Негізгі бет  /  мақалалар  /  Павлодарда қызуы жоғары тозаңсыз көмір шығарылады

Павлодарда қызуы жоғары тозаңсыз көмір шығарылады

Айқын-ақпарат
852
Павлодарда қызуы жоғары тозаңсыз көмір шығарылады Павлодарда ұзақ уақыт жанатын әрі тозаңы аз брикеттелген көмірдің өндірісі іске қосылды.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов кәсіпорынға келіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

 

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, зауытта Оңтүстік Кореяда шығарылған заманауи жабдықтар орнатылған. Бұл жабдықтарда жылуды кәдуілгі көмірге қарағанда 4-5 есе беретін және оны 8 сағатқа дейін сақтайтын көмірдің екі түрі шығарылады. Жеке үйлердің қарапайым пештеріне арналған «Сотан» маркалы көмір 24 келілік қаптарға брикеттелген. Ал 3 келілік қаптарға қапталған «Елтан» көмірі тек Оңтүстік Кореяда шығарылатын қазандықтарға арналған.

Айта кету керек, аймақ басшысы осындай 100 қазандықты ауылдық аймақтарда тұратын аз қамтылған отбасыларға беруді тапсырды.

«Ауыл тұрғындары мұндай көмірдің артықшылықтарын білуі керек. Тұрғындар сіздердің өнімдеріңізге жарнаманы өздері жасауы керек», - деді ол кәсіпорын басшыларына.

«Убунту» ЖШС құрылтайшыларының бірі Бауыржан Асановтың айтуынша, зауыттың өнімі жеке үйлердің пештеріне ғана емес, өндірістік қазандықтардың пештеріне де жарайды. Қазіргі кездің өзінде зауыт иелері жергілікті кәсіпорынның бірімен брикеттелген көмірді сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасасқан.

230 миллион теңге көлеміндегі жеке инвестицияларға салынған зауыт әр ауысым сайын 90 тонна брикеттелген көмір шығара алады. Кәсіпорындағы 18 жұмысшының орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. «Убунту» ЖШС болашақта Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қазандықтар шығаруды жоспарлап отыр.

Baq.kz