Басты  /  мақалалар  /  Ширек ғасырдағы табыстарымызға баға берген құжат

Ширек ғасырдағы табыстарымызға баға берген құжат

Айқын-ақпарат
1708
Ширек ғасырдағы  табыстарымызға баға берген құжат Жақында қабылданған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы іс-жүзінде елдің өткенін бағамдап, келешегін бағдарлауға қажет құжат.

Декларация ширек ғасырда қол жеткізген табыстарымызды саралау үшін жа­салды. Әрі Мемлекет басшысының айнала­сы­на топтасқан отандастарымыздың қажырлы ең­бегіне құрметтің көрінісі. Қоғам қай­раткерлері де құжатқа сондай баға беруде.

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик:

– Бүгінгі тәуелсіздік таңына ширек ғасыр толып отырған кезеңде  депутат­тық корпус –  халық қалау­лылары бір ауыздан «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы­ деклара­циясы» қа­был­дады. Декларация – елі­міз егемендік алғаннан бастап жүріп өткен ха­лық өмірінің соқпақты-сүрлеулі жолы, эко­номика мен саясаттағы, мәдениет, бі­лім, әлеуметтік салалардағы қол жеткіз­ген зор жетістіктері бейнекөрініс тапқан, та­ри­хи маңызды құжат. 
Декларацияда тәуелсіздігіміздің басты ын­та­шы­сы, бүгінгі бейбіт, берекелі өмірі­міздің ұйытқысы, ширек ғасыр бойы барша халқымыз атқарған алып еңбектің Көш­бас­шысы – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ерен рөлі мен сындарлы саясаты ай­қындалып, лайықты бағаланды. Әсіресе, Елбасының Сарыарқаның төсінде еліміздің бас қаласын тұрғызуға байла­ныс­т­ы батыл идеясы ерекше аталды. Астана­мыздың бүгінгі таңда көркімен, бейбіт сая­­­саттың жаршысы рөлімен барша әлемді таң қалдырып, әйгілі астаналармен бәсе­кеге түсіп отырған, мегаполистік дәре­же­ге ұмтылған, жас та жайнаған қала екендігі баршаға аян. 
Ұлы дала елі – Қазақстан өткен ширек ғасырда сан алуан сын-қатерді артқа қал­дырып, бүгінде әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіру секілді биік межеге қол созуда және бұл орайдағы нақты қа­дам­дарды бейнелейтін Ұлт жоспары да қа­былданған. Мәңгілік ел атты тұжы­рым­дал­ған ұлттық идея­мыз бар.  
Міне, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қар­са­ңында осындай теңдессіз, тарихи же­ңістеріміз бейнеленген декларацияны қабылдап, оның жарқын беттері арқылы бола­шаққа тарихи амана­тымызды қалдыр­мақпыз.

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал-полковник:

– Аз уақыттың  ішінде Елбасының бі­лімділігінің, қажырлылығының, ұйым­дас­тыру қабілетінің арқа­сында мемлекет құрып, бү­гін­гідей дәрежеге жеттік. Тәуел­сіз ел болуымыз ұлт­тың рухын көтерді. 
Тәуелсіз Қазақстанның деңгейін көте­ріп, басқа алпауыт елдермен терезесі тең мемлекетке айналдық. «Мұса пайғамбар еврейлерді өзгерту үшін 40 жыл бойы ана жерге, мына жерге апарып жүріп мента­литеті мүлдем бөлек жаңа ұлт құрды» деп айтады. Біз 25 жыл толмай жаңа мемлекет, жаңа ұлт болдық. Бәріміз өзгердік. Кезінде «Мемлекетті басқару қазақтардың қолынан келмейді. Бизнесті жүргізе алмайды» деген­дер болды. Біз бүгін кімнен кембіз? Қа­зақ­станның жастары кімнен кем? «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бойынша жастар әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алуға жағдай жасалды. Міне, сол жастар қа­зір ел басқарып, билікте отыр. Аз уақыт­тың ішінде бизнесті де меңгеріп, жоғары дең­гейге жетті. 
Ақмола кішкентай ғана қала болатын. Он шақты  жылдың ішінде  зәулім қала салынды. Қала даму үшін тоқтаусыз салына береді. Әсем, әдемі қала әлі де салынып жатыр. Елбасы «Үйлер бір-біріне ұқсас бол­масын» дейтін. Шет елге іссапар­лар­мен шыққанда өзіне ұнаған үйлерді сы­зып, сұрап алып келіп тапсыратын. Қазір Астанада бір-біріне ұқсамайтын әдемі зәулім үйлер бой көтерді. Мұның бәрі Тә­уел­сіздік пен Ел­басының арқасы. Ал Пре­зи­денттің еңбегін жоғары бағалау елдің оған деген құрметі.

Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы, сыншы:
– Тәуелсіздік алған ең алғашқы  күн­дердің, ең алғашқы жылдардың қалай болғанын қайталап жа­тудың қажеті жоқ. Алып им­перия құлаған кезде барар бағы­тымыз, ұстар ұстанымымыздың бәрі бел­гісіз болды. Міне, осын­дай дәуренді бастан өткіздік. Сол бір қиын дәуірде, аны­ғы 1993 жыл­дың сәуір айын­­да Пре­зидент Нұр­сұл­тан Назарбаев үлкен батыл іске барды. Ол – ғасырлар бойы халқымыздың жүрегін қобалжытып кел­ген тіл мәселесіне байланысты Тіл ко­митетін құрды. Сол Тіл ко­ми­тетінің тұңғыш төрағасы етіп Елбасы өз Жар­­лығымен мені тағайындады. Ол кезде тіпті жалақы тауып берудің өзі қиын болатын. Ми­нистрліктің дәрежесінде құрылған жаңа құрылымға алғашқы бес-алты айдың ішінде барлық облыстар мен аудандарда 900-ден астам адам жұмысқа кірісті. Ол кездегі тілдің жағдайы тіпті мүшкіл еді.  Ең алғаш зерттегенімізде елдегі қазақ тілінің қолдану аясы бар-жоғы 5-7 пайыздың аралығында болды. Бұл комитетке жалақыдан басқа артық қаражат бөлінген жоқ, бірақ соның өзінде жұрттың туған тілді сақтауға деген ықыласы ерекше болатын. Елдің ұлтжанды азаматтары тілі­мізді мемлекеттік дәрежеге көтеруге үлкен күш салды. 
Қазір елімізді – ел жасаймыз деп жатырмыз. Мәңгілік елдің мемлекеттік тілі болуы керек. Кешегі күні шетқақпай көріп, отаршыл идеядағы адамдардың таптауына ұшыраған, тек отбасы, ошақ қасында ғана сөйлесуге жарайтын тіліміз мемлекеттік дәрежеге көтерілді. Әлемде 6-7 мың тіл болса, соның  100-і ғана мемлекеттік тіл дәре­жесін алған. Соның бірі – біздің тіл. 25 жылдың  ішінде біз осындай жолдан өттік. Тіл саласында шешілмей жатқан мәселелеріміз көп. Ғасырлар бойы тепе­ріш көрген елдің, тілдің бар жоғын бір сәтте түгендеп алу мүмкін емес. Бірақ біздің алғашқы ширек ғасырда істелген шаруамыз мемлекеттің болашағына үлкен сенім артады. Тіл – тәуел­сіз­ді­гіміздің бір ғана нышаны.  
Менің ұғымымда, біздің  мем­ле­кетіміздің нағыз көрнекті символының бірі – Астана қаласы. КСРО кезінде Ор­талық комитетте қызмет істеп жүр­генде,  Алматыдағы Орталық музей мен монша салынуына байланысты келім­сектерден «Бізге үй салудың орнына Қазақстан музей, монша салып жатыр» деп арыз түсіп, Мәскеуден ар­найы комиссия келген болатын. Тәуелсіз ел болғаннан кейін біз тұтас қала салдық. Осының бәрі Тәуел­сіздіктің арқасы. Өз еркімізбен, өз ықыласымызбен жасалған, біреуге бағынып, біреуге тәуелді болмай, біреу­ден тіленбей істелген шаруа. Тәуел­сіздік адам­ның еркін ойлауына, еркін еңбек етуіне, өз ұлтының, мем­лекетінің мақ­саты үшін еркін жұмыс істеуіне мүм­кіндіктер береді. Оның ұлы жемісі – осылар.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, қоғам қайраткері: 

