Басты  /  мақалалар  /  Нұрбақыт Теңізбаев: Қара наннан допинг шықпаса...

Нұрбақыт Теңізбаев: Қара наннан допинг шықпаса...

Жадыра Аққайыр
2886
Нұрбақыт Теңізбаев: Қара наннан допинг шықпаса... 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада грек-рим күресінен 60 келіде қола жүлде иеленген Нұрбақыт Теңізбаевқа күміс медаль табысталуы мүмкін.

Қарсыласы Виталий Рагимов допинг дауына ілікті. Балуанымыздың бұл мәселеге қатысты айтары бар екен. Сонымен бірге, ол бүгінде Алматы облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметінде. Аймақтағы спорттың дамуы мен жоспарлары жөнінде сөз қозғадық. 

– Тәуелсіздік алған уақыттан бергі грек-рим күресінің даму қарқыны қандай?
– Біз Юрий Мельниченконың Атланта Олимпиадасындағы, әлем біріншілігіндегі алтынын, Бақтияр Байсейітовтің, Мхитар Манукянның әлем чемпионаттарындағы үздік көрсеткіштерін әлі күнге дейін қайталай алмай келеміз. Егемен ел болғалы 1996 жылдан кейін олимпиада тарихында алтын жоқ. Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеуде алған алтынынан бері қырық жылдай уақыт өтті. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазақстан тарихы грек-рим күресінің әлем және Олимпиада жүлдегер­леріне бай дегенімізбен, соңғы уақытта ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ деуге болады. Десе де, бұл күрестің кенде қалғанын білдір­мейді. Дамуға ұмтылыс бар, қарқыны да жаман емес. 
– Алматы облысы – спорт саласында елі­міздің үздік аймақтарының бірі. Осы жылды қалай бағалай аласыз?
– Үкімет спортқа мықты қолдау білдіреді. Одан қалса, федерациялардың ашылып, жұмыс істеуі де жақсы үрдіс деп айта аламын. Облысымызда бірнеше спорт кешендері бар. Жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларымызда жалақы, тұрғын үй жағынан таршылық жоқ. Облыс немен мақтана алады? Алматы облы­сында еліміздің ең мықты спортшылары жиналған. Олай деуге толықтай негіз бар. Айталық, Лондон Олимпиадасында жүлдегер атанған ауыр атлет аруларымыздың үшеуі де (Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло – авт.) облыстың атынан шыққан спортшылар. Бірақ олар легионер болған­дықтан, қатты кеуде кере алмаймыз. Менде мақтаныш сезімін ұялататын құрам – биылғы спортшылар. Осы олимпиадаға облыстан барған тоғызы да – өз азаматтарымыз. Виталий Худяков қана Қырғызстаннан келді. Дегенмен біздің құрамада ол бала кезінен бері жүр­гендіктен, арамызға сіңіп кетті десе болады. Жергілікті спортшыларды тартып, соларды жарысқа қосу керек. Риода қола жүлде алған ауыр атлет Карина Горичева Талдықорған­ның спорт-интернатынан түлеп ұшқан, бесінші орын алған Маргарита Елисеева Үштөбедегі балалар үйінде тәрбиеленген, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы және тағы басқала­рын мысал ретінде атап өтуге болады. Тіпті облыс спортшыларының олимпиадаға жолдама алуы да – жақсы көрсеткіш. Медаль ала алмаса да, сырттан сатып алмай, өзіміздің қыз-жігіттердің олимпиада төріне шыққандарына қуанамын. Бұған біздің бапкерлердің қосқан үлесі өте зор. Артқан үміті, жасаған еңбегі ақталып жатыр. Ал легионерлердің жеткен жетістігін бәрібір толық сезіне алмаймыз. Осы жылға өзім жақсы баға беремін. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі спортқа жақын кісі. Үнемі бастамаларды қолдап отырады. Өзім басқаратын облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебіне аймақтың қаймақтарын іріктеп, ұлттық құрамаға дайындаймыз. Бүгінде бізде 306 спортшы болса, соның бесеуі – «Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері». Елуге жуық «Халық­аралық дәрежегі спорт шебері», жүзге тарта «Спорт шебері» бар. Облысымызда бокс, күрес түрлері өте жақсы дамыған. Қазақстан кубогында бірнеше жыл бойы чемпион атанып жүр. Бүгінде кәсіпқой бокстың саңлағы атанып жүрген Қанат Ислам да кезінде облысымыздың намысын қорғаған еді. 
