Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҰЛТТЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК АКАДЕМИЯ ғылым мен білім жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосуда

ҰЛТТЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК АКАДЕМИЯ ғылым мен білім жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосуда

Айқын-ақпарат
940
ҰЛТТЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК АКАДЕМИЯ ғылым мен білім жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосуда Қазақстан өз – тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап жатыр. Еліміз ин­дустриялық-инновациялық даму жолына түсті. Бұл кезең Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын­дығында күмән жоқ.

Қазір әлем елдері ғылым мен техни­каның дамуы саласында орасан зор дамуды бастан кешіріп отыр.Техноло­гиялық жетістіктер мен өндіріске инновацияның енуі дамуды жеделдетуде. ІТ-технология мен адам ресурстарының қозғалысы орасан зор өзгерістерге бастауда. Мұндай жағдайларда білім мен ғылым дамудың алдыңғы шебінде болуға тиісті. Әлемнің жетекші эконо­микалары адам капиталы­ның жоғары деңгейі арқылы ғана жаңа биіктерді бағындыра алады. Бұған білімнің жаңа стратегиясы мен саясаты ғана ықпал ететіндігі белгілі.
Академиялардың арасынан білім мен ғылым салаларын дамытуға қосып келе жатқан үлесі жөнінен Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық инженерлік академиясын бөле-жара атауға болады. 
 Ғылым мен білім адамзаттың дамуына үлкен үлес қосатын салалар. Машиналар, ұшақтар, космостық техникалар, әскери қару-жарақтар, бәрі-бәрі инженерлік ғылымдардың нәтижелері. 
 Ұлттық инженерлік академия – Қазақстан Республикасындағы ғылыми-инженерлік қызметті үйлестіруші және одан әрі дамытушы ірі және беделді бірлестік. Академия 1991 жылдың қараша айында көрнекті ғалым, академик 
Ө.Жолдасбековтің ұйытқы болуымен құрылды. Ол КСРО Инженерлік акаде­миясының Қазақстандағы бөлімшесі ретінде шаңырақ көтерді. Дербес мемлекет ретінде тәуелсіздік алғанымыздан кейін ол Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы ретінде қайтадан құрылды.
 Академияның құрамына еліміздің көрнекті ғалымдары мен инженерлері, ірі өндірістердің мамандары, мемлекет қайраткерлері, жоғары оқу орында­рының басшылары, салалық ғылыми-зерттеу институттарының, ірі өндістік бірлес­тік­тердің, экономиканың мемле­кеттік және жекеменшік секторларының басшылары енді. Бұл жаңадан құрылған академияның ғылыми мүмкіндіктерін арттырды. Академияның бастамашыл топтарының құрамында 150-ге тарта ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орын­дарының, акционерлік қоғамдардың, компаниялардың, өнеркәсіп орындары мен ұйымдардың басшылары бар.
 ҚР Ұлтттық инженерлік акаде­мия­сының қызметі «фундаментальдық ғы­лым-қолданбалы зерттеу-өндіріс» ақпарат­тық тізбегінің бірлігін қалыптастыру мен оның дамуына бағытталған. Бұл бағыт ғылымды өндірістің шынайы қозғаушы күшіне айналдырады. Академияның басты міндеті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стра­тегиясында алға қойылған, мемлекетіміздің индустриялық-инновациялық дамуын жеделдету міндеттерін жүзеге асыруға белсене қатысу және тиімділігін арттыра түсу.
Академия Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыт­тарын дамытуды ғылыми-технологиялық жағынан қамтамасыз етеді. Ғылыми-тех­никалық және тәжірибелік-конс­трук­торлық, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді үйлестіреді және жүзеге асырады. Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға жан-жақты ықпал етеді. Республикадағы және шетелдердегі инженерия бағы­тындағы ғалымдар корпусының кәсіптік ынтымақтастығын қалыптастырады. Ұлттық инженерлік академиясы сондай-ақ жоғары инженерлік білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етеді. «Ең жаңа технологияларды жасау, кәсіби шеберлігі жоғары инженер мамандарды даярлау, ғылым мен өндірістің бірлігі циклын жетілдіруге ықпалын ти­гізеді. Ғылыми жаңалықтары мол импорт алмастырушы технологиялар мен техно­логияларды өндірісте игеруге атсалысады. Тиісті технологиялық инфраструктураны қалыптастырады. 
 Ұлттық инженерлік академияның ғалымдары Қазақстан Республикасында Білім беру саласында реформаторлық идеяларды енгізуге белсене қатысуда. 
