Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тұрғындарға құқықтық кеңес берілді

Тұрғындарға құқықтық кеңес берілді

Айқын-ақпарат
1096
Тұрғындарға құқықтық кеңес берілді «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ғимаратында «Әділет кеңес береді» азаматтарды бірыңғай қабылдау күні республикалық акциясы ұйымдастырылды.

Қабылдау  барысында нотариаттық палата, бағалаушылар палатасы, жылжымайтын мүлік  бөлімі, адвокаттар алқасының  өкілдері мен  сот орындаушылар тисті салалары бойынша тұрғындарға  құқықтық кеңес берді.

Шараның негізгі мақсаты-халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, партия мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту, сенімділікті қалыптастыру және қоғам мен билік арасында байланыс алаңын кеңейту.

Акция аясында  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау  бөлімінің  меңгерушісі Мақсұт Баекеев  сөз алып,  жалпы қоғамдық қабылдауға келіп түсетін арыз шағымдардың басым бөлігі әлеуметтік, құқықтық  мәселелерге қатысты екендігіне тоқтала келіп, барық өтініштердің заң аясында жүзеге асырылатындығын жеткізді.  Сондай-ақ ол өз сөзінде  тұрғындар үшін партия қоғамдық қабылдауларының есігі әрдайым ашық екендігін мәлімдеді.

Келушілердің  мәселелері  әртүрлі болды, дегенмен басты мақсат – соларды заң аясында шешу.

Мәселен, қабылдауға соттық алиментті төлеу туралы шешімінің орындалмай жатқандығына және осы маселемен тікелей айналысатын сот орындаушыларының әрекетсіздігіне шағымданып бірнеше  әйел азаматшалар келді. Солардың бірі  - қала тұрғыны Әбиева Кенжегүл.

Кенжегүлдің жолдасымен заң аясында ажырасқанынан 5 жыл болған. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Екеуі де мектепте оқиды. Алайда 5 жылдан бері борышкердің балаларға төлейтін (әлименті) қаржысы 1 млн тг үстіне шыққан. Кенжегүл  болса,  бұрынғы күйеуі, яғни борышкер 4-5 айда бір рет 5 мың теңге ғана қаржы беріп алдап келетінін айтып ызаланады.

Қабылдау барысында Кенжегүлдің мәселесімен толық танысқан   Қызылорда облыстық Әділет департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы  Жандос  Әбсат боршыкердің  тұрақты еш жерде жұмыста жоқ екенін және жылжымайтын мүлкі жоқтығын  анықтап, енді оның үстінен әкімшілік шара қолданып барып, өндіруге ол болмаса, қылмыстық іс қозғау арқылы маселені шешуге көмектесетінін жетікізді.

Сондай-ақ қабылдауға дүние мүлікті бөлісу жөнінде кеңес сұрап, Қармақшы ауданының тұрғыны Рүстемова  Қарашаш есімді азаматша келді. Ол жұбайымен отбасылы болған күндерде салынған жеке тұрғын үйден өзіне тиесілі бөлігін алғысы келетінін айтты. 

Алайда мәселенің мән-жайын анықтаған Қызылорда облыстық Адвокаттар алқасының Заң кеңсесінің басшысы, адвокат Ботакөз Пернебайқызы Қарашашқа алдымен тиісті үйдің кімнің атында екенін анықтап барып, тиісті мәселенің оңтайлы шешілетін жолдарын айтып түсіндірді.

Бірыңғай қабылдау күні  барысында тұрғындар көшеде жүру ережелерін сақтау туралы, сауда орындарында чек талап ету жөнінде, қоғамдық орындардағы тәртіп туралы, мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға, сонымен бірге мүлікті заңдастыру, азаматтық актілерді тіркеу бағыттарындағы сауалдарын жолдап  мамандардың тиісті кеңестерін тыңдап қайтты.      

Жалпы айта кету керек,  тоқсанына  бір рет өтіп тұратын Бірыңғай қабылдау күні республикалық акциясы бүгін облыстың барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылып,  барлығы 100-ден астам  адам қатысты.

Миуа БАЙНАЗАРОВА,

Қызылорда қаласы