– Осы жылды олимпиадамен қорытын­дыладық. Енді алдағы уақытта қандай ірі додалар бар?
– 2017 жылы көпшілік күтіп жүрген «Универсиада» бар. Ол жерде біздің бірқатар спортшыларымыз бақ сынайтын болады. Сондай-ақ спорттың барлық түрлерінен әлем чемпионаттары да келесі жылы өтеді. Токио ойындарына дейінгі аралықта 2018 жылы төрт жылда бір болатын Азия ойындары бар. 
– Рио Олимпиадасын өз көзіңізбен көріп келдіңіз. Спортшы ретінде бару бір бөлек те, жан­күйер болу бөлек. Қандай әсермен орал­дыңыз?
– Олимпиаданың боз кілеміне екі рет шыққан адаммын. Бірінші рет барғанда ұтылып, келесісінде жүлдеге іліктім. Олим­пиаданың аурасын, оның не екенін сол тұңғыш барғанда түсіндім. Бара салып, жеңіп кету қиын. Жеңілістен кейін көңіл түскенімен, ендігі төрт жылдыққа мықты дайындық керегін ұқтым. Сонда қойылған мақсаттың арқасында қоланы еншілеген едім. Лондон Олимпиадасын теледидардан тамашалап, көрермен болдық. Биыл Рио төрінде жанкүйер болып, қазақтың көк туы желбіресе, әнұран ойнаса деген үмітпен отырдық. Еркін күрестен қыздарымыз жарады. Барша елге қуаныш сыйлады. Жігіттерден көп үміт күткен едік. Бірақ ешкімді жазғыра алмаймыз. Олимпиада – спорттың шыңы. Кей түрлерінде төрт жыл бойы, кейбірінде соңғы бір-екі жылда іріктеу өтеді. Қажырлы еңбектің арқасында жеңіске жетеді. Айтуға ғана оңай, іс жүзінде өте қиын жолды жүріп өтуге тура келеді. Өзім жүзу, бокс, күрестің барлық түрлері, ауыр атлетиканы арнайы барып тамашаладым. Ондағы мақсат – өзге елдерді бақылау. Әлем спортшыларының деңгейін байқап, өзімізбен салыстырып, сараптама жасауға мүмкіндік туады. 
– Олимпиадаға осымен екінші рет барған балуандар жайлы әлеуметтік желіде дау туын­дады. Көпшілігі басқаларға мүмкіндік беретін кез келді деген пікірді алға тартып жатыр. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Осы пікірмен еш қосыла алмаймын. Жасы жетті, екі рет олимпиадаға барды, енді ұлттық құрамадан шеттету керек дегенмен келіспеймін. Ондай мықты спортшыларға біз зәруміз. Бір-екі жерде жеңілгеніне қарап, шешім шығарып тастауға болмайды. Жолдама алуға екінің бірінің қауқары жетпейді. Ал енді жасы жайлы айтар болсақ, әлемде біршама жасты еңсеріп тастаған спортшылардың мысалын көптеп келтіруге болады. Мәселен, 34 жасар кубалық балуан Лопес Нуньес үш дүркін олимпиада чемпионы атанды. Биылғы олимпиаданың күмісін иеленген өзіміздің Гүзел Манюрова да 38 жаста. Спортшылардың болашағынан үміт күтуден жалықпауымыз керек. Команда рухын көтеру үшін құрамаға олимпиада көргендер керек-ақ. 
– Грек-римнен ұлттық құраманың бас бапкері ауысады деп естідік. Бұған қатысты қандай да ақпараттар сізге белгілі ме?
– Осы сөздің қозғалғанына біршама уақыт болды. Бірақ нақты кім болатыны маған белгісіз. Себебі, оны шешетін адамдар басқа. Менің қатысым жоқ. 
– Қолаңыздың күміске айналуы мүмкін деген жаңалық тарады. «Күреспей келген күмістің қажеті жоқ» дегеніңізді де білеміз. Бір салмақта болғандықтан, барлық жүлдегер­лердің сы­намасы тексеріліп бітті деуге бола ма? Сізге қандай да бір құжат не хат келді ме?
– Жеке өзіме әзірге ешқандай ресми хат келмеді. Сонша жылдан кейін сынамаларды қайта қарап, медальды қайтарып алғанды өз басым түсіне алмаймын. Бір ай, бір жыл өткеннен кейін айтса, онда миға сыяды. Мысалы, сол кездегі белдесуде мен жеңілдім. Жартылай финалда Виталий Рагимовке есе жібергенімде қатты налыдым. Негізі, алтын алуды көздеп барғаныммен, мақсатыма жете алмайтынымды мойындау қиын болды. Бірақ бапкерім қола үшін барымды салып күресуім керектігін, соңғы мүмкіндік екенін айтып «оятқан» еді. Есімді біліп, күреске келгелі олимпиадаға қатысуды армандадым. Қола алған кезде де бала арманыма қол жеткізгеніме қуандым. Сол кездегі қуанышты айтып жеткізе алмаймын. Ал мына күміс маған бұйырған күннің өзінде сол сәттегі сезімді сыйлай алмайды. Бөркімді аспанға ататын жайым жоқ, шыны керек. Біздің де спортшыла­рымыздың медальдарын алып қойып жатыр. Бірақ мен үшін олар әрдайым олимпиада чемпиондары болып қала береді. 
– Алдағы уақытта сіздің сынамаңыз оң нә­тиже көрсетіп қалуы қаншалықты мүмкін?
– Қара шай мен қара нанды допинг деп тауып жүрмесе, білмеймін. Менен шығып қалар-ау деп неге уайымдауым керек? WADA ұйымы тағы не шығарарын бір Құдай біледі. Қазір жаңа аппараттармен тексереді екен. Бұрын тыйым салынбағаны қазір допинг делінеді. Енді уақыт көрсетер.
– Грек-римнен Әсет Мәмбетов, еркін күрестен Таймураз Тигиев сынды балуандарға қатысты шешім шығып, жүлделерін қайтаратын болды. Олар қандай препараттарды қолдан­ғанынан хабарыңыз бар ма?
– Өзім де интернеттен ғана көрдім. Әсеттің басына осындай күн туған сәтте «қандай перепараттан допинг шықты?» деп сұрауым әбестік болады. Онымен хабарласпадым. 
– Сонда допинг деген не өзі? Сипаттап бе­ріңізші...
– Өзім қолданып көрмегендіктен, оның қандай дүние екенін сізге айтып бере алмай­мын. Бар білерім, денсаулыққа өте зиян. Бір сәттік атақ үшін өз денсаулығыңды, абы­ройыңды құрбан етуге тұрмайтындығы аян. Спорттан кейін де өмір бар. Команда үшін арнайы дәрігерлер бөлінеді. Солардан не ішуге болмайтынын анықтап сұрап алу қажет. Тіпті ауырғанда ішкен кей дәрілер кейін допинг деп танылуы мүмкін. Сондықтан барынша абай болу керек. 
– Спорт медицинасын дамыту керек қой, демек?
– Соңғы уақытта бұл сала дамып келеді. Бірақ жаппай сипат алып, ғылым ретінде кеңінен қарастырылуы тиіс. Сонда нәтиежелер де жақсарады. 
– Бүгінде бірінші нөмірлі спортшыларға бар жағдай жасалған. Ал екінші, үшіншілер қайтеді? Оларға қаншалықты көңіл бөлініп жүр?
– Өте орынды сұрақ. Жақында ғана Астана қаласында Конфедерация жиналысы болып өтті. Сол жерде аталған мәселе қозғалды. Келер жылдан бастап қосымша қаражат бөлініп, үшінші нөмірге дейінгілерге жағдай жасалатын болып шешілді. Айлық жалақы беріліп, ұлттық құрамаға қосып, халықаралық жарыстарға шығуға мүмкіндік беріледі. Ендігi жерде барлығы спортшының өзіне ғана байланысты болмақ. 
– Спорттан кеткен спортшылар осы саладан алыстамаса, жағдай басқаша болар ма еді?! Бапкер болып, шәкірт тәрбиелесе нәтиже де жақсаратын секілді. Қалай ойлайсыз?
– Мықты спортшы болғанымен, мықты бапкер бола алмауы да мүмкін. Осыны ұмытпаған жөн. Бірақ тәжірибенің болуы өте маңызды, әрине. Спорттан кеткендердің көбі өзін жоғалтып алып жатады. Әсіресе, білім алуға көңіл бөлмей, уақытының барлығын тек спортзалда өткергендер қиналып қалады. Олар алға қойған мақсатына жете алмаса, рухани тұрғыда «сынып» қалады. Бізбен қатарлас қанша мықты спортшылар болды. Солардың көпшілігінің бүгінде қайда жүргені белгісіз. Спорт та – мамандық. Онымен отба­сын асырауға әбден болады. Дене шынық­тырудан сабақ бере ме, бапкер бола ма, спорт басқармасына қызметке орналаса ма – өз еркі. Спортшыларымыз тек осыны түсінсе деймін. 

P.S. Бет қатталып жатқанда Нұрбақыт Теңізбаевқа Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі табысталатын болды. Бүкіләлемдік күрес одағы осындай шешім қабылдады. Енді ол – күміс жүлдегер.

Әңгімелескен Жадыра АҚҚАЙЫР