Басты  /  мақалалар  /  Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, журналист: Сүйінбике – түркі халықтарының соңғы әйел патшайымы

Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, журналист: Сүйінбике – түркі халықтарының соңғы әйел патшайымы

Айқын-ақпарат
1142
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, журналист: Сүйінбике – түркі халықтарының соңғы әйел патшайымы 24 қараша күні Астанада белгілі қаламгер Шәрбану Қонақбайқызының «Ұлы дала аруы» сериясы бойынша «Сүйінбике.

 Ұлы дала аруы» атты кітабының тұсаукесері өтті.  2000 данамен шығып, республика кітапханаларына таратылып берілген кітап Қазанның соңғы патшайымы жайында болатын. Күллі түркі тарихында ерекше орынға ие батыр ару туралы еңбектің авторы Шәрбану Бейсеновамен сұхбаттастық.

– Сүйінбике кім?
– Сүйінбике – тағдыры ауыр XIV ғасырда Қазан хандығын басқарушы тарихи тұлға. Ол Қаһарлы Иванның (Иван Грозный) отаршылдық саясатына қарсы тұрған күрескер. Жоқ-жітіктерге қамқор болған мейірімді әрі әділ патшайым болған. Қазанның ортасынан «Ғашықтар саябағы» деп өзі атаған бақ ашқан. Кітаптар жинақтағаны да бар. Алайда Иван IV кітаптардың барлығын Мәскеуге жөнелтіп жіберген. Ол ел бастаған көсем, ту ұстаған қолбасы, сөз бастаған шешен Едіге бидің ұрпағы. Біз мұны шежірешілердің жазғанына сүйеніп айтып отырмыз. Едігенің бір баласы Нұрадын. Нұрадыннан – Уақас, Уақастан – Мұса, Мұсадан Жүсіп туады. Жүсіптің көптеген ұлдары болған дейді, соның арасындағы жалғыз қызы осы Сүйінбике екен. Жүсіп би іргелес отырған, әрі күннен-күнге күшейіп келе жатқан орыс патшалығына қарсы біртұтас беріктік керектігін іштей ұғынады. Сол үшін айналасын туыстық жолмен болса да бекіткісі келеді. Осы мақсатпен, Жүсіп мырза 1533 жылы Сүйінбикені  Қазан ханы – осы хандықтың негізін салушы – Ұлық Мұхаммедтің ұрпағы – Жанәлі ханға ұзатады.
Орыс княздігі Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін өздерін Руссия мемлекеті жариялады. Билік басына IV Иван яғни, Қаһарлы Иван (Иван Грозный) патшалыққа келді. Ол алғашқы билік жылдарын айналасындағы мұсылман елдерін отарлаудан бастады. Алғашқы отарлауға іліккен Қазан, онан кейін Сібір, ары қарай Астрахань болып кете береді. Қазан хандығы біздің қақпамыз болған. Сүйінбике хандықты құлатпау үшін жан аямай күрессе де, күштің тең еместігінен жеңіліс тапты. Өйткені орыстардың от қаруы болса, таққа талас себебінен хандықтың ішінде Сүйінбикеге қарсы адамдар да бар еді. Сүйінбике аруды қорғауға Қазанға Мұхтар аға Мағауиннің зерттеуінше,  30 қазақ батыры барған. Олардың барлығы сол жерде шейіт болды. Соның бірі –Шора батыр. Ауыз әдебиетіміздегі оған арналған жыр да осы оқиғадан кейін шыққан деседі.
Сүйінбикені тұтқындап алып кеткенде, әйтеуір бір шүйкебас әйелдің тұтқындалуы деп жеңіл қарағандар болған. Алайда ол сол айналадағы мұсылман ел­дерінің отарлау қамытын киюінің басы болатын. Қазір де солай ғой. Мәселен, татар халқы федера­цияның ішінде отыр. Ал біз, шүкір, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлап жүрген бақыттымыз. Бұл кітап та осы мерейлі мерекеге орай шығып отыр. Екінші атаулы дата Сүйінбике патшайымның туғанына былтыр 500 жыл толды. Қолымыздан келгенше жинаған дүниемізді бір кітапқа сыйдыруға тырыстық.
– Білуімше, кітап ғылыми-танымдық бағытта. Сүйінбикенің өмірін зерттеу қалай басталды?
