Негізгі бет  /  мақалалар  /  Конфедерация кубогы: Таеквондошылар тартысы

Конфедерация кубогы: Таеквондошылар тартысы

Жадыра Аққайыр
1055
Конфедерация кубогы: Таеквондошылар тартысы Конфедерация кубогы еркін және грек-рим күресі, бокс, дзюдо және таеквондо шеберлерінің басын қосады. Осыған орай, таеквондодан сайысқа түсетін командаларды шолып өтуді жөн көріп отырмыз.

Жылдың соңы дүбірлі додаларға толы. Олай дейтініміз, қазақ күресінен «Еуразия барысы» желтоқсанның 1-не жоспарланса, 3-4 желтоқсан күні Конфедерация кубогы өтеді. Естеріңізде болса, осыған дейін еркін және грек-рим күресі құрамалары жөнінде жазған болатынбыз.

 

Жеребе бойынша еліміздің барлық аймағының командалары төрт топқа бөлініп, өзара сайысқан еді. Жарысқанда жүйріктен жүйрік озды. Нәтижесінде «А» тобынан Алматы қаласы, «В» тобынан Батыс Қазақстан облысы, «С» тобынан Оңтүстік Қазақстан облысы және «D» тобынан Жамбыл облысының жүйріктері жартылай финалға жолдама алды.

 

Таеквондо спорты соңғы жылдарда жақсы дамып келеді. Спортшыларымыз Әлем және Азия біріншіліктерін, өзге де ірі жарыстардан жүлде әкеліп қуантып жүр. Бірақ Олимпиада жүлдегері әзірге жалғыз. Ол – Бейжіңдегі ойындарда қазақты қоламен қуантқан Арман Шылманов. Биылғы Рио бәсекесінде үш салмақ бойынша спортшыларымыз сайысқа түсті. Олар – 49 келіде Айнұр Есбергенова, 67 келіде Жансель Дениз және ту ұстап шыққан 80+ келідегі Руслан Жапаров. Аты аталған екі азамат Конфедерация кубогында өз аймақтарының намысын қорғайды. 

 

Қызылорда қаласында өткен іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен Алматы қаласының командасы осал емес. Себебі құрамында 2016 жылғы Азия біріншілігінің жүлдегері Ержан Әбілқас, 2016 жылғы Клубтар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әлімжан Серікбаев, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жүлдегері Ерасыл Қайырбек бар. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапындағы Рахым Әділхан, Азамат Теңізбаев және Дәулет Сүлеймен сынды даянг дүлділдері бас жүлдеге таласады. Бұл команданы аға жаттықтырушы Есбол Сұлтанов дайындайды. Конфедерация кубогының іріктеу кезеңінде Қызылорда облысы мен Астана қаласының спортшылары кездесіп, жеңіс 53:29 есебімен Қызылордалықтардың еншісіне шешілген еді. 48:28 есебімен Алматылық спортшылар Алматы облысының спортшыларынан басым түсті. Топтық кезеңнің шешуші сынында Алматы қаласы мен Қызылорда облысының спортшылары иық тіресіп, 31:29 есебімен Алматылық спортшылар жеңіске жеткен болатын.

 

«В» тобының кездесулері Шығыс Қазақстанның облыс орталығында өтті.

Бұл іріктеу кезеңінде Ақмола облысы, БҚО, СҚО және ШҚО спортшылары сайысқа түсті. Шығыс спортшылары Ақмола облысының спортшыларынан 51:43 есебімен басым түссе, солтүстіктің спортшылары батыстық спортшыларға 31:71 есебімен жол берді. Ұпайы жоғары болған БҚО және Ақмола командалары өзара сайысып, нәтижесінде батыстың батырлары жартылай финалға жолдама алды. Бұл топта Жаңбыров Нұрболат, Жұмадәулет Асқарұлы, Асқар Кемалов, Арслан Ордабаев және т.б таеквондошылар бар. Бұлардың бірқатары бүгінде өздерін бапкерлік қырынан да көрсетіп жүр.

