Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ешкім аянып қалмайды

Ешкім аянып қалмайды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
851
Ешкім аянып қалмайды Бұл күндері Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде бокстан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.

27 қарашаға дейін созылатын айтулы жарыста республикамыздың 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларынан келген 186 былғары қолғап шебері 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер жиынтығын сарапқа салуда. 

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақ­стан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит және Иван Дычко сынды саңлақтар ғана осы жарыстан боса­тылғанын айтты. Олар біраз уақыт ты­ныққаннан кейін қайта қатарға қосылып, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайды. Ұзақ жылдар бойы халықаралық аренада ел намысын қорғаған Біржан Жақыпов, Олжас Сәттібаев және Берік Әбдірахманов ұлттық құрамамен қош айтысып, алдағы уақыт­та APB және WSB жобалары бойынша бақ сы­нау­ды құп көріп отыр. Ал қалған гүрзі жұды­рық­т­ы жігіттердің барлығы да Кереку өңіріне ар­найы ат басын бұрып, жарыс көрігін қыздыруда. 
Рио Олимпиадасына қатысқан боксшылар арасынан тек Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Қайрат Ералиев (56 келі) қана өз сал­ма­ғында қалды. Алғашқы айналымда ол қоста­най­лық Айдос Елжановпен күш сынасты. Ал Абы­лайхан Жүсіпов 69 келі салмаққа ауысса, Жәні­бек Әлімханұлы 81 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасуды жөн көрді. Мамандардың па­йым­дауынша, өздерінің мықтылығын мо­йын­дату үшін оларға әлі көп тер төгу қажет. Сол саң­­лақтарды бұл салмақ дәрежелерінде бір топ дүлей күш иелері «күтіп» тұр. Мысалы, Абылай­ханның салмағында Асланбек Шымбергенов, Қа­нағат Маралов, Бекболат Құрамысов, Сағадат Рахманқұлов, Алмасбек Әлібеков сынды сай­дың тасындай жігіттер бар. Сол секілді Арман Рыс­бек, Нұрдәулет Жарманов, Шаймұрат Құса­йынов, Вадим Казаков секілді сақа спортшылар Жәнібектің жүйкесін тоздыруы әбден мүмкін. 
Жарыстың алғашқы күндері-ақ бірнеше тосын нәтиже тіркелді. Атап айтсақ, былтырғы жылғы Қазақстан Республикасы спартакиа­дасының жеңімпазы, студенттер арасындағы әлем және Азия чемпионы, талдықорғандық Дидар Өтелбаев (60 келі) ойда-жоқта маңғыс­таулық Ержан Ордабаевтан ұтылып қалды. Бірқатар халықаралық додаларда дараланған Мирас Жақыпов (56 келі), Роман Щегринов (64 келі), Ертуған Зейнулинов (75 келі), Аян Қалибеков (64 келі) сынды танымал былғары қолғап шеберлері өздерінің тұсаукесер кезде­сулерінде тізе бүкті. Ал Жәнібек Әлімханұлы Абзал Құттыбековты ұпай санымен жеңді. 
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың спортқа деген қамқорлығының арқасында отандастарымыз аса ірі халықаралық жарыс­тардан үнемі олжалы оралып жүр. Солар­дың арасында былғары қолғап шеберлерінің орны бөлек. Біз қандай дүбірлі додаға аттансақ та, әркез Қазақстанның спорттық даңқын артты­руды мақсат тұтамыз. Рио Олимпиадасында да сенім үдесінен шықтық деп ойлаймыз. Осы орайда боксшылар қауымына әркез қолдау көр­сетіп жүрген Мәдениет және спорт министр­лігіне, Спорттық жекпе-жек және күш қолданы­латын спорт түрлері конфедера­циясына, республикалық бокс федерациясына шексіз алғысымызды білдіреміз. Ал Павло­дардағы жарысқа келер болсақ, осы бәсекелер арқылы келесі жылы өтетін байрақты бәсе­келерде ел намысын қорғайтын өрендер анықталады. Сол себепті де республикамыздың әр өңірінен жиналған жігіттер Қазақстан чемпионатында барын салатыны анық. Ешкім аянып қалмайды. Әсіресе, жастардың қатары қалың. Павлодарға келгендер арасында 18-19 жастағылар да жетер­лік. Солардың арасынан шеберлігімен көзге түсіп, оза шапқан бокс­шыларды біз ұлттық құрама сапына қабылдап, дүбірлі додаларға қосамыз, – дейді Қазақстан құра­масының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.