Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сирия Түркиямен соғысуға әзір ме?

Сирия Түркиямен соғысуға әзір ме?

Айнұр Қазыкенова
965
Сирия Түркиямен соғысуға әзір  ме? Түркия мен Сирия үлкен соғыстың табалдырығында тұр. Кеше ғана Сирия әуе күштері Эль-Баб шаһарының түбінде тұрған түрік әскерлерінің бөлімдерін бомбаның астынан алды.

Үш түрік   сарбазы  қаза  тауып,  оншақтысы  жарадар  болған.  Олардың арасында жағдайы тым ауырлары да бар.Осы  оқиғадан кейін-ақ түрік  премьер- министрі  Бинали Ілдірім: «қазір Түрік әуе күштерінің қолдауымен «Сирия еріктілер армиясы» Эль-Баб қаласының  маңындағы лаңкестерді жою  операциясын  жүргізіп  жатыр.  Өкінішке қарай,  кеше  түнде  Сирия үкімет  әскерінің ұшақтары  оларға  соққы  берген. Бірнеше  солдат қаза тауып, бірталайы  жараланды. Біздің «Ислам мемлекеті»  тобын талқандау  үшін жасап жатқан әрекетіміз кейбіреулерге  ұнамайды. Дегенмен  соққы қай  бағыттан, кімнің тарапынан жасалса да, лаңкестерге арналған  біздің әрекетіміз тоқтауға  тиіс емес. Ескертемін,  дәл  осындай соққыны  оларға біз де  жасаймыз. Қарымта  қайтады». Бұл  Түрік премьерінің қатаң ескертуі. Бір еске  сала кететін  жайт, осыдан үш ай  бұрын түріктер халықаралық  коалиция  күштерін  қолдау  үшін  Сирия  жеріне басып кіре  отырып, «Ефрат  қалқаны» операциясын  бастаған. «Ислам  мемелкеті» тобының  баскесерлері  басып алған  Жараблус  қаласын азат етті. Қазір  осы содырлардан  Эль-Баб  қаласын азат  ету үстінде. Дәл  осы  сәтте  Сирия үкіметінің әуе күштері  оларды  бомбалаған. Енді жағдай қалай  болмақ? Түркия қандай  әрекет етпек? Сирияны қолдап  отырған  Ресей бұл  текетіреске  сырттан  бақылаушы  бола ма,  әлде  Дамаскны  қолдап Анкараға  қарсы тұра  ма? Әзірге  белгісіз. Ең  бастысы,  Түркияның  әрекетсіз қалмайтыны. Егер де  екі  жақ  бір  бітімге келмесе, мұның арты  Түркия мен Сирия арасындағы  қанды  қырғынға  әкеліп  соқтыруы мүмкін.

                                          Айнұр Қазыкенова