Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өткен күнге баға, келешекке бағдар

Өткен күнге баға, келешекке бағдар

Айқын-ақпарат
900
Кеше «Нұр Отан» партия­сының Павлодар облыстық филиалында ХХІ есептік-сайлау конференциясы өтті.

Оған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауов, «Нұр Отан» партиясы­ның хатшысы Наталья Годунова және аудан-қалалардан делегаттар қатысты. Шарада атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар түзілді. Сонымен қатар партия мүшелері Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясына қолдау білдірді.
Аймақ басшысы Болат Ба­қауов еліміздің ертеңі мен бүгінін салыстырып, қол жеткен табыс­тарға тоқталды. 
– Тарихта 25 жыл – қысқа мер­зім. Десе де, осы уақыт ара­лы­ғында мемлекеттің негізгі тірегі болып саналатын салаларды қа­лыптастырып, дамыта білдік. 1990-1994 жылдары елімізде өндіріс орындары тоқтап, мигра­ция мен жұмыссыздық жайлап, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендегені есімізде. Сол тұста Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның бәсекеге қабілетті мем­лекет қалыптастырудағы саясаты мен көрегенділігінің нәтижесінде халқымыз тығырықтан шығып қана қоймай, әлемнің озық ел­дерінің қатарына қосылдық. Бұл – Мемлекет басшысы мен тұтас қоғамның ерен еңбегі, ауызбір­шілігінің жемісі. Осы құнды­лық­тарды бағалай білуіміз тиіс. Шы­нымен, ширек ғасырда ауыз тол­тырып айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Мәселен, өткен ғасыр­дың 90-жылдарымен салыстыр­ғанда тұрғындары саны 1 млн адамға, адамның орташа өмір сүру жасы 4 жыл 3 айға кө­бейді. Сол уақытта кәсіпкерлік сала­сы­ның ауқымы өте тар бо­лып, бұл бағытта еңбек ететін адам­дар қатары некен-саяқ болса, қазіргі күні 3 млн-нан астам қа­зақ­стан­дық кәсібінен нәсіп тауып жүр. Елімізде бұрын-соңды бол­маған экономиканың жаңа 26 секторы құрылды. Тізе берсек, осындай ірі айырмашылық өте көп. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Наталья Годунованың пайымын­ша, бұл көрсеткіштер – өзге елдер ондаған жылда жететін нәтиже. 
– Қазақстан ел ішіндегі бар­лық саланы қалыптастырып, да­мытып қана қоймай, шетелдермен берік байланыс орната білді. Мә­селен, тәуелсіздік жылдары эко­номикамызға 265 млрд АҚШ долларын құрайтын шетелдік инвестиция тартылды. Бірқатар халықаралық қаржы институты­мен де бірлесе жұмыс істеуде. Биыл Қазақстан кәсіпкерлікті да­мытуға жағдай жасаудың әлем­дік рейтингісінде Қытай, Ресей, Түркия, Италия, Израиль мем­лекеттерін артта қалдырып, 41-орыннан 35-орынға көтерілді. Мұның өзі аздаған уақыт аралы­ғындағы ерен еңбегіміздің жар­қын үлгісі деп бағалауға әбден болады. Алдағы уақытта да елі­міздің көркейіп, дами түсуі үшін аянбай қызмет атқаруымыз қажет, – деп партияластарын жұмылып жұмыс істеуге шақырды Н.Году­нова. 
«Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалы төрағасының бі­рінші орынбасары Илья Терен­ченко аймақта атқарылған жұ­мыс­тарға тоқталды. Бүгінде пар­тия қатарында 63 785 павлодарлық бар. Облыс көлемінде 13 аумақтық филиал мен 407 бастауыш партия жұмыс істейді. Бұл ретте биыл сайланған, барлық деңгейдегі 206 депутаттың 197-сі «Нұр Отан» партиясының мүшесі екенін атап өткен жөн. Олар «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келе­шек», «Бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам» және тағы басқа партиялық жобаның сәтті жүзеге асуы, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуі үшін түрлі шаралар мен кездесулер ұйымдас­тырып келеді. Бұл ретте қоғамдық қабылдаудың маңызы ерекше. 
Конференция жұмысына қа­тыс­қан «Нұр Отан» партиясы ба­қылау-ревизиялық комиссия төрағасы Серім Сыздықов аумақ­тық филиал қаржысының қандай көлемде және қандай мақсатта жұмсалғаны туралы есеп берді. Ал облыс­тық мәслихаттың депутат­тық фракциясының жетекшісі Айман Оспанова депутаттардың жергі­лікті билік өкілдерімен жұмысына тоқталды. Айтуынша, есептік кезеңде 23 құзырлы орган басшы­сының есебі тыңдалып, жер-жерде мемлекеттік мекеме­лер­мен бірлескен ауқымды жұмыс атқа­рылды. «Нұр Отан» партиясы Ақсу қалалық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Ай­дос Оразалинов, Баянауыл аудан­дық мәслихатының депутаты Анар Сағындыққызы да партия өкілдерінің қатысуымен ұйым­дас­тырылған шаралардың қоры­тындыларын атап өтті. 
Конференцияға жиналған делегаттар партияның саяси кеңе­сінің 41 мүшесі мен бақылау-ревизиялық комиссиясының 7 өкілін сайлады. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясының хат­шысы Наталья Годунова бірқатар міндетті жүктеп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовқа «Белсенді қызметі үшін» медалін, төрағаның бірінші орынбасары Илья Теренченкоға Құрмет гра­мо­тасын табыстады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Павлодар облысы


