Басты  /  мақалалар  /  Есен ЕЛЕУКЕН: «Жайдарман» жастарға сенеді...

Есен ЕЛЕУКЕН: «Жайдарман» жастарға сенеді...

Айқын-ақпарат
1484
Есен ЕЛЕУКЕН: «Жайдарман» жастарға сенеді... Елбасымыз бір сөзінде «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады.

Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» – деген еді. Жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келелі мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп жүрген «Жайдарман» қанатын кең жайып келеді. Ұлттық арнадан көрсетілетін бұл бағдарламаның рейтингі де жоғары. Осыған орай, Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукенмен тек КВН жайлы емес, жастардың жағдайы мен мәдениет саласы жөнінде әңгімелестік.

– Соңғы уақыттарда «Жайдар­манның» ауқымы кеңейіп, көршілес мемлекеттерде де өнер көрсетіп жүр. Қай елдердің сахнасына шы­ғып үлгердіңіздер?
– Өзге елдерге шығу  бұрын­нан бергі жоспарларымызда бар еді. Негізгі жұмысты осыдан бес жылдай бұрын бастап, қолға алғанбыз. Ресейде өткен халықаралық КВН одағының маусымашар фестивальдеріне барып, сол жерде түркітілдес елдерге біршама ұсыныстар білдірген болатынбыз. Ол кезде бірі қолдаса, бірі құлағына ілмеді. Былтыр бір шешімге келіп, білек сыбана кірісіп кеттік. Ең алдымен, Қырғызстанға сапарлаттық. Негізі мәселені телефонмен емес, көзбе-көз кездесіп шешкен дұрыс екен. Мен осыны ұқтым. Екі-үш жыл уақытты босқа жіберіп алыппыз. Арнайы барғаннан кейін олар біздің, біз олардың ойындарына қатысатын болып келістік. Бастапқыда арнайы жоба ретінде қарастырған едік. Бірақ олар чемпионатқа қатысуға ниет білдіріп, ақыры келді. Одан соң басқа елдер де қызығушылық таныта бастады. Тамыз айында Башқұртстанға барып келдік. Бір ерекшелігіміз – ойынды сол елдің тілінде көрсеттік. Өзге тілде ойын өткізу қиын болғанымен, қолдан келетінін дәлелдегіміз келді. Қарсы алушы тарап та риза болды. Башқұртстаннан бас жүлдені жеңіп алдық. Тіпті сол ойындардан кейін башқұрттар «командада тың серпіліс пайда болды» деп айтып жатты. Мұны естіген татарлар ойындарына шақырды. Ол жерде де бас бәйгені еншілеп келдік. Енді желтоқсан айында Кавказға баруды жоспарлап отырмыз. Бірнеше аймақтарында болып, чемпионаттарын ашуға қолұшын бергіміз келеді. Семинар-тре­нингтер өткізіп, білгенімізбен бөліспекпіз. Ал келер жылдың наурыз айынан бастап Қытайда жергілікті чемпионат басталатын болады. Біз ақыл-кеңес беріп, ұйымдастыруға көмектесеміз. Сол жақтағы бауырларымыздың да жобаны қолға алуына жол көрсетсек деп отырмыз. Қаңтарда Моңғолияға барып, ойындарын тамашалап келеміз. Содан соң, сәуір айында барлығының басын қосатын жоба жасағымыз келеді.
– Халықаралық аренаға шығып, басқа мемлекеттермен байланыс орнатқандарыңызды халықтар бірлігін сақтау шарасы деп атауға бола ма?
– Бүгінде көршілес елдердің көпшілігі дабыл қағып жатыр. Олардың жастары өз тілдерінде сөйлеуден ұялатынды шығарыпты. Яғни, бұл – ұлт үшін өте үлкен мәселе. Қазіргі заман балаларына бастарынан нұқып көрсеткеннен гөрі, өздеріне ұнайтын дүние арқылы білдірген дұрысырақ секілді. Оның бірі – әзіл, жарыс арқылы. Мұның астарында ұлттар бірлігін сақтау жатыр деп айтуға келмес. Бірақ осы әдістің арқасында әр ұлт өзіндегі мәселені шешуге кірісті. Демек, КВН-нің аз да болсын септігі тиіп жатыр деген сөз.
– Жайдарманның дені – жастар. Ойыншылары да, көрермендері де – жас буын. Тәрбие құралы іспеттес көрінеді...
