Басты  /  мақалалар  /  Зардыхан Қинаятұлы: Мен қазақтың кәрiлерiне сенбеймiн

Зардыхан Қинаятұлы: Мен қазақтың кәрiлерiне сенбеймiн

Серікбол ХАСАН
12733
Зардыхан Қинаятұлы: Мен қазақтың кәрiлерiне сенбеймiн Зардыхан Қинаятұлы нағыз қазақ тарихын жазды. «Отандық тарихшылардың» қатарына қосылған жоқ. Бұрын Зардыхан Қинаятұлынан сұхбат алып едік. Аға баяғы биязы, салмақты қалпымен ақтарыла сөйлеген болатын. «Қазақ тарихын 1991 жылдан бастау – өткенге қиянат» деді.

Жалтақтаған жоқ, жағынған жоқ. Сұхбат «Ақ желкенде» жарияланды. Ол кезде сайт жоқ. Интернетке шықпады. Сол себепті сол кезде айтқан Зардыхан ағаның кейбір кесек ойларын қайтадан ортаға салуды жөн көрдік.

Қазақтың нағыз тарихшысы Зардыхан Қинаятұлының жатқан жері жарық, ақыреттік жайы жәннаттан болғай!

 

...Балалық шағым өте ауыр жағдайда өттi. Соғыс заманында туылдық. Одан қалса шешемнен 7, әкемнен 14 жасымда айырылып ерте бастан жетiмдiктiң тауқыметiн тарттым. Сондықтан бiздiң кезiмiзде ұн-шай деген болмады...

 

...Балалықта кездескен бiр қызық сәтiмдi айтып берейiн. Мен 1-сыныпқа барған кезде мектебiмiздiң қабырғасында үш адамның суретi iлiнiп тұратын. Бiр күнi мұғалiмiмiз: «Мына үш суреттi танитын бала бар ма?» – деп сұрады. Бiзбен бiрге оқыған Исағалым деген малшының баласы қолын көтердi. Ол әлгi үшеуiн ауылдың үш шалына ұқсатып: «Анау – Сақай шал, мынау – Алшораз шал», – дей бастап едi, мұғалiм ыза болып баланы жағынан тартып жiбердi. Сөйтсек, ол үшеуi Маркс, Энгельс, Ленин екен...

 

...Мектеп қабырғасында-ақ тарихшы болуды армандадым. Тарих факультетiне түстiм. Тарихты оқығаным жаман болмапты, жетпiсiме дейiн жасап келе жатқаным – соның арқасы. Билiктiң жоғарғы сатысына дейiн баруыма мүмкiн осы тарихи бiлiмiм әсер еткен шығар. Университеттi қызыл дипломмен бiтiрдiм. Степендиант болдым. Университет бiтiргеннен кейiн менi партия қызметiне жiбердi. Партияда еңбек етiп, оқып-үйренiп жүрiп, кейiн саясатқа араластым. Моңғол үкiметiнiң және парламентiнiң орынбасары қызметiне дейiн көтерiлдiм...

 

...Моңғолияда қазақтардан жақсы интелегенттер қалыптасты. Тiптi моңғолдар арасында: «Моңғолдың басын Хайролла (ең мықты нейрохирург) шағады, моңғолдың әнін Қабылаш (опера әншісі) айтады, «Капиталды» жатқа Қамбар бiледi, моңғолдың демократиялық төңкерiсiн Зардыхан жасады. Сонда бiз, моңғолдар не iстеп жүрмiз», – деген анекдот пайда болған...

 

...Тарих – бiр ұрпақтың екiншi ұрпаққа жалғасып жататын динамикалық құбылысы. Сондықтан тарихты үзiп-жармай, тұтас күйiнде бүгiнгi күнге жеткiзе алсақ, онда ол нағыз халықтың, адамзаттың тарихы болып шығады...

 

...Бiздiң мемлекетiмiздiң нағыз кемелденген шағы – «Ақ орда» дәуiрi. Сондықтан тарихымызды «Ақ ордадан» бастау керек...