 Академияның вице-президенті Рахман Алшановтың бастамасы бойынша жоғары оқу орындарында баспа орталықтары құрылды. Студенттер мен оқытушыларға қажетті оқулықтарды мемлекеттік тілде шығару ұйымдастырылды. Жоғары оқу орындарын бітірушілерді жұмысқа орналастырумен айналысатын «Карьера» орталығы құрылды. Жұмыс берушілермен бірге республикалық форумдар өткізіле бастады. Өндірістік қауымдастықтар мен жоғары оқу орындарының арасында келісімдерге қол қойылды. Олар қазір жұмыс істеп тұр.
 Жоғары оқу орындары қауымдас­ты­ғының жанында Инновациялық орталық құрылды. Ол оқу орындарын аса қажетті технологиялар бойынша ғылыми жоба­ларды дайындауға қатыстырады және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге ықпал етеді. 
Ұлттық инженерлік академияның ұсы­нысы бойынша докторанттарды қоры­тынды аттестаттау туралы ережеге өзгеріс енгізілді. Сол өзгерістерге сәйкес доктор дәрежесін алу үшін жазылған диссер­тацияның ғылыми нәтижелері тақырып бойынша жеті басылымда жариялануы керек. Оның үшеуі тиісті комитет ұсынған тізімдегі басылымдар болуға тиісті. Ал біреуі Томсон Рейтер компаниясының информациялық базасына енген,импакт-факторы нольден жоғары немесе Skopus базасындағы журналдарда жариялануға тиісті. Диссертацияның ғылыми нәти­желері, сондай-ақ үш халықаралық конференцияның материалдарында, бір шетелдегі конференцияда жарияланғаны шарт.Бұл өзгерістер қазір жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің және докто­рантураның, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми дәреже беру туралы тиісті бұйрығының, осы мәселеге қатысты ереженің талаптарының негізі болып саналады.
 Ұлттық инженерлік академияның академигі М.Ж.Битімбаевтің басшы­лығымен «Тау-кен және металлургиялық» бөлімінің ғалымдары ашық кен орын­дарында шикізатты контейнерлік көтеруді қолдану арқылы қуат үнемдеуге бағытталған зерттеуді және оны игеруді аяқтады. 
Аталған инновациялық технология тұңғыш рет қолданылып отыр. Ол құры­лыстың шығындарын елеулі дәрежеде азайтады, пайдалану шығындарын ке­мітеді, еңбек өнімділігін арттырады. Бұл инновациялық технологияның методо­логиясы кәсіби шеберлігі жоғары тау-кен металлургиясы мамандығы бойынша инженер мамандар даярлауға ықпалын тигізеді.
 Қоғам дамуының қазіргі кезеңіне компьютерлік технология күшті ықпал етіп отыр. Ол адам қызметінің барлық сала­ларына енді. Қоғамдағы ақпараттар ағынын молайтты және ғаламдық ақ­параттық кеңістікті қалыптастырды. Бұл үдерістердің негізгі бір бөлігін білім беруді компьютрлендіру құрайтыны белгілі. 
 Қазір Қазақстанның білім беру жүйесін компьютерлендіру электрондық білім беру ресурстарын жасаудың көкейкестілігін арттырды. Бұл білім берудің жаңа сапасына көшуге қажетті алғышартқа айналды.
 ІТ технология білім беру үдерісінің барлық салаларына, барлық үдеріс­теріне, мемлекеттік басқару механизм­деріне, адамдардың күнделікті өміріне енді. Енді кәсіби мамандар даярлауда жаңа мүм­кіндіктер тудырып отыр. 
Білім беру жүйесіндегі үдерістерде ақпараттық және коммуникациялық тех­нологияларды пайдалану дәстүрлі түрде екі бағытты қамтиды. Біріншісі, бұл техно­логиялар білім берудің қол жетімділігін арттырады. Әсіресе, басқа технологиялар бойынша білім алу мүмкін емес азаматтар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік. Бұл жерде біз білім берудің қашықтықтан оқыту формасы көптеген қарсылықтарға тап болып жүргенін де жасырмаймыз. Оған қарсылар бұл технология бойынша білім алушылар қажетті нәрселердің бәрінен қалыс қалатынын айтады. Олар қашық­тықтан оқитындар зертханаларда жұмыс істей алмайды. Ғылыми кітапхана оларға қол жетімсіз. Профессор оқытушылармен бетпе-бет жүздесіп дәріс тыңдамайды, семинарларда кездеспейді, бейресми жағдайларда кездесе алмайды, дейді.
Екінші бағыт, ақпараттық технология бойынша неге оқытатыныңды және қалай оқытатыныңды өзгертуді ұсынады. Яғни, дәстүрлі күндізгі оқытудың мазмұны мен тәсілдерін өзгерту керек болады. Осы арада өте нәзік мәселе туындайды. Бұл озық технологияны енгізу үлгерімі дұрыстау, белсенді және қабілетті білімгерлерге қосымша артықшылық береді де, негізгі топтың дайындық деңгейіне әсер етпейді. Қалыптасқан жағдайда білімнің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты сұрақ туындайды. Үдеріске қатысушылардың барлығы қатысатын ақпараттық орта қалыптасқан жағдайда ғана жалпы білім беруді шынайы информатизациялауға өту орынды болатын сияқты.Осыған орай Ұлттық инженерлік академияның «Есептеу және ақпараттық технологиялар» бөлім­шесі білім жүйесіндегі ІТ-технологияны енгізу бойынша инновациялық шешімдерді жасап шығарды. 