– Жастарды қаншалықты тәрбиелеп, бағыттап жатқа­нымызға сырт көз сыншы болсын. Бірақ айта кететін бір мәселе – біздің тек ойынмен шектелмейтінімізде. Осы жо­баның аясында қатысушылар, ұйымдастырушылар мен «Жай­дарман» жанашырларының басын қосып, үш түрлі бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз. Біріншісі – қоғаммен байланыс. Ерікті түрде өзін қызықтыратын шараларға қатыстырамыз. Екіншісі – әлеуметтік желідегі сауаттылы. Бұл – қоғамдағы қызып тұрған мәселе деп айтса болады. Үшіншісі – интел­лектуалдық бағыт. Айталық, Алматы қаласында IntellectIncubator, Астанада «КерекРинг» шаралары бар. Яғни, Жайдарманда ой­нап қана қоймай, өзін да­мы­ту­мен айналысуға мүмкіндік бергіміз келеді. Адам өмір бойы КВН ойнап жүре бермейді. Жайдарманнан кеткен соң, өз ойын сауатты жеткізе алатын, қоғаммен байланысу әдістерін игерген, жан-жақты, ұлтжанды, интеллектуал азамат болып шықса деген ойдан туындады.
– Қандай да бір ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақ­шаларына көз салсақ, басқалардан «Жайдарманның» бір басы артық. Өзіңіз де қазақтілді интернет-қолданушылардың рейтингінде көш бастап тұрсыз. Жағымды имидж қалыптастырудың құпия­ларымен бөліссеңіз...
– Адам өз-өзіне есеп беріп үйренуі керек. Сол арқылы ойша жоба құрасың. Асықпай, нақты стратегиялық жоспар жасау қажет. Осының арқасында бір күні нәтиже көрінеді. Жасы кіші болса да, білгені артық боп тұрса, үйренуден ұялмаймын.
– Жастардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?
– Менен үнемі «Қай ко­манда көбірек ұнайды?» деп сұрап жатады. «Маған бәрінен бұрын жауапкершілігі жоғары, тәртіпті, тапсырманы дер кезінде орындайтындары ұнайды» деп жауап беремін. Біздегі басты кемшілік те осы тұста. Жастыққа салынып, көп жерде кешігіп жатады. Сонымен бірге, аз уақытта жинаған танымалдығын алға тартып, оңай олжа іздейтіндер де бар. Ондайларын көріп, қарның ашады. Әрине, бәріне түсіністікпен қараймыз. Жастар бәріне үлгере алатын, бәрін жасай алатын күшке ие. Өзіне мықты талап қойып, соған жетуге ұмтылатындарды жақсы көремін.
– Кезінде КВН ойнағандардың алды – ТВ жүргізушілері, асабалар болса, кейбірі тіпті жеке театр ашып жатыр. Бұл үрдіске көзқарасыңыз қандай?
– Айтқанымдай, «Жайдар­манда» мәңгі-бақи жүре алмайсың. Әрі кеткен адамның қолына «Жайдарманшы» мамандығын алды деп диплом бермейміз. Әрқайсысының оқыған салалары бар. Тек асаба, жүргізуші ғана емес, мемлекеттік қызметте отыр­ғандары да бар. Бірі – өнер саласының маңында болса, енді бірі алшақтап кетіп жатады. Жоғарыда атап өткенімдей, үш бағыт бойынша іс атқаруымыздың да себебі – осы. Сауатты болса, одан сауатты дүниелер күте аламыз. Демек, оның қоғамға пайдасы тиеді деген сөз. Менің тілегім – солардың жақсы азамат болып қалыптасулары. Театр құрса да, басқа жұмыс істесе де, қоғамға пайдасы тиетін, отбасын асырай алатын болса болғаны.
– КВН Одағы құрылғалы бері ел мәдениетіне қаншалықты үлес қосты деп айта аласыз?
– Бірінші кезекте, Жай­дарманда кәсіби мамандар өнер көрсетпейді. Яғни, чемпионатта жеңіске жеткендерге «Мәдениет қайраткері» деген атақ беріл­мейді. Мұнда әуесқойлар жи­налады. Ашылған кезден бері жастардың өзіндік қозғалысы, жобасына айналып үлгерді. Елбасымыз интеллектуалды ұлт қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Соған байланысты, біз де ойындарымызды жеңіл әзілден гөрі интеллектуалды бағытқа ыңғайластырсақ дейміз. Бұл мақсатымыздың орындалғанына біршама дәлелдер де келтіре аламыз. Себебі, Жайдарман – мемлекет мойындаған жо­балардың бірі. Президент әкімшілігі жанындағы жастар кеңесі, «Нұр Отан» партиясы қолдау білдіреді. Білім және Ғылым министрлігімен арада меморандумға қол қойылды. Бізге билік тарапынан ешқандай тапсырыстар келіп түспейтінін ерекше атап өткім келеді. Яғни, «мынаны жеткізсін, мынаны айтпасын» деген талап жоқ. Олар бар болғаны біздің шығармашылығымыздың өсуіне атсалысады.
– Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің экономикасы жөнге қойылды. Ендігі меже – мәдениетті дамыту. Жайдарманшылар кешегі Алдар Көсе мен Қожанасырдың бүгінгі заңды ізбасарлары десе бола ма?
– Олай деуге әбден болады. «Мақтамен бауыздайтын» бірнеше топтар бар. Соңғы кездерде мәтінге аса мән беретіндердің қарасы көбейіп келеді. Ол астарлы әзілді түсінетін көрермендер қалыптасып жатыр. «Жайдарман» қатып қалған қағидасының жоқтығымен ерекше. Заманға сай, түрлі эксперименттер жасап, жеткізу стилін қалыптастырамын дегендерге біздің тарапымыздан шектеу жоқ.
– «Арзан әзіл» деген түсінік бар. Әзілдің салмағы немен және қалай өлшенеді?
– Шыны керек, қазір көп нәрсе құнын жоғалтты. Арзан ән, арзан өлең шумақтары, арзан бағдарламалар – айта берсең өте көп. Бұл жерде әркімнің әзілді қалай қабылдауына байланысты. Біз барлығын саяси астарлы етіп шығара алмаймыз. Себебі, бұл – жастардың жарысы. Өзінің оң жамбасына келетін әзілді таңдап, жеткізеді. Мәселен, үлкен байқауда айтылатын әндерді тойда айта алмайсың. Сол секілді тойдың әні жарысқа арналмаған. Аймақтық деңгейдегі әзілдердің сапасы сәл төмендеу болуы мүмкін. Бірақ телевизиялық жоба үшін біразы сұрыпталады. Енді қарасаңыз, барлығы сол баяғы сауаттылыққа келіп тіреледі. Сауатты адамның сөзін сауатты адам ғана ұға алады. Демек, қоғамда сапалы дүниелер көбеюі үшін білімді ұрпақ керек.
– «Жайдарман» – бизнес көзі ме?
– Кейбір жобаларды бизнес ретінде қарастыруға болатын шығар. Бірақ әзірге тек әлеуметтік жоба сипатында. Жайдарманнан кейін «жолы ашылғандар» автор болып, жақсы табыс тауып жүр. Кәсіпке айналдыратын кез де келіп қалар. Дәл бүгінде біздегі басты мақсат ол емес.
– Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арнап қандай шаралар өткізілді?
– Қарап отырсам, биылғы жылы жүзден аса ойын өткізген екенбіз. Облыс орталықтарында, еліміздің ірі қалалары – Астана мен Алматыда түрлі жарыстар ұйымдастырдық. Осылардың барлығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
– Қоғам белсендісі ретінде сұхбатымызды сізді мазалайтын дүниелермен қорытындыласақ...
– Шешімі табылмаған мәселелер жетерлік. Негізі бірлесіп сол мәселелерді жолға қоюға да қауқарымыз келеді. Кейде бойдағы енжарлықтың кесірінен кейінгі шегереміз. Кейде артық қыламын деп, тыртық қылып жатамыз. Соңғы уақытта ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерге алаңмын. Сенсацияға құмарлық, рейтинг қуалау көбейгені бар­шамызға аян. Оны талай жерде айтып та жүрміз. Байқасаңыз, бүгінде құндылықтар да өз­герген. Жастарға бағыт беру үшін сарапталған дүниелер көптеп жасалса, жиі жаңарса, толықтай зерттелсе деген тілегім бар. Мұны тек биліктің міндеті деп қарастырмай, қоғамның әр азаматы өзінің парызы ретінде көруі тиіс. Жақында ғана бір оқу орнының студенттерімен кездесіп, тілдестім. Жартысына жуығы өз мамандықтарына көңілдері толмайтынын жеткізді. Осы жастардың мамандық таңдауына дұрыс бағыт бергеннің де пайдасы зор. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» дегеніндей, менің де осы толқыннан үмітім зор. Оларға түзу бағдар беріп, дұрыс жолға салып жіберсек болғаны.

Әңгімелескен
Жадыра АҚҚАЙЫР