Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Мирас» кеңесі тілдерді дамыту мәселелерін қарады

«Мирас» кеңесі тілдерді дамыту мәселелерін қарады

Айқын-ақпарат
1151
«Мирас» кеңесі  тілдерді дамыту мәселелерін қарады

«Нұр Отан» партиясы  Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғам­дық кеңесі Кентау қаласында «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру» тақырыбында кезекті көшпелі мәжілісін өткізді.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Полат Ташимовтың айтуынша, қаладағы тұрғын­дар­дың 87,3 %-ы мемлекеттік тілді, 79,8 %-ы қазақ және орыс тілдерін, ал  15,0 %-ы  қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін меңгерген. 
– Қаланың ономастика саласында оңды істерге қол жеткізілген. Мәселен, қала аумағында атауы қайталанатын – 2 мектеп,  атауы қайталанатын – 15 көше,  атауы жоқ – 14 көшеге атауы бойынша өзгерістер жасалынып, көшелердегі көрнекі ақпарат құралдарының мәтіні заң талаптарын сай орнатылып, ілінген көрсеткіштерде орфогра­фиялық қателіктер жойылды, – деді ол.
Мәселені талқылау барысында «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, Кентау қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асылбек Сағынбеков тұрғындардың күнделікті өмір сүруіне қолайлы орта құру мақса­тында  атауы жоқ көшелерге, мектептерге атау беру жұмыста­рын халықпен ақылдаса отырып шешу қажет екендігін айтты.
– Қаланың ономастика саласында орын алған күрделі мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын айқындау қажет. Бұл үшін арнайы топ құрып, құрамына тиісті мекемелердің өкілдерін, жергілікті тұрғындарды, эксперт­терді, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерін енгізу қажет, – деген ұсыныс берді.
Сонымен қатар «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері тиісті жергілікті атқарушы ор­гандарға ағылшын тілін мең­герген мемлекеттік қызметшілер санын көбейтуді және қала мектептерінде ағылшын тілінің оқыту сапасын жоғарылату бойынша берілген тапсырманың орындалу барысын зерделеуді тапсырды.