Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әскери билет алуда да келеңсіздіктер бар

Әскери билет алуда да келеңсіздіктер бар

Айқын-ақпарат
1023
Әскери билет алуда да келеңсіздіктер бар Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, әскерге шақыру науқанына енгізілген соңғы өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.

 Осы уақытқа дейін әскери комиссариаттар атқарып келген қызмет көрсетудің тоғыз түрі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына көшті. Мысалы, талай дауды тудырған әскери билетті қазір әскери комиссариат емес, ХҚКО беретін болды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының бірі ретінде биылдан бастап әскерге шақыруға жауапты адамдар полиграф құралы арқылы тексеруден өтті. 

Биылғы жылы көктемгі және күзгі әс­кер­ге шақыруға 30 мыңға жуық жас да­йын­далды. Бұрын қысқа мерзімдегі әс­ке­ри қызметтен жалтарып, оны ай­на­лып өт­кісі келетін жастар көп болатын, енді жаңа Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша әскери қызметтен бұлтарғандар 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және 3 мың АЕК көлеміне де­йін айыппұл салынатын болды. Сондықтан әс­кери билетті бұрынғыдай сатып алу­шы­лар­дың қатары күрт кеміді. Әскери би­лет­тің құны қазіргі кезде тым қымбат тұрады. Оны сатып аламын деген адамдар ақша­сы­нан да, бас бостандығынан да айы­ры­луы мүмкін. 
Әскери комиссариаттардағы «ақ би­лет» сату мәселесімен күрес баяғыдан бері жал­­ғасып келеді. Бірақ әлі жалғасып ке­ле­ді­. Мысалы, осыдан он бес жыл бұрын Қы­­зылорда облыстық ҰҚК департа­мен­ті­нің қызметкерлері облыстық әскери ко­мис­сариаттың бастығын «ақ билет» сатып тұрған жерінде ұстаған. Ондай фактілерді көп­теп келтіруге болады. Бес жыл бұрын Ақ­тау қаласындағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің Л. деген қыз­мет­кері Отан алдындағы жауынгерлік бо­ры­шын атқарғысы келмеген қала тұр­ғын­да­рының біріне әскери билетті сатамын деп тұтылыпты. Сол кездегі қаржы поли­ция­сының мәлімдеуінше, әскери ко­мис­са­риатты қызмет ететін әйел өзінің мұндай заң­сыз қызметін 3 300 долларға бағалаған. Бұл бағаны тым қымбатсынған  әлгі жігіт он­ың үстінен арыз жазып жіберіпті. Сөй­тіп, әскери билетті дайындаған ерлі-за­йып­ты Л. мен К. 480 мың теңгені алып жат­қан жерінде қаржы полициясының қо­лына түсіп, ҚК 177-бабының 2-тармағы, 28-бабының 4-тармағы және 312-баптың 4-тармағы бойынша айыпталды.  
Тура осындай жағдай 2013 жылы Алма­ты­д­а да болды. Медеу аудандық қорғаныс іс­тері жөніндегі басқарманың бастығы под­полковник Игорь Скворцов әскерге жарамды жігітке медициналық көрсет­кіш­тері бойынша жарамсыз деген «ақ би­лет» жасап беріп, мың доллар алып тұрған же­рінде ұсталды. Алматы қаласындағы Ме­деу ауданының әскери комиссарына қа­тысты ҚК 311-бабы (пара алу) бойынша іс ­қозғалып, қамауға алынды. 
Жыл басынан бері республикада әс­ке­ри билетке қатысты тағы екі сыбайлас жем­­қорлық қылмыс тіркелді. Қаңтар айын­да Атырау облыстық қорғаныс істері жө­ніндегі басқарма бастығының орын­ба­са­ры және оның қарамағындағы қызмет­кер жеке тұлғадан пара алды деген кү­дік­пен ұсталды. Лауазымды шенеуніктер уа­қытында әскери тіркеуге тұрмағаны үшін және жігіттің жас мөлшері әскерге ша­қыру мерзімінен асып кеткен деген әс­кери билет жасап бергені үшін 70 мың тең­ге талап етіпті. Қалалық әскери ко­мис­сар­дың орынбасары капитан М. мен жұ­мыл­дыруды жоспарлау бөлімінің бастығы ка­питан Д. пара алып жатқан жерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұлт­тық бюроның облыстық департамент қыз­меткерлерінің қолына түскен. 
Биыл қаңтар айында Оңтүстік Қазақ­стан облысы Сайрам аудандық қорғаныс іс­тері жөніндегі бөліміндегі әскерге ша­қыру қызметінің бастығы пара алды деген кү­дікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­меттің қолына түсті. Т. деген азаматты әскери міндеттен босататын әскери би­лет­ті дайындап бергені үшін аудандық әс­­кери комиссариаттың қыз­меткері 35 мың теңге сұрапты. Мұндай әскери би­лет­тер­­дің шикілігі артынан шығып жа­тады және дәл осындай жағ­дайда тек пара алған ше­неунік қана емес пара беріп әс­кери мін­детінен жал­тарған жастар да жауапқа тар­тылады. Жас­тардың мұны біліп жүргені жөн. 
Өз уақытында әскери міндетін өте­ме­ген және келісімшарт бойынша әскери қыз­­метке барғысы келмейтін жас жігіт­тер­ге әскери билет алудың заңмен қарас­ты­рылған басқа жолдары бар («Азамат­тар­ды әскери-техникалық және басқа әскери ма­ман­дықтарға дайындау» заңының 12-бабы). Ол үшін тұрғылықты жер бойынша әс­­кери комиссариатқа барып арыз жазу ке­рек. Егер кандидат әскери-техникалық мек­тепке қабылдау талаптарына сай келіп жат­са, әскери комиссар оны әскери ма­ман­дық алып шығатын оқуға жібереді. Қыс­қа мерзімдік оқуды бітірген соң оның қо­лында әскери билеті болады. Ол үшін рес­ми түрде 263 318 теңгені банкке апарып тө­леу керек. 
Кейбір студенттер пара беріп әскери кафе­драны сырттай бітіріп алуға ты­ры­са­ды. Былтырғы жылы көктемде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұлттық бю­ро­­ның облыстық департамент қыз­­­­­­­меткерлері бір мың доллар пара алған Пет­­­ропавлдағы Қорғаныс істері жөніндегі бас­қарманың бастығын ұстады. Ол ара­да­ғы бірнеше делдалдар арқылы жоғары оқу ор­ны­ның студентін әскери кафедраға жа­рам­ды деп тану мәселесін оң шешіп бер­ге­ні үшін пара талап еткен. Петропавл гар­низонының әскери прокуроры «Пара алу» бабы бойынша қылмыстық іс қоз­ға­ған. 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әре­кет жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орын­басары Алик Шпекбаевтың мә­лім­де­уін­­ше, өткен жылы күштік құрылым­дар­дағы ла­уазымды қызметкерлерге қатысты 49 кор­­рупциялық қылмыстар тір­келіпті. Олар­дың ішіндегі 38-і ауыр және аса ауыр са­на­тына жатады, 44 адамға қатысты тергеу жұ­мыстары жүргізілген. Сыбайлас жем­қор­лық­қа жақын тұрған салалар – мемлекеттік са­тып алу, қорғаныс істері жөніндегі бас­қар­маның (әскери ко­мис­сариат) қызметі жә­не білім беру ме­ке­ме­лері (әскери-тех­ни­ка­лық мек­тептер т.б.). Дегенмен, атқарылып жатқан ан­ти­коррупциялық шараларға бай­ла­нысты Қарулы күштерде сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты заңбұзушылықтар аз­ай­ған.