 

Оңтүстік өлкеде «С» тобы командалары бас қосты. Шымкентте өткен іріктеу кезеңінде ОҚО, Павлодар облысы, Қарағанды облысы және Қостанай облысының спортшылары сайысқа түсуі керек еді. Дегенмен, қостанайлықтар бұл жарысқа қатысқан жоқ. Іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде Қарағанды облысының спортшылары Павлодар облысының спортшыларымен кездесіп, 61:40 есебімен жеңісті «жұлып» алған еді. Топтық кезеңнің шешуші сынында ОҚО спортшылары Қарағанды облысының таеквондошылармен кездесті. Нәтижесінде жарыс қожайындары жеңімпаз атанды. Бұл құрамада жастар арасында Азия біріншілігінің жүлдегері Нұрқанат Қожахмет, биылғы Азия чемпионатының күмісін иеленген Смайыл Дүйсебай, Лондон олимпиадасының қатысушысы, 2014 жылы өткен Азия ойындарының жүлдегері, 2015 жылғы Универсиада жеңімпазы Нұрсұлтан Мамаев бар. Ал одан өзге Қазыбек Бақтиярұлы, Нұрлан Мырзабаев және Абдусамат Лес сынды ұлттық құрама команданың мүшелерінен команда жасақталып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы – Давранбек Ризаев.  

 

Жарыс қожайындары жеңіске жеткен келесі топ – Жамбыл облысы. Таразда өткен текетіреске Жамбыл облысы мен еліміздің батыс аймақтары Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары қатысты. Іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде Ақтөбе мен Жамбыл облысының спортшылары кездесіп, 81:79 есебімен Жамбылдық спортшылар басым түсті. Атырау және Маңғыстау облысының спортшылары арасындағы тартысты кездесуде 59:57 есебімен Атыраулықтар жеңіске жетті. Шешуші сында Жамбыл облысының спортшылары Атыраулық спортшылардан 93:21 есебімен жеңіп, финалдық кезеңдегі жолдамаға қол жеткізді. Жамбыл облысы құрамасының сапында Рио Олимпиадасының қатысушысы Руслан Жапаров, ұлттық құрама команда мүшелерінен Елдос Ысқақ, Ринат Қуанышбаев, Қуат Коқымбаев, Сәкен Құлжабек, Сұлтан Қалибекұлы сынды спортшылар бар.

 

Конфедерация Кубогының финалдық кезеңінде таеквондодан Алматы қаласы ОҚО спортшыларымен күш сынасады. Ал Батыс Қазақстан облысы Жамбыл құрамасымен кездесетін болады.

 

Абылайхан ҚЫЛЫШБАЕВ, таеквондодан жасөпірімдер мен жастар құрамасының менеджері:

 

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, елімізде алғаш рет спорттың 5 түрінен Конфедерация кубогы ұйымдастырылуда. Онда спортшылар бокс, дзюдо, таеквондо, еркін күрес және грек-рим күресінен бақтарын сынайтыны белгілі. Демек, жүлде қоры 125 миллион теңгені құраған турнирде «А» тобының жеңімпазы атанған Алматы қаласының спортшылары бас жүлдені өздерінің сүйікті қалаларында алып қалуды көздейді. Сонымен бірге еліміздің 2015 жылғы үздік спортшысы Нұрсұлтан Мамаев бастаған оңтүстіктің спортшылары да бас жүлдеден үмітті. Рио олимпиадасының қатысушысы Руслан Жапаровтың командасы да бас жүлдеден басты үміткер деп сеніммен айтуға болады. Демек, 3-4 желтоқсанда тартысты кездесулердің куәсі болатынымыз жасырын емес. Келесі жылы да осы шара өз жалғасын тауып жатса, еліміздің барлық аймақтарында спорт жоғары қарқынмен дамиды деп ойлаймын.

 

Командалық рухты оятатын мұндай жарыс елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай шараның өтуі жеке-дара жүріп үйренген спортшылар үшін маңызды. Спорттың аталған бес түрінде де «бір топ» деген түсінік аса білінбейді. Осыны ескере отырып, бір толқында жүрсін деген мақсатпен Конфедерация кубогы өткізілмек. Мұның шағын нұсқасы ретінде Қазақстан кубогын атап өтуге болады. Жылына бір рет командалар «ең үздік» деген атақ үшін таласады. Барлық ұпай, жеңіс бір адамның емес, облыстың еншісіне жазылады. Бұрын-соңды әр спорт өз алдына өткізіп жүрсе, енді биылдан бастап күш қолданылатын спорт түрлері үшін ортақ жарыс басталмақ. Жүлде қоры да қомақты – 125 млн теңге. Яғни әр спорт түріне бас бәйгеге 25 млн теңгеден табысталатын болады. Бұл жарыстың өзгелерден ерекшелігі – екінші, үшінші орын деген болмайды. Сол себепті барын салып белдесіп, жұдырықтасып, тай құлындай «тебісуден» өзге амал жоқ.