– Ұлы мереке қар­са­ңында ұлы даланың жүрегі – Астанадан қуа­ныш­ты хабар жетті: Отанымыз –  Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­ді­гі­нің 25 жылдығы декла­ра­ция­­сы қабылданды. Мемлекет дамуының және қалыпта­суы­ның негізгі кезеңдерін қамтитын тарихи құжатты толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Әсіресе, оның кешегі қиындықтарды бастан кешкен елі­міздің бүгінгі толағай табыстарына куә болып отырған аға буынды шаттыққа бөлегеніне күмәнім жоқ. Бір сәт шетсіз де шексіз теңіз төрінде қалт-құлт еткен ескексіз қайықты көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кеңестік заман­ның ақтық демі таусылып, дербес даму жолына түскенде еліміздің осындай күй кешкенін ұмыта қойған жоқпыз. «Қайда барып тұмсық тірер екенбіз? Жартасқа барып соғыла ма, болмаса адасқан жолаушыдай арып-ашып, сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақтың күйін қайта кеше ме?» Көңілде үміттен гөрі күдік басым заман болған. Дәл сол уақытта ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев өз қолы­на алмағанда, оқиғаның қалай өрби­ті­нін болжаудың өзі қорқынышты еді.  
Тәубе, Елбасымыз сол бір алма­ға­йып заманда жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанын шүберекке түйіп жүріп тыңнан жол іздеді, істің қисынын тапты, қиындықты жеңе білді, жоқтан бар жасады. Әйтеуір елін адастырған жоқ, халқын жүдеткен жоқ. Тарих өлшемімен алғанда, 25 жыл – бұл қас-қағым сәт. Бірақ осы уақыт ішінде Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баев­тың көрегендігі мен кө­семдігінің, батыл әрі терең ойлас­ты­рылған реформаларының арқасында еліміздің барлық саласына тағдыр­шешті өзгерістер еніп, Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, ертеңіне сенетін еңселі елге айналды. Осылай біз 25 жылда ғасырға пара-пар жолдан өтіп, заманауи мемлекет құрдық, бүкіл әлемнің назарына іліктік, өркениет көшіндегі өз орнымызды тауып, өзге­лерге де үлгі болатындай биік­терге көтерілдік. Өз жолымызға – қазақ­стан­дық даму жолына түстік. Осының бәрі, әрине, мерейімізді тасытады, жаңа биік­терге жігерлендіреді. Қазіргі Қазақстан алып мұхиттың төсін тілгі­леп алға ұмтылған мұзжарғыш іспетті. Тәуелсіздік декла­рациясын оқығанда мені осындай ойлар баурады. 

Дәурен БАБАМҰРАТОВ,  «Бола­шақ» республика­лық қозға­лысының төрағасы: 

– ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы деклара­циясы қабылданғаны дұрыс дүние бол­ды. Шынымен де, Қа­зақстан егемендік жылдары үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер мен табыстарды атап өту, бұған еңбегі сіңген тұл­ғаларды ұлықтау дұрыс. Бұл өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. 25 жылда Қазақстанның қол жеткізген ең үлкен жетістігі – ел экономикасына құйылған 200 млрд дол­лардан астам инвестиция. Негізі, әлемде қазба байлықтар бойынша Қа­зақстаннан аспаса да, шамалас мемлекеттер баршылық. Бірақ инвестиция тарту мә­селесі кейбір елдер үшін аса қиын. Менің ойымша, мемлекет басшылығы елімізді инвесторларға тартымды етіп таныта да, мойындата да білді. Біріншіден, халықаралық деңгейде шекарамыздың бекітілуі өте маңызды іс болды. Екіншіден, Әлемдік және дәстүрлі діндердің съездері елімізде өткізілді. Үшіншіден, Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ел беде­лін асқақтата түсті. Егерде елде тұрақтылық пен халыққа деген сенім болмаса, инвес­тиция оңайлықпен келмейді. Шикі­зат­тың бағасы да өзгеріп тұрады. Бұған қатысты экономистер өз бағасын беріп жатады. Бұл тұста шетел­дік­тер Елбасы мен халыққа се­ніп, ел экономикасына көп инвестиция салғаны қуантарлық. Бұл ел игілігі үшін жа­сал­ған оңтайлы бастамалар.  

Оңғар қажы ӨМІРБЕК, «Иман» журналының бас редакторы, ардагер журналист:

– Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы бодандықта өмір сүріп, күресіп келген ата-бабаларымыздың асыл арманы еді. Бұл арман кешегі кеңес заманында дүниеге келген біздің ұр­пақтың да жүрегінде болды. Біз кеңестік замандағы барлық ауырт­па­лықты, тіліміздің мүшкіл күйін де көрдік. Кеңес заманында «барлық адам тең құқылы» деп ұрандатқанмен, шын мәнінде ауылда туып-өскен, орыс тілінде сөйлей алмайтын азаматтар үшін көп қиындық туғызды. Мысалы, 1960-жылдардың басында алғаш рет ҚазҰУ-ға оқуға түсуге келдім. Сол заманда Алматы тұрғын­да­рының 7-ақ пайызы қазақтар еді. Ал жо­ға­ры оқу орын­дарында оқитын сту­денттердің 4-пайызы өзіміздің қаракөздер еді. Сөйтіп халықтың 11-ақ пайызы жергілікті ұлттан болды. Қоғамдық көліктерде бір-бірімізді таны­майтын қазақ балалары кездесіп, бір-бірімізді бауыр тартып, сөйлесе бастасақ, мына жақтан «түсінікті тілде сөйлеңдер» деп зекіп тастайтын. Жалпы, қалаға тір­кеу­ге тұрудың өзі қиын болатын. Алматыда жалғыз қазақ мектебі – №12 мектеп еді. Өкінішке қарай, мектеп тапшылығынан балаларымды орыс мектебіне беруге мәж­бүр болдым. Бұл аздай кеңестік заман­да дініміз де кемшін дамыды. Ол заманда «мешітке тек қарттар барады» деген қате түсінік болды. Мұны өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін білсін деп айтып отырмын. Аллаға шүкір, еліміз егемендік алғаннан кейін тілімізді дамытуға, ұлттық салт-дәстүріміз бен дінімізді ұстануға жол ашылды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе берілгеннен кейін, ол өз тұғырына біртіндеп көтеріліп жатыр.    
Алланың арқасында көбіміз тәу­беге келіп, намаз оқып, түзу жолға бетбұрып жатырмыз. Дінді ұстану дегеніміз – нағыз қазақ болу деген сөз. Тіл мәселесінің ары қарай да­муы­­на да әркімнің ынта-ықыласы қажет. Ел­басы: «Қазақпен қазақ қазақша сөй­лес­сін» деген сөзі өте дұрыс. Егерде бәріміз өз ана тілімізде сөйлесек, мемлекеттік тіл өз тұ­ғырына көтеріледі. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың мешіттерді аралап, жер-жер­де мешіттердің салынуына жол ашуы да үлкен азаматтық. Сондықтан біз Тәуел­сіз­дік декларациясын тарихи құжат деп біле­міз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық қоры­тын­дысы жарияланған бұл құжатты қа­дір­­леуіміз керек. Бұл, сондай-ақ, біздің ал­дағы бағыт-бағдарымыз боп саналады.        

Сауық ЖАҚАНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:  

– Аллаға шүкір, еліміз тәуел­сіздік алғалы жақсы дамып ке­ле­ді. Қазақ та қана­ғатшыл ха­лық қой. Бұрын-соңды еліміз­дің осыншама дамитынын ой­лап па едік?! Президентіміз де айтып жүр ғой, дүкен­дерімізде тауар­дың түр-түрі бар, халықтың тұр­мыс-жағдайы жақсы. Бәрі­нің еркі мен құ­қық­тары бірдей. Әри­не, пенде болған соң әр­кім­нің әртүрлі пікірі мен ойы бо­ла­ды ғой. Меніңше, жалқау бол­ма­саң елімізде жұмыс істеуге де, кәсіппен айна­лысуға да бар мүм­кіндік жасалған. Қазіргі заманда ерінбей еңбек етсең, то­ла­ғай табысқа қол жеткізуге бо­лады. Тек жалқаулықты қою ке­рек. Өз басым, елде болып жат­қан барлық оң өзгерістерге шүкіршілік етемін. 

Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері: 

– Бүгінгі тәуелсіз Қазақ­стан­ның тұғырын асқар тау­дай  асқақтатқан, ғұмы­рын мәңгілік нұрға ма­­­­лын­дырған, ол – ұлт Көш­бас­­шысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені даусыз. Тіпті қазіргі күні Қазақстан мен Назарбаев ажырағысыз егіз ұғымға айналды. Сондықтан біз Нұрсұлтан Назарбаевты қалай мақ­тасақ та, оған қандай мадақ сөз айтсақ та орынды. Әсілінде, Қазақ елі тарихында үш көсем болған. Саяси көсем – Әлихан Бөкейханов, рухани көсем – Ахмет Байтұрсынов, ал рух көсемі – Абай Құнанбаев. Бүгінгі күні сол үш көсемнің рөлін бірдей атқарып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені даусыз. Ұлы даланы ғасырдан ғасырға жалғастырып келген халқымыздан шыққан хандар мен билер болатын болса, ал бүгінгі күні сөзі де, өзі де – тұла бойы сұлулыққа, жан дүниесі жылылыққа толы, ешкімді бөлмейтін, жатсынбайтын, кемел саясат жүргізіп отырған, Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қызмет жасап жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі мәңгілікке тарихта қалатын есім екені ақиқат. 
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дана да дара жаратылған, ерекше жан. Ол шыбықтан шынар, шынардан ғаламат мұнар болып отыр. Осы мұнарлығынан ешқашанда аласармасын деп тілеймін. Ол көкте қыран болып қалықтады, сұңқар болып самғады. Мемлекет басқару ісінде ол өзіне сенімді серік, адал достар таба білді. Соның арқасында Қазақ елі бүкіл әлемге танылып, барша мемлекет тәуелсіз Қазақстаннан үлгі-өнеге алып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір көрегендік қасиеті, ол – елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін бірдей теңдікке, береке-бірлікке, ынтымаққа жеткізу мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Сол ассамблея арқылы Қазақ елінің барша жұртшылығы ғасырдан ғасырға тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүретіні анық. Жаратқан ием тәуелсіз елімді даласымен, халқымды данасымен, сәбилерді анасымен, азаматтарды санасымен сақтасын деп тілеймін.

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы: 
– Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жыл­дығына орай қабылданған дек­ларацияны еліміздің осы заманғы жаңа тарихи ше­жі­ресінің қысқаша нұс­қасы деп айтуға болады. Егер 90-­­жылдардағы және тә­уел­­сіздік жыл­дарынан кейінгі Қа­зақ­станды са­лыс­ты­рсақ, көз алды­мызға Қа­зақ елінің дүние­жү­зіндегі алпауыт елдермен тере­зесін те­ңес­­тіріп, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы тәрізді ха­лық­аралық маңызы зор бір­қатар ұйымдарға мүше болып ғана қоймай, әлем­дік саясатта, ғаламдық істерде өзінің ой-пікірін ашық жеткізуге зор мүмкіндік алғанын айқын аңғарамыз. Бұл – осыдан 25 жыл бұрын Кеңес Одағының шеңберінен асып шыға алмаған Қазақ елінің әлемдік өркениетке батыл бет алғанының айқын айғағы. Өткенге көз жіберсек, Қазақ елі өз тари­хында өзінің тәуелсіздігін бүкіл әлемге жариялап, төл Президентін сайлады. Ал Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса, өзіне жүктелген сенім мен зор міндетті жүзеге асыру жолындағы жауапкершілікті мойнына алып, егемен еліміздің дамуының сара жолын белгілеп ғана қоймай, барша жұрт­шылықты сындарлы саясат жолына бастай білді. Сөйтіп, Қазақстан мемлекеті әлемдік даму жолына түсті. Құдайға шүкір, жетістігіміз де жеткілікті. Әлем елдері қай салада болмасын Қазақстанмен санасатын болды. Ол – ол ма, ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығы мен алдағы күндерді терең болжай білетін кемең­герлігінің нәтижесінде, біздің еліміз әлем елдері арасында тұңғыш рет ядролық полигонды түпкілікті жауып, адамзатты қырып-жоятын алапат қарудан үзілді-кесілді бас тартып, өзге елдерге үлгі-өнеге бола білді. Елбасының осындай баға жетпес еселі еңбектерін ел-жұрты мақтан тұтады. 

Жұмағали ИСМАИЛОВ, Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры:

– Күні кеше ғана қа­был­данған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы – ел үшін маңызды әрі тарихи құжат. Өйткені ширек ғасыр ішінде Қа­зақ­станның қол жет­кізген же­тістіктері то­лағай теңіз. Соның бар­лығы, яғни тә­уел­сіздік алған жыл­дан бастап қазіргі күнге дейінгі белестеріміз осы құжатта айқын көр­сетілген. Мы­салы, Елбасының көреген сая­сатының арқасында қаншама өміршең бағ­дарламалар мен жобалар қолға алынды. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясы, одан бөлек «Нұрлы жол» жаңа эко­но­ми­ка­лық саясаты, Ұлт жоспары – «100 нақты қадам», «Еу­ропаға жол» мемлекеттік бағ­дарл­а­масы, Мәңгілік ел ұлттық идеясы – еліміздің қуатын ны­ғайтуға бағыт­тал­ған, дамыған мем­лекеттермен иық теңестіретін жағдайға же­те­лейтін нақты жос­парлар. Бұған дейінгі денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қа­зақстан», бүгінгі таңдағы «Ден­саулық» мем­лекеттік бағдар­ла­ма­ла­ры да отандық медицина саласының айтарлықтай ілге­рі­леуіне, заманауи болуына алып келді. Бүгінде қаншама ден­саулық сақтау нысандары салынды, халық тегін ме­ди­циналық көмекпен, дәрі-дәр­мек­тер­мен қам­тамасыз етіл­ді әрі орташа өмір сүру жасы да ұзарды.
 Декларацияда көрсетілгендей, ұлт ден­сау­лы­ғы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру эко­номикалық және әлеу­мет­тік дамудың маңызды факторларына айналды.