Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өткен күнге баға, келешекке бағдар

Өткен күнге баға, келешекке бағдар

Айқын-ақпарат
889
Өткен күнге баға, келешекке бағдар Қарағандыда «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының XXV есептік-сайлау партиялық конференциясы өтті.

Конференцияда партия филиалының соңғы екі жылда халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, жастарды жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беру, арда­герлерге қамқорлық көрсету секіл­ді көп қырлы қызметі талқыға салынып, келешек жоспарлар бекітілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясына партия мүшелері қолдау білдірді.
Конференцияға «Нұр Отан» партиясының Орталық аппара­ты­ның жетекшісі Ақылбек Ихда­нов, партияның облыстық фи­лиалының төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мәслихаттағы депу­таттық фракция жетекшілері, депутаттар, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар облыстық партия филиалының кейінгі екі жылдағы қызметі мен облыстық филиалдағы бақылау-ревизиялық комиссияның жұмы­сы туралы есепті тыңдады.
– Соңғы жылдардағы жүйелі өз­герістер мен сапалы жаңарту­лардың нәтижесінде, партияның көп қырлы қызметі анағұрлым белсенді бола түсті, тиімділігі арт­ты, – деп атап өтті партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков. 
Аймақ басшысының айтуын­ша, партия филиалы облыс тұр­ғындарына әлеуметтік қолдау көр­сетіп, халық арасында мемле­кет­тік саясат насихаттаған. Қоғам­дық қабылдауға келген әр жанның мәселесін шешуге күш салған. 
– «Кедергісіз келешек» пар­тиялық жобасының аясында облыста жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 280 шара өткізілді. Екі жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 114 бос жұмыс орындары жәрмең­кесі өткізілді. Әлеуметтік инфра­құ­рылым объектілерін бейімдеу жұмыстары атқарылуда. Облыста 210 әлеуметтік объекті қайта бейімделіп жасақталды, – деді төраға. 
 «Нұр Отан» күнкөрісі төмен­деп, дертіне сауға сұрағандар шырылдап пана сұрайтын жеріне айналған. Бюрократтық салғырт­тық пен жемқорлықтан жапа шеккендер де шағымын айтатын соңғы орын – партияның қо­ғам­дық қабылдауы. Халық ара­сында бас партияның беделге ие болуы, жер-жердегі филиал­дардың пәр­менді қызметінің көрінісі. 
– «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыру барысында 2015-2016 жылдары 540 шара өткізілді. Ұлы Отан соғысының 219 ардагерінің тұрмыс жағдайы тексерілді. Тексеріс нәтижесінде анықталған мәселелер шешімін тауып, қарттарға көмек көрсетілді. Жалғыз тұратын және қамқор­лыққа мұқтаж 937 қарияға қам­қор­лық жасалды. Әңгімелесу ба­ры­сында 1012 мәселе анықталды, оны 836-сы шешімін тапты, 15 мә­селе бойын­ша түсіндіру жүр­гізілді, 161-і – шешілу үстінде. 171 ескерт­кіш пен мүсіннің маңы көгалдандырылды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Нұрмұхамбет Әбдібеков пар­тияның аумақтық филиалдары­ның қоғамдық қабылдауы жүр­гізген жұмыстарға тоқталды. Екі жылда азаматтардан он мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде шағымдардың 16,1% шешімін тапқан. Өтініштердің 40% кеңес беру, құқықтық көмек алуға қа­тысты, бұл сұрақтарға жедел жауап берілді.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі партияның ерекше наза­рында. Партиялық «Сәтті қадам» жобасы аясында оқу орны түлек­терін тәжірибеден өткізу мен жұмысқа қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында 31 ірі кәсіпорын­мен меморандумға қол жеткізілді. 186 студент тәжірибеден өтіп, 92 жас жұмысқа орналасты. 
– Облыс мектеп түлектерін жұ­мыспен қамту бойынша ал­дың­ғы орында тұр. ҰБТ межелі балл алмаған түлектердің мони­торингі жүргізіледі. Биыл бірінші этаптың қорытындысы бойынша 642 түлек анықталды. Олардың барлығы қазіргі уақытта қандай да бір қызметпен айналысады. ҰБТ қайта тапсырған 357 түлек жоғары оқу орнына оқуға түсті, 230 жас ТжКО оқу мекемелерінде оқиды. 18 түлек «Жұмыспен қам­тудың жол карта­сы – 2020» мем­лекеттік бағдарла­масы аясында жұмысқа тұрды. 3 жас әскерге аттанды. Сондай-ақ облыста ҰБТ тапсырмаған 2621 жасты еңбекке орналастырып, оқыту жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.
Конференцияда партия мү­шелері арасында түсіндіру жұ­мыс­тарын ұдайы жүргізу, жоғары тұрған және филиал қабылдаған шешімдердің орындалуын бақы­лауда ұстау міндеттелді. 
Саяси кеңестің, Саяси кеңес бюросының және Бақылау-реви­зиялық комиссияның жаңа құ­рамы сайланды. Партия филиал­дарының қызметін жақсарту мен қойылған міндеттерді жүзеге асы­ру туралы қаулы қабылданды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы


 

Бибігүл СЕКЕРБЕКОВА,

«Нұр Отан» партиясы Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған декларацияны толығымен қолдаймын. Себебі, бұл аса құнды құжат мемлекеттік саясаттың артықшылығы мен біз жеткен жетістіктер туралы нақты мәліметтер береді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сали­қалы саясатының арқасында біз еркін де егеменді елде мекен етіп жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бері ел аумағында ұлтараздықты қоздыратын бірде-бір қақтығыс болмады, республикамызда 130-дан астам ұлт өкілдерінің ауыз­біршілікте өмір сүруі үшін бар­лық жағдай жасалған. 
Күні кеше қабылданған декларацияның мәні – еліміздің әрбір азаматына бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріміздің маңызын түсіндіру мен ендігі жарқын болашақтың жаңа бе­лес­терін бірлік пен ауыз­біршілікте бағындыру. 

