Негізгі бет  /  мақалалар  /  Төрт жерлесіміз жайпап келеді

Төрт жерлесіміз жайпап келеді

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
897
Төрт жерлесіміз жайпап келеді Ресейдің Санкт-Петербор қаласында жастар арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстанның алты боксшысы ширек финалда жұдырықтасқан еді. Солардың төртеуі өз жекпе-жектерін айқын жеңіспен аяқтап, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндіктерін сақтап қалды.

Осы орайда, тіптен жеңілген жігіттерге еш өкпе айта алмаймыз. 52 келі салмақтағы Айдос Арапов Кубадан келген қабылан Элио Креспомен терезесі тең өнер көрсетті. Біраз ойлана-толғана келе, төрешілер Бостандық аралы өкілінің қолын көтерді. Аса ауыр салмақта айқасқан Айболды Дәуренұлы мен грузиялық Георгий Чигладзенің де жекпе-жегі шиеленсті өтіп, қандасымыз 2:3 есебімен есе жіберді.

Есесіне жерлестеріміздің өзге кездесулердегі үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. 56 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Саматәлі Төлтаев түркиялық Әли Ықсан Алағастан айласын асырды. 75 келі салмақта сайысқа түскен Бек Нұрмағамбет америкалық Никита Абабиге бас көтерткен жоқ. 81 келі салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов ирландиялық Крис О’Рейлиді еркін ұтты. Бұл бәсекелердің барлығында 5:0 есебі тіркелді. Ал 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Садриддин Ахметов қырғызстандық Айбек Ақылбекұлын үшінші раунда ұрып жықты.

Ертең барлық боксшылар демалады. 26 қарашада жартылай финалдық сайыстар өтеді. Бұл бәсекелерде Саматәлі Төлтаев австралиялық Сэм Гудманмен, Бек Нұрмағамбет германиялық Везер Агирманмен,Садриддин Ахметов британиялық Мұхаммед Ақбаров жәнеБекзат Нұрдәулетов украиналық Роман Савицкиймен жұдырықтасады. Жарыс 27 қарашада өз мәресіне жетеді.

Әлем біріншілігінде жартылай финалға ең жолдама алған командалар арасында Қазақстан құрамасы да бар. Жерлестеріміз Куба, АҚШ және Өзбекстанмен бірге төрт жолдамадан иелік кетті. Ресей мен Украинаның үш былғары қолғап шеберлері жеңіс тұғырына көтеріледі. Түркия, Ирландия, Үндістан және Германия боксшылар екі реттен дәл сондай құрметке бөленді. Сондай-ақ, сол межеге жеткендер арасында Филиппин, Жапония, Франция, Канада, Беларусь, Венгрия, Англия, Австралия, Шотландия және Грузияның бір-бір өкілі бар.