 

Айдос ОРАЗАЛИН,
«Нұр Отан» партиясы Пав­лодар қа­­­­лалық фи­­лиалы төра­­ғасының бірінші орынбасары:

– Ел Тәуелсіздігін иеленген уақыттан бері үлкен жұмыс ат­қа­рылды, талай асуларды ба­ғын­дырып, бірқатар жетістікке қол жеткізе алдық. Ең бастысы, осы 25 жылда халықтың бағалы әрі негізгі құндылығы – ел егемендігін сақтай алдық. Біздің мемлекеттің бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы мен терең тарихын қамтитын Тәуелсіз­діктің 25 жылдығы декларация­сының қабылдануы аса маңыз­ды деп есептеймін. 
Біздің ендігі мақсатымыз – Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлының көреген саяса­тының арқасында Мәңгілік ел құнды­лық­тарын нығайту, еліміздің гүл­денуі, мемлекет мүддесі үшін бар күшімізді салып, Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін өскелең ұрпаққа сақтау және жеткізу деп білемін.
Жұлдыз ТӘЙКЕБАЕВА, 
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары: 

– Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығы декларациясы өте маңыз­ды тарихи кезеңге арналған құжат деп санаймын. Тәуелсіз­дік – қазақ халқының бостан­дық­қа ұмтылған асқақ арман­дары мен қайсар рухының же­місі. Сондықтан біз үшін Тәуел­сіздік – ең қастерлі әрі басты құндылығымыз.
Ел егемендігін алған 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қа­лыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өттік. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемле­кет­тер танитындай, сыйлай­тындай деңгейге жеткізген Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын ерекше атап өту қажет.

Ораз МҰҚАШЕВ,
Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

– Тәуелсіз­діктің 25 жыл­дығы деклара­циясы еліміздің дамуы мен қалыптасуының негізгі кезең­дерін қамтиды. 2016 жыл – әр қазақстандықтың өміріндегі бейнелі әрі маңызды уақыт. Біз – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойының куәгеріміз. Біздің халық ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігінде қазығы бекем, қарқыны күшті заманауи мем­лекет құру жолында бірлікте еңбек етуде. Рухтың мықты­лығы, елдің ауызбіршілігі және тұрақтылығының арқасында экономикалық даму мен аза­маттық келісім орната білдік. 

Қабылқақ ҚАПЕНОВ, 
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты: 

– Елбасы­ның ел тәуелсіз­дігінің ныға­юын­да, мемле­кеттің өсіп-өркендеуі мен әлем­дік аренада танылуы жолындағы еңбегі ерен. Республиканың эконо­микасы, халықтың әл-ауқаты, еліміздің халықаралық дең­гейдегі абыройы күннен-күнге артуда. Осының бәрі Елба­сымыз, «Нұр Отан» партия­сының Көшбас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлының есі­мімен тікелей байланысты. Парламенттің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қабыл­даған декларациясы бағалы құжат деп білемін. Бұл құжат қазақстандықтардың бағдар­шамына айналады деген сені­мім мол. Тәуелсіздік декла­рациясы 25 жылдықтың ше­жіресі іспетті, құнды да қажет құжат екені даусыз.

Әбілқасым ДОСБОЛОВ, 
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: 

– Декларация барша­мыз­дың көкейімізден шық­қан тарихи құжат екені даусыз. Декларацияда ши­рек ғасыр ішінде атқарылған, тәуелсіз еліміз қол жеткізген жетістіктер мен табыстар нақты баяндалған. Рас, Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі бол­ды. Ширек ғасырда Елбасы Қазақстанды саяси байланыстары мен ішкі дамуы, ұлттың рухани жаңғыруы мен әлемдік беделге ие болуы тұрғысында еш заманда болмаған жаңа деңгейге көтерді. Ең алдымен экономиканы дұрыс жолға қоюды мақсат тұтқан Елбасы саясат сахнасында да әлемді мойындатты. Нұрсұлтан Назарбаев – бүгінде әлемдік аренадағы ең ірі саяси тұлғалардың бірі. Оның ширек ғасырда көтерген жаһандық саясатты қамтитын бастамалары әлемдік саясатқа ірі бет­бұрыстар әкелді.
Ал тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ең­бегімен етене байланысты екені айқын шындық. 

Ақтолқын СУНГУР,
Қызылорда облыстық Азаматтық альянс қауымдастығының төрайымы:

Декларация заманы­мыздың аса көрнекті қай­раткері, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қа­зақ­станның аз жыл аясында бағындырған белесін баяндайды. Әрі бұл – Қазақстан халқының береке-бірлігінің жарқын көрінісі. 
 Еліміздің ғасырлар бойғы үміті, қол жетпестей сағымды арманы тек 25 жыл бұрын ғана Елбасы бастауымен шынайы өмірге айналды. Бүгінде біз жер жүзіне танылған еркін елдің өкілі екендігімізді әлем халықтарының алдында мақтанышпен айтамыз. 
Қазақстан әлемге өзінің саяси-эко­номикалық бағытын мойындатып, конти­ненттер тағдырын шешетін дамыған мем­лекеттердің қатарынан өз орнын алды. 
Өз басым Тәуелсіздік декларациясын ширек ғасыр ішінде шираған ел мен оны бастаған Елбасы еңбегіне берілген ең жоғары баға деп қабылдаймын.

Сайын ҚУАНЫШЕВ, Атырау облыстық мәслихатының депутаты: 
– Ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аса маңызды тарихи құжат қа­былданып отыр. Ширек ға­сыр уақытта Қазақ елі әлемге тәуелсіз Мемлекет болып танылды. Осы жылдарда Қазақстанда қандай істер атқарылғаны декларацияда жазылған. Тарихи құжатта еліміздің бүгінге дейінгі жетістіктері жазылып қана қоймай, оның алдағы кемел келешегіне барар дара жол бағыты да көрсетілген. 
Құжатты парақтаған жастар, тәуел­сіздіктің алғашқы ширек ғасырындағы мемлекеттің дамуы үшін Елбасының саясаты жүйесімен жасалған игілікті істерге қанығып, санасына түйеді. Мәңгілік ел болуды мақсат еткен біздің, мемле­кетіміздің тұтастығы, бірлігі мен бейбітшілігі үшін жасалған барлық істеріміз жастарға серпін беріп, олардың келешекте осы құнды­лық­тарымызды сақтауға үндейді. 
Сайып келгенде, декларация бүгінгі Қазақстанның айшықты ғұмырнамасы жазылған құжат ретінде жастарға аманат­талып, олардың келешекте адаспай дұрыс жолды таңдай білуінің шамшырағы бола­рына сенімдімін.