– «Қазақстан әйелдері» жур­­налында жиырма жылдай қызмет еттім. Сол кездері біздің тарихымызда қандай әйел тұлға­лар өтті және олардың елге сіңірген еңбегі қандай? Олар бү­гінімізге несімен өнеге бола алады деген сынды сауалдар көкейімізде жүретін. Осы сұрақтар зерттеуге, олар туралы ізденуге апаратын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Азаттық жолында құрбан болған асыл арулар» деп аталатын айдар шығардық. Айдарға дерек іздегенімізде, Сүйінбике туралы  және Сібір хандығын басқарған Көшім ханның әйелі Сүзге жайында тың деректер таптық. Ел басқару мен ел егемендігі жолында еткен еңбегі зор осы екі ару жөнінде көлемді материалдар жариялап отырдық. Онан соң, неге оларды тереңінен зерттемеске деп қызықтым. Сүзгі туралы шағын повесть жазғанмын, ал Сүйінбике өмірінен елеулі дүние жазсам ба деп ниеттеніп жүріп қолыңыздағы кітап жарыққа шықты. Ғалым, ақын Жанат Әскербекқызымен бірге 2012 жылы Қазанға бардық. Ким Миннуллин, Айсұлу Садықова, Зәфер Рәмиев, Фатих Урманче сияқты ұлт зиялыларымен кез­десіп, әңгімелестік, мұрағаттарды ақтардық және көне кітаптар сақталған кітапханаларда бол­дық. Тапқан қазынамызды кі­тапқа салдық. Бұрын «Азат қатын» аталған, 1991 жылы Сүйін­бикенің атына ауыстырып алған журналдың көптеген санын оқып шықтық. Сүйінбикенің артында бәйіттері, яғни, өлеңдері қалған. «Халық жырлары» деген жинақтан бәйіттерінің көшірмесін алдық.   Бізге жеткен көп бәйіттері жолдасы Сапагерейді жоқтауы. Оны мына кітаптан оқи аласыздар. Сонымен қатар біздің руханиятымызда Сүйінбике жайлы жазған ғалым­дар мен тарихшылардың ма­териалдарын да қостым. Бұл кі­­тапта Сүйінбикенің кім екенін, оның біздің тарих үшін қан­шалықты қымбат екенін қалың оқырманға түсіндіруге тырыстым.
– Оқырманға кітаптың берері не болмақ? Миссиясы қандай?
–  Шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк қазақтан шық­қан қайсар қыздар. Олардың нақ біздің ұлттан КСРО батырлары атануы кездейсоқтық емес. Өйт­кені қазақ қыздарына батырлық бұрыннан жат болмаған. Ол біздің батыр аналар мен арулардан қалған дәстүрдің жалғасы. Сүйінби­кенің кешегі ерліктерінің көрінісі. Жылқының жалынына жабысып, ат құлағында ойнаған адамда құстың еркіндігіндей еркіндік болады. Азаттық үшін күресе білген, ар-намысын қорғай білген рухты әйел басқарушыдан жастардың үйренетіні мол. Көшпелі халық болған соң, қызы да, ұлы да атқа мініп жүрген. Жас­тарға рухты жандарды көрсететін үлгі керек. Сүйінбике татар ма, ноғай ма, қазақ па деген сауалдар бірінші мәселе емес. Ең бастысы,  ол қайсар, намысшыл тұлға болды.
 Осы орайда айта кетейін, 2012 жылы Астана қаласының бір көшесіне Сүйінбике есімі берілуі туралы ұсыныс жасадым. Ол тілек қабыл болып, 2017 жылдың басында патшайымның есімі бір көшеге берілетін болды.
– Сүйінбикеден ұрпақ бар ма?
– Жанәлі ханмен ұзақ тұрмаған, бала көтере алмапты. Алайда екінші жолдасы Сапагерей ханнан бір ұлы болған. Есімі – Өтеміскерей. Ол 3-4 жасқа келгенде әкесі кісі қолынан қаза табады. Сонда «егер алай-бұлай боп кетсем» деп хандар жазбаша мұрагерін көрсетіп кетеді екен. Сапагерей Сүйінбикеден бұрын ханымдары, олардан ұл балалары болса да тақ мұрагері етіп Өте­міс­ке­рейді атапты. Болашақ хан ел басқаратын жасқа толғанша оның орындаушысы боп, (ол кез­де регентша деп атаған), ана­сы сайланады. Сүйінбике осылай­ша патшайым атанады. Қаһарлы Иван оны баласымен бірге Мәскеуге тұтқындап алып кетеді. Барғаннан соң баласын тартып алып, шіркеуге апарып шоқындырып, оған Александр деген ат береді. Бұл IV Иван өзіне басын имеген Сүйінбикені қорлаудың бірден-бір тәсілі болатын. Баланы ұзақ жүргізбей, өлтіріп жібереді. Бұл жөнінде патшайым бәйіттерінде:
Ғаріп балам, Өтәмеш
Алты жасқа енді жеттің,
Пәни дүниеден өттің.
Сөйтіп, менің бір қайғымды кеміттің, – дейді. Осыны оқыған татар ғалымдары бұл жолдарда қарама-қайшылық барын айтады. Жалғыз баласы өлімінен соң, неге өзін жеңілдегендей сезінеді? Фатих Урманче деген ғалым бұл жазғанының сыры тереңде екенін баяндайды. Расында, таза мұсылман әйелге баласының шоқынғаны, крестті өмір бойы арқалап жүретіні үлкен жаза болар еді. Баласының содан құтыл­ғанына бойы жеңілдегендей болған шығар.
Несіпбек АЙТ,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын:

