Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жұмыс тобы кемшіліктерді анықтады

Жұмыс тобы кемшіліктерді анықтады

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
1108
Жұмыс тобы кемшіліктерді анықтады

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің отырысында Алматы облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыру барысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайын тексеру нәтижелері жарияланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау үшін Парламент депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының және мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен арнайы жұмыс тобы жасақталғанын атап көрсетті. Оның сөзінше, жұмыс тобы Алматы облысының Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары мен Ескелді, Еңбекшіқазақ, Көксу, Іле, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Талғар аудандарында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды тексерген. Іс барысында жұмыс тобы орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының  сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыстарынан сыбайлас жемқорлыққа бастайтын бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олардың басым бөлігі мектептер мен тұрғын үйлердің құрылысына қатысты болған.

Отырыста Мәжіліс депутаты, кеңес мүшесі Василий Олейник баяндама жасады. Ол партиялық бақылауды жүзеге асырған жұмыс тобының қызметі нәтижелі болғанын алға тартып, анықталған кемшіліктерге тоқталды.  

– Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015-2016 жылы жүзеге асырылуы тиіс 83 жобаға 49,5 млрд теңге қарастырылды. Биылғы 69 жобаға 38,3 млрд теңге бөлінді. 10 айда осы ақшаның 68,1 пайызы ғана игерілді. Бүгінгі таңда «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-ның еншілес кұрылымдарының арасындағы дау-дамайға байланысты Талдықорған қаласында 290 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Проблемалық нысандарды аралау кезінде жұмыс тобы құрылыс алаңдарының тиісінше қоршалмағанын, күзет қызметінің жоқ екенін, бөлінген ақшаның игерілмей жатқанын көзбен көрді, – деді депутат.

Халық қалаулысы  2013 жылы басталған Алматы-Өскемен автокөлік жолының сапасыз салынғанын, тапсырылу мерзімінен кешігіп жатқанын және осы жолда  жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі сақтау мәселесі ескерілмегенін де тілге тиек етті.

– Бұл жолдың биыл тапсырылатын түрі жоқ. Бұған тұрғындар наразылық білдіріп жатыр. Себебі аяқталмаған жол оларға түрлі кедергілер келтіруде.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» Алматы облыстық филиалының жетекшілері  жол құрылысының тиісті мерзімінде аяқталмауын  жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бастапқы жоспарға өзгеріс енгізуімен байланыстырып отыр, – деді В.Олейник.

Отырыс қорытындысында орталық жергілікті атқару органдарына анықталған кемшіліктерді жою  сондай-ақ, партия ұйымдарына бағдарламаны іске асыруға бақылауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.