Сергей ВОДЬКО,
«Қазпласт» және «Бекем пласт» компаниялар тобының бас директоры:

– Тәуелсіз-дігіміздің 25 жыл­дығына арналған декла­рация қабылдаудың мәні терең, маңызы зор. 
Мемлекет басшысы халықты әрдайым ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, мемлекет мүддесіне қызмет етуге және еліміздің патриоты болуға шақырады. Декларацияда республика тұрғындарының бағалауға тиіс, қадірлеуге лайық және үнемі мақтан етуге тұрарлық еліміздің жетістігі қамтылған.

 Айман ТҰЯҚБАЙ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:

– Тәуелсіз­дік­тің 25 жыл­дығына арналып қабылданған декларацияны қол­даймын. Аса құнды құжат­тың біздің қоғам үшін маңызы зор. 
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен біздің егемен мемлекет әлем тамсанарлық ішкі және сыртқы саясатын жүргізіп отыр. Осының нәтижесінде, біз ұлттық құнды­лықтарды сақтай отырып, бар­лық салалардың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, құқықтық мемлекет құра білдік. 
Тәуелсіздігімізді иелену жолында өткен тарихтың бар­лық кезеңдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, бүгінгі жетістігімізді сақтау мен даму қарқынын үдету – ендігі парызымыз. Бұл – Қазақ­станның әрі қарайғы тұрақты дамуында аса маңызды фактор. Осы орайда күні кеше қабыл­данған декларацияның атқарар рөлі орасан.

Борис ЗОРИН,
«Нұр Отан» партиясы Қарағанды қалалық филиалының саяси кеңесінің мүшесі:

– Егеменді ел болған 25 жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған тың баста­малар, ұстанған сарабдал саясат пен жүзеге асырылған сапалы рефор­малардың нәтижесінде қазығы берік экономикалық іргетас жасай алдық. Қазақстан халқы Мемлекет басшысының сын­дарлы саясатын қолдай отырып, стратегиялық мақсат­тарды орындап, жаңа белестерді бағын­дырып келеміз. 
Осы орайда, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған дек­ларация – біз жеткен басты жетістіктер мен қоғамның не­гізгі құндылықтарының айнасы. Сол үшін декларацияның қа­был­дануы мен оның дұрыс на­сихатталуы аса маңызды.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, 
Жезқазған қаласы «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы: 

– Бүгінгі Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Біздің тәуелсіз­дігіміздің алтын қазығы да осы ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы.
Алдымызда елді сақтау, егемендікті нығайту, ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу, Мәңгілік ел болу мақсаты тұр. Біз – Мәңгілік ел және Ұлы дала елі идея­ларын аманатқа алып, тарихи белестерге бастап бара жатқан дәуірдің ұрпақтарымыз. Мұратты мұрагерлер ре­тінде біз Елбасының тарихи идеяларын болашақ ұрпақ санасына сіңіруге мін­деттіміз. 
Бірлігі берік елдің берекесі қашпаған. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы кетпеген. Тәуелсіздіктің барлық тамаша жетістіктері – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көреген көшбасшылығының, бірліктің, барлық қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің нәтижесі.

Икрамжан ХАШИМЖАНОВ, 
ОҚО өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы:

– Елімізде аса маңызды тарихи құжат – Тәуел­сіздіктің декларациясы қа­былданып отыр. Біздің Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін қай уақытта да тұтастық, тұрақтылық, төзімділік танытып келеді. Тәуелсіздік – Қазақстан халқының теңдесі жоқ бақыты. Елбасының парасатты саясатының арқасында еліміз бүгінгі таңда әлемдегі алпауыт елдермен терезесі тең, өз орнын тапқан мемлекет ретінде қалыптасты. Ширек ғасырда Қазақстан бүгiн ха­лықаралық бiрлестiктiң толық құқықты, құрметтi және беделдi мүшесi болды деп толық сеніммен айта аламыз. 
Елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты­мен тікелей байланысты. 

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
«Нұр Отан» партиясының ардагері, Ақтау қаласы:

– Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы сын са­ғат­тарында Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев нар жүгін көтере­тін қажыр-қайрат иесі, болашағын болжай білетін дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – еліміз өз тәуелсіздігін алып, дербес даму айдынына бет алған алғашқы сәтінен бастап халыққа берген антын қалтқысыз орындап келе жатқан заманы­мыздың ұлы тұлғасы. 
Тұңғыш Президентіміз тәуелсіз Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, негізін салды, туын көтеріп, тұғырын нықтады, оны дүниежүзілік қоғамдастыққа танытып, мойындатты. Елімізде кешенді реформалар, түбегейлі өзгерістер болды. Адамның, қоғамның санасы өзгерді. Өмірге жаңа ұрпақ келді. Тәуелсіздікті құрметтеу, қастерлеу, қорғау – әрбір азаматтың борышы, парызы екенін қоғам түсінді. Тәуелсіздік, Мәңгілік ел болу санамызда ұлттық идея болып қалыптасты.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларация мемлекеттік маңызы зор тарихи құжат болып табылады. Декла­рацияда еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері саралай көр­сетіліп, тәуелсіздіктің бас сәулетшісі – Елба­сының ерен еңбектерін ескеру қажеттігі айтылған. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жаса­латын жаңа қадам.