– Шәрбану Бейсенова әп­кеміз қолтаңбасы әбден қалып­тасқан үлкен жазушы, жүйрік журналист. Кейінгі кезде Сүйін­бике тақырыбын зерттеп жүр. Бас кейіпкердің тағдыры – татар халқының тарихы, ауыр тағдыр. Татар елінің Қаһарлы Иван тұсында көрген зобалаңы, ұлттық туы жығылғаннан кейін­гі ауыр халі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазір оқырманға мұндай тақырыптар өте қажет. Бұл түркітілдес елдердің ортақ тарихы. Кезінде татардың атақ­ты Ғалымжан Ибрагимов деген жазушысы болған. Ол XIX ға­сыр­дағы халқымыздың өмірін баяндайтын «Қазақ қызы» деген шығарма жазып шыққан еді. Сол сияқты енді біздің қаламгерлер татар елінің тарихына қалам тартып жатқан тұста, бұл бауырлас ел арасындағы дәнекерлік, бай­ланыс болмақ.

Камиль МУЛЛАШЕВ,
суретші:

– Бала күнімде маған ата-анам Сүйінбике туралы хикаяттар айтып беретін. Сондықтан да ол менің есімде аянышты тағ­дыр иесі, қиын заманда өмір сүр­ген ару ретінде қалып қойды. «Сүйін­бикенің» бейнесінде сұлулық қана емес, сымбаттылық та бар. Өзі өте білімді адам болған. Парсы, орыс, түркі тілдерін білген. 2002 жылы Татарстанға арнап Сүйінбикенің бейнесін салып, бір жобаны қолға алмақшы боп қамданып бастап едім. Алайда ондағы саясаттың кесірінен жүзеге аспай қалды. Онда ғалымдарға арнайы тапсырмамен татар елінің мақтанышы, соңғы патшайымын кемсітетін мақалалар жазғызады. Қазіргі күні де татарлар шын та­рихын жаза алмай келеді. Ол жақта сондай солақай саясат орын алып жатқанда, Қазақстанда Сүйінбике Жүсіпқызы туралы кітаптың жарыққа шыққанына бек қуаныштымын.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН