жылуынан айырылған балаларға қуанышты сәт сыйлау, оларды ересектердің ықыласы мен махаббатына бөлеу.

«Бөбек» қорының президенті  Сара Алпысқызының бастамасымен бел­гі­ленген бұл мерекенің мәні тым терең.

Бұл мереке бірқатар меке­мелерде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі. «Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінде «Ризашылық – Доброта во благо детям» атты шаттық шеңберімен басталған мерекелік шара студенттерді қайырымдылыққа бағытталған әрекеттерден өмірлік сабақ алуға үндеп, бақытты балалық шақтың қадірін біліп, ата-ананы құрметтеуге шақырса, «Күліп жүріңдерші, балалар!» атты сурет көрмесі арқылы шынайы күлкі – ішкі тыныштықтың көрінісі екенін ұғындық.                                       
Мереке аясында өткен «Өмір сүйіспеншілік үшін» атты эссе конкурсы мен «Бақытты балалық шағымыз үшін, рақмет саған туған жер!» атты кураторлық сағаттар отан, туған жер, өмір атты қастерлі ұғымдардың мәнін ашып, ұлылығына көз жеткізуге жетелеп, сүйіспеншілік, адамгершілік, мейірім мен қанағатшылдық қасиеттерінің мәнін түсінуге себеп болды. Ал «Балаларға өмір сыйла!» атты қайырымдылық акциясының 9099 нөміріне колледж студенттері таза жүректен шыққан шынайы тілектерін жарыса жазып, өз үлестерін қосты.
21 қараша күні тілсіз жаудан жапа шеккен Бағанашыл мөл­тек­ауданында орналасқан №1 балалар үйіндегі ата-ана­ла­рының қамқорлығынан айырыл­ған балалардың жағ­дайы студенттерімізді бей-жай қал­дырмады. Оларға осы бір қиын сәтте көмек қолын созып, жандарына желеу болмақ мақсатында ұстаз­дарының бастауы­мен балалар үйіне көмекке аттанды.
Ризашылық мерекесі Аналар үйінде жалғасын тапты. Жақындарынан қамқорлық таппаған қорғансыз жандардың, ана мен баланың мәселесі қай қоғамда, қай заманда болмасын өзекті, көкейтесті. Әсерлі ән, әдемі билерімен қамкөңіл жандардың көңілін көтеріп, сыйлықтарымен жүздерін жадыратқан студенттер мейірім мен сүйіспеншіліктің жібітпейтін жүрегі, жазбайтын жарасы болмайтынына көз жет­кізгендей болды. Осы күні «Өмір бақытты балалық шақ үшін» тақырыбында өткен симпозиумда бақытты балалық шақты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын мемлекеттің тарапынан орындалатын әлеу­меттік қолдаулар, отбасының маңызы, білімнің алатын орны, өзіндік білім көтеру мен ізде­ністің қажеттілігі туралы ой қозғап, ұстаздар өз өмірлік тәжіри­бе­лерімен бөлісті.  
Бұл мереке адамдар ара­сындағы рухани-адамгершілік қасиеттердің беки түсуіне, отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға, отбасы мәр­тебесін арттыруға, өзара сый­ластық пен мейірім, сүйіспеншілік сезімдерін дамытуға мүмкіндік беруде.
Асыл ТҰМАР