 

...Орыс хан – Жошының қазақ болып кеткен сегiзiншi ұрпағы. 1361 жылы Орыс хан билеген «Ақ орданы» бiз қазiр «Қазақ мемлекетi» деп атап жүрмiз. 1362 жылы Орыс хан «Алтын орданы» биледi. Одан кейiнгi Орыс ханның ұрпақтары қазақ хандығына дейiн үзiлген жоқ. Орыс ханның баласы Құйыршық хан, оның баласы – Барақ хан, Барақ ханның баласы – Жәнiбек хан. Сол сияқты Орыс ханның тағы бiр ұлы – Тоқтақия, Тоқтақияның ұлы – Әнiке Болат, Әнiке Болаттың ұлы – Керей. Демек, қазақ мемлекетiн құрған Жәнiбек пен Керей – Орыс ханның шөберелерi...

 

...Қазақтың соңғы ханы – Кенесары. Орыс ханнан Кенесарыға дейiнгi аралықта қазақты барлығы 31 хан басқарды...

 

...Бiзге қазақ мемлекетiнiң тарихын 1991 жылдан бастау керек деген қағида күшейiп тұр. Бұл туралы «Қазақ тарихын 1991 жылдан бастайық» деген 28 кiсiнiң жазған хаты бар...

 

...Әмiр Темiр – қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам. Ол қазақ үшiн ештеңе жасаған жоқ. Әрине, Әмiр Темiр Мәуренахрды державалық деңгейге көтердi. Бiрақ, оның шыққан тегi – моңғолдың барлас тайпасы екенiн ұмытпауымыз керек...

 

...Түркiстанды қазаққа қайтарып берген – Қасым хан...

 

...Қазақ бiр жақсы нәрсе көрсе, соған бүйрегi бұрып тұрады. Жақсы бiреудi көрсе болды, бiздiң ата-бабамыз дейдi. Қазақтың өз жерi бар. Сондықтан, қазақты тек қазақ территориясынан iздеу керек...

 

... Ли Байды қытай жақсы көрiп отыр. Неге десеңiз, мұндай нәрселердi олар қуана қарсы алады. Егер Ли Байға Шу бойынан ескерткiш қойылатын болса, қытайлар оған келiп жыл сайын гүл қояды. Бұл жағдай – мемлекетiмiз үшiн өте қауiптi...

 

...Бiздiң институтта қазақша бiр ауыз сөз бiлмейтiн тарихтың профессорлары бар. Бiреуге қазақтың тарихын үйретiп жүрген адамның қазақтың тiлiн бiлмеуi сұмдық қой!

 

...Мен қазақтың жастарына сенемiн. Мен қазақтың кәрiлерiне сенбеймiн. Тiптi өзiме де. Неге десеңiз, бөлек психологияда тәрбиеленген адамның сана-сезiмiн кеңестiк идеология әбден билеп алған. Кәрiлердiң ұлттық мәселелерге мән бергiсi келмейтiнi сондықтан. Мұны келешекте жастар бiр жағына шығармаса, бүгiнгi 40-50 жастан жоғарғы адамдар тiл үшiн үлкен прогресс жасай қоюы күмәндi...

 

...Қазақ жастары өз ойын ашық айта алатын, билiктiң, ақсақалдардың алдында кiбiртiктемей, өзiн-өзi жаныштамайтын күйге жетсе, келешекте елiмiздiң көп нәрселерi дұрыс жағына қарай шешiлер едi деп ойлаймын...

 

...Данышпан Абай: «Қазақ «көппен көрген ұлы той» дейдi. Көп адасып жүрсе, сонда жол бiлетiн бiр адам адасқандардың артынан жүру керек пе?» –дейдi. Сондықтан, бiздiң жастардың әрқайсысының «Мен» деген пiкiрi болып, Махамбет құсап «Мен» деп сөйлей бiлуi керек. Қазақта ондайлар қазiр аз. Өйткенi, қауымның iшiнде тұнық маржандар жұтылып кетедi.

 

...Мен бұрын атамекендi, қазақты армандап келдiм. Ол арманыма жеттiм. Жамандық көргем жоқ. Ендiгi арманым – қазағымыз нағыз салиқалы, мықты, тұғырына қонған қазақ болып, ұлтымыздың дүниежүзiнiң тұғырына жеткенiн көру...

Дайындаған Серікбол ХАСАН