Басты  /  мақалалар  /  Міржақып Дулатұлы: Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес

Міржақып Дулатұлы: Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес

Серікбол ХАСАН
6141
Міржақып Дулатұлы: Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес Бүгін қазақтың біртуар ұлдарының бірі Міржақып Дулатұлының (1885-1935) туған күні... Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ірі қаламгер, көсемсөздің хас шеберінің саясат, дін, кәсіп, тіл, мәдениет жайлы орамды ойларын ортаға салдық...

Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла бергендер түсетін еді.

 

***

Орыстың атты ғаскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ өзінің атынан айырылып «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ.

 

***

Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйретуші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген, бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген, ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді.

 

***

Біздің ойымызша, халық пен һүкіметтің пікірі бір жерден шыққан істен артық нәрсе болмаса керек.

 

***

Басқаның айтқаны, айдағанымен жүріп, өз қамын өзі ойламаған жұрттың күні қараң.

 

***

Адам баласы үмітпен жасайды. Кімде-кім істеген ісін аңғарып, түскен бағытына, иеленген пікіріне иман келтірумен асағанда ғана, көздеген мақсатына жетуге болады. Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін  сезбеген, ертеңгісін қайғырмаған адам кімге басшылық қылады.

 

***

Заман бұл күйде тұра бермес, түстен кейін болса да халықтың есі енер. Алды-артына қаранар. Сонда кім дос, кім қас екенін байқар. Кім жұртты бүліншілікке салмау жолында, кім елдегі момын шаруаны желуаз ғып, аспандағы айдан дәмелі қылып жүргенін аңғарар. Аз күнге халық шыдаса, біз де шыдадық.

 

***

Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ, әрбір шенеунік қазақ бола алмайды.

***

Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын.

 

***

Һүкімет халыққа таянып іс қылуға тиіс. Үнемі һүкіметке сүйенген халық ілгері баса алмайды.

 

***

Ұйымдаспаған халық, ұрандаспаған топ мақсатына жете алмайды, көрінгенге жем болады, кез келгенге құл болады.

 

***

Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз еді.

 

***

Саясат жөнінде жұрттың бәріне ұстаз – Еуропа халқы. Біз өрнекті Еуропа халқынан алуға тиістіміз. Бірақ аз уақыттың ішінде қанша сүйрегенмен жалпы жұрт Еуропа болып кете алмайды.

 

***

Өзгелерден кем болмай, тең боламын деген жұрт қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болғанда адам болсын, жұрт болсын, білімі, өнерімен тең болады. Қалыспаймын дегенде осылармен қалыспсқа тырысады.

 

***

Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу.

 

***

Оқытудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру.

 

***

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Енді қандаймын?

 

***

Бөтен жұрттармен араласқан, бөтен жұрттардың оқуын оқыған адамның тілі бұзылмасқа амал жоқ.

***

Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы.

 

***

Біз мұсылман екенбіз. Құдайдан тілейді екенбіз. Дұрыс-ақ. Бірақ бізден басқа мұсылмандар құр тілекпен отыр ма? Жер жүзінде 300 миллионнан астам мұсылман бар. Олардың ішіндегі зор мемлекет – Түркия. ...Біз не қылып отырмыз? Біз жан-жақты Жасағанға күзеттіріп қойып отырмыз.

 

***

Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?

 

***

Сот түзелмей, халық түзелмейді. Сот халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмесе, сот емес, ол – сор.

 

***

Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес.

 

***

Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті.

 

***

Мәдениетіміздің қаншалық ілгері басқанын, иә кері кеткенін көрсетіп отыратын қатесіз өлшеуіштің бірі – газет.

 

***

Шын қазақша жазылып, тіл мәселесін қолына ала туған осы «Қазақ» екенін ешкім бекер дей алмас. Бұл неден? Әрине, шығарушыдан дейміз.

 

***

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.

 

***

Бір жақсы нәрсенің қолға түсуі, жаман нәрседен гөрі қиынырақ болады.

 

***

Жақсы істен – жақсылық, жаман істен – жамандық тумақшы. Бұрынғының «Не ексең – соны орасың» деген сөздің терең мағынасы осы.

 

***

Біреудің көрнеу жауыздығын айтпаудың өзі жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың.

 

***

Бүкіл халықтың тәрбиесі – әйелдің қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Күңнен ер көңілді, кең пейілді азамат қалай туады? Күңнен құл тумақшы емес пе?

 

***

Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын жеке басының пайдасы үшін қысқа күннен қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.

 

***

Құдайдың әмірімен қазірде Хожа Ахмет Йасауи хазретлері қабірінен тіріліп шықса, қазақ халқына дін үйретпес еді. «Өздеріңде мұсылман екенсіңдер», – деп, дүлділіне мініп алып, Қара Еділден Алатауға, Омбыдан Әмударияға шейін қазақ бар жерді аралап: «Тез жұрт салып, шәһәр болыңдар, егін саймандарын алып,  жер жыртыңдар», – деп жар салар еді.

 

***

Салт-сананың нағыз тетігі – ғылым емес, кәсіп жасау. Елдің қолданған кәсібі, кәсібінің түрі өзгермей, құрғақ ғылым салт-сананың өзгеруіне артық себеп бола алмайды.

 

«Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан