Негізгі бет  /  мақалалар  /  Түркия 15 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатты

Түркия 15 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатты

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1963
Түркия 15 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатты Түркия билігі елде жасалмақ болған мемлекеттік төңкеріске қатысы бар 15 мың мемлекеттік қызметкерді тағы жұмысынан шеттетті.

Осылайша қызметінен қуылған мемлекеттік және әскери қызметкерлердің, шенеуніктердің, журналистердің және университет оқытушыларының елдегі жалпы саны 110 мың адамға жетті.
Кезекті отставкаға жіберу кезеңінде екі мыңға жуық әскери қызметкер, жеті жарым мың полицей, 500 жандарм және бес мыңға жуық мемлекеттік мекеме қызметкері қызметтерін жоғалтқан.
Мұнан басқа 9 бұқаралық ақпарат құралы, 500-ге жуық әртүрлі ұйым, оның ішінде қайырымдылық қорлары да жабылған.
Биыл шілде айынан бері жалпы 37 мың адам тұтқындалды. Олардың ішінде Cumhuriyet газетінің журналистері, күрдтерді қолдайтын оппозициялық "Халықтық демократиялық партияның" лидерлері бар. Қазіргі кезде «Түркияда мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырмақ болды» дегендерге қатысты өлім жазасын қайтару мәселесі талқыланып жатыр.
centralasian.org агеттігіне сілтеме жасай отырып, бұл деректі  Baq.kz ақпарат порталы жария етті. Алайда Ердоған билігінің бұл әрекетіне әлемде қарсы топтар мен сарыпшылар көбейіп келеді. Әсіресе, Еуропа Түркияға қырын қарап тұр. Түркияда өлім жазасын енгізу мәселесі мен төңкеріс жасамақ болғандарды қудалауға ЕуроОдақ тарапы мүлде келіспейтінін танытты.  Кеше ЕуроОдақ парламенті комитетінің жетекшісі Элмар Брок тағы да бастама көтерді. 
- «Түркияны ЕуроОдаққа мүшелікке алу туралы келіссөзді күрт тоқтату қажет. «ЕО лаңкестікті қолдап отыр» деп айып таққан Ердоғанның мәлімдемесі негізсіз. Бұл ЕуроОдақты мазақ ету, қорлау болып табылады, - деді пікірталас кезінде Еуропарламенттің халықаралық істер жөніндегі комитетінің басшысы Элмар Брок. 
Дегенмен бұл талапқа қарт құрлықтағы кейбір сарапшылар қарсы. ЕуроОдақ дипломатиясының басшысы Федерика Могерини «егер шын мәнінде біз ұйымға Тұркияны мүшелікке енгізуден бас тартсак, екі жақ та ұтылады» деп атап көрсетті. 
Десек те, Ресеймен арадағы салқындықта жылытып алғаннан кейін ресми Анкара қазір Еуропадағы жетекші елдердің сөзіне пысқырып қарап отырған да жоқ. Қай диалог алаңында болсын, өзін еркін сезініп, түріктің ұлттық мүддесін жоғары қоятын Режеп Тайып Ердоған «Біз қандай да бір жетістікке жетсек те, Батыстың көзқарасында екінші сортты ел болып қала береміз. Бұл ащы ақиқатты Еуропалық ұйымға кіруге ұмтылып отырған Түркия қазірде айқын сезініп келеді» деп әңгіменің ашығын айтты.
ЕуроОдақтан көңілі қалған Ердоған өткен аптада Назарбаев пен Путиннен әңгімеден соң Түркияның «Шанхай ынтымақтастық ұйымына» кіруі мүмкін екенін де мәлім етті.
Ел ішінде лаңкестік әрекет өршіді. Түркияда қазір саяси жағдайдың оңып тұрмағаны рас. Оның үстіне Ақ үйдің бүгінгі билігінің саясатына наразы болып отырған Ердоған Трамп келгеннен кейін екі ел арасындағы түсінбестік жақсарады деген пікірде. 
Ал ақиқаты, ресми Анкараның пікірінше, АҚШ президенттігіне кандидат болған Хиллари Клинтонның Ақ үйге келуіне Ф. Гүлен қаржылай қолдау көрсеткен. 
- Ал Дональд Трамп өз қаржысы мен қайтпас күрескерлігі арқылы жеңіп шықты. Ол саясатпен айналыспаған таза адам, губернаторлықтан келген жоқ, ол өз жеңісіне сенімді болды. Ал біз күресіп жатқан Гүленнің халықаралық қоры шын мәнінде Клинтонды, сайлауда Демократиялық партияны қолдады.Трамптың билікке келуімен АҚШ-тың Түркияға қатысты саясаты өзгереді деген сенімдемін. Көшеге шығып, жеңімпаз атанған лидерге наразылық танытып жатқандардың қазіргі әрекеті демократияны сыйламау, - деді Ердоған. 
Түркия билігі АҚШ-та тұрып жатқан Гүленді қайтаруды әлі де талап етіп отыр. Анкара бұл ұстанымынан алдағы уақытта да танбайды. Елдегі ішкі жағдай, лаңкестік әрекет пен Сириядағы соғыс, Еуропаға қарай ағылған мигранттар ағынының арасында қалған Түркияның жайы расында түсінуге тұрарлық. Ресей ақпарат агенттіктерінің дерегіне сенсек, жоғарыда атап көрсетілгендей, қазір «Гүленнің жақтастары» деген желеумен 110 мың адам қызметтен шеттетіліп, жұмыстан қуылған. 
Қысым көрген 110 мың адам аз емес. Тіпті жағдай шиеленісе берсе, бұл топ алдағы уақытта ел ішінде Ердоғанға қарсылардың қатары көбеюі мүмкін. Жалпы ағайынның елінде аласапыран болмай, тұрақтылықтың орнағаны жақсы ғой. Бірақ әлі де Түркия тыншымай тұр. Көкейде күпті сауал көп.