 ҚР Президентінің «2011-2020 жыл­дардағы тілдерді дамыту мен қолданудың Мемлекеттік бағдарламасы туралы» 2011 жылдың 29 маусымындағы N110 Жарлығын басшылыққа ала отырып Ұлттық инже­нерлік академияның ғалымдары тарапынан мынадай жұмыстар атқарылды. «Ақпа­раттық жүйедегі образдарды тануды математикалық қамтамасыз ету», «Қазақ тілін информатизациялаудың ғылыми негіздері», «ІТ технологиялардың толық мәтінді мәліметтер қорында қазақ тілі морфологиясын ескере отырып ақпараттық іздеу тезаурусын жасау».
Төмендегідей нәтижелер алынды. 
Образдарды танудың, классифи­кациялаудың математикалық тәсілдері мен жаңа алгаритмдері жасалды.Тану және классификациялау міндеттерін топтық синтездеудің жаңа тәсілдері табылды. Образдарды танудың информациялық жүйесінің математикалық негіздері зерт­теліп, әзірленді. Қазақша сөздің ком­пьютерлік естілуіндегі бағдарламалық-техникалық әдістемелік шешімдері даяр­ланды. Қазақша сөздің компьютерлік естілуіндегі математикалық тәсіл ай­қын­далды. Күн тәртібіндегі мәселені бағдар­ламалық-техникалық іске асырудың әдістемелік шешімдері жүзеге асырылды.
 Жұмыстардың жаңалығының нәтижесі сонда, ІТ технологиялар бойынша толық мәтінді қорда автоматты түрде индек­сациялау үшін одан әрі пайдалану мақ­сатында сөзді қалыпты формаға келтірудің алгоритмі жасалды. Сөзді көруді, редакциялауды, терминдерді қосуды, сипаттамасы арқылы сөздік мақалаларды құжаттық индексациялау үшін иерар­хиялық және семантикалық байланыс­тарын автоматты түрде генерациялау, алып тасталған репозитарияларымен, тезау­рустарымен жұмыс істеу алгаритм­дері айқындалды.
Зерттелген ғылыми еңбектердің нәти­желерін білім беру қызметтерін атқаратын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін, сондай-ақ көп құжаттармен жұмыс істейтін кітапханалар және басқа да ірі көлемдегі сандық контенттерді иемденіп отырған ұйымдар пайдаланады. Қазақстан хал­қының елеулі жартысы мемлекеттік тілді пайдаланатынын ескерсек, ғалымдардың жұмысының нәтижелері салмақты әрі маңызды екенін түсінеміз. 
 Қазақстан халқының кәсіби еңбекке жарамды бөлігінің интеллектуалдық қыз­метінің өнімі болып табылатын ақ­параттық ресурстарды жан-жақты пайдалану шығармашылық тұрғыдан белсенді жас ұрпақтың резервін даярлау қажеттігін көрсетеді. Сондықтан да жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып да­мыта білім беру, білім алушының жеке қа­сиеттерін дамыту идеяларын жүзеге асы­рудың белгілі бір әдістемеліктерін даяр­лаудың көкейтестілігі түсінікті. Айталық, индивидтің шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту үшін, білім алу­шының өз қызметінің нәтижесін болжай білуін, инженерлік-педагогикалық мін­деттерді шешудің жолдары мен тәсілдерін стратегиялық тұрғыдан айқындау қабіле­тін қалыптастыру керек. Бүгінгі таңда академияның есептеу және ақпараттық технологиялар бөлімшесі ғылыми және инженерлік кадрлар даярлауға белсене қатысуда. Қашықтықтан оқыту және жаңа технологиялар бойынша білім беруді бағдарламалық қамтамасыз ету үшін конференциялар, мәжілістер, семинарлар, студенттік олимпиадалар өткізілуде. Бөлімше ғалымдары сондай-ақ жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсіптік шеберліктерін көтеру жүйесін дамыту кон­цепциясын жасауға қатысты. Мұндағы мақсат жаңа технологиялармен білім беру орталықтарын құру. Оқыту бағдарла­маларын енгізу үшін ҚР-дағы жоғары оқу орындарындағы біліктілікті жетілдіру институттарында жаңа технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу үшін инновациялық семинарлар ұйымдастырды. Білім беру жүйесі үшін 60-тан астам электрондық оқулықтар, Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша орта мектептерде өтілетін пәндер бойынша қазақ және орыс тілдерінде мультимедиялық оқыту бағдарламалары шығарылды. 
 Академияның ғылыми-техникалық журналдары «Вестник Национальной инженерной академии РК» және «Нефть и газ» философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесінен үміткерлердің ғылыми жұмыстарының нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын баспалардың қатарына енгізілді. Оларда физика-математика, химия, жер және география, техника, экономика ғылымдары бойынша мақалалар жарияланып жүр. 
Қысқасы, Ұлттық инженерлік акаде­мия­сының ғалымдары Қазақстан Респуб­ликасының білім беру жүйесін реформалау мен білім беру сапасын арттыруға сүбелі үлес қоса береді. 

 

Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, 
Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор