Негізгі бет  /  мақалалар  /  Маңызы зор жарыс

Маңызы зор жарыс

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1019
Маңызы зор жарыс Қазақстан Республикасының Президенті – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен тікелей қамқорлығының арқасында спорт саласында көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда.

 Солардың бірі әрі бірегейі – ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алматы қаласында өтуі. 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпан аралығында жалауы желбірейтін жарыстың басталуына небәрі 2 айға жуық уақыт қалды. Осы орайда біз Универсиаданың мәні мен маңыздылығы жайында әр жылдары айтулы додада бақ сынаған спортшылар және осы саланың басы-қасында жүрген басқа да саңлақтарды сөзге тартқан едік. 


Универсиада қаһармандары

Александр КОРЕШКОВ, 
шайбалы хоккейден 1993 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері: 

– Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет Дүниежүзілік Универсиадаға 1993 жылы қатысқан еді. Сол жарыста тек еліміздің шайбалы хоккейшілері ғана жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Күміс медальді иеленген команданың сапында өнер көрсету бақыты маған да бұйырды. Ол кездері  Өскеменнің «Торпедо» клу­бының намысын қорғайтынмын. Уни­версиадаға қатысу жөнінде ұсыныс түс­кенде қуана-қуана келісім бердім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Польшада ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімізбен, шешуші тұста ұтылдық. Десек те, сол жарыста күміс жүлдегер атануымыздың өзі біз үшін үлкен табыс ретінде бағаланды. Кейіннен Ресейдің белді клубтарында ойнадым. Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында талай байрақты бәсекелерге қатыстық. Сол жеңіп алған көптеген жүл­делерімнің арасында мен үшін қысқы Универсиаданың жөні бөлек. 

Оксана ЯЦКАЯ, 
шаңғыдан 2003 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері,  2005 жылғы Универсиаданың жеңімпазы: 

– Қазақстанның туы астында өнер көрсетуді спорттың соқпағына түскен кезден армандаған едім. Сол себепті де, ел намысы сынға түсетін жарыстардың бар­лығына қатысуға ерекше құлшынып тұра­тынмын. Жасыратыны жоқ, кейде сенім үдесінен шыға алмаған кездер де болды. Кейде жарқын жеңістерімізбен мақтандық. Ал Универсиадада жолым болды деп есептеймін. 2003 жылы Италияда өткен жа­рыстың 5 шақырымдық сайысында өзімнің командалық әріптесім Светлана Мала­ховадан ғана қалып қойып, күміс медальді иеленсем, 2005 жылы Австриядағы бәсекенің эстафетасында алтыннан алқа тағындым. Әрине, ондай сәттер әр спорт­шының жадында мәңгі сақталатыны анық. 

Николай ЧЕБОТЬКО, 
шаңғыдан 2005 және 2007 жылдардағы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың үш дүркін жеңімпазы: 

– Әлемнің әр қиырынан жиналған аса дарынды студенттердің ең ірі жарысы Қазақстанда өтеді дегенді естігенде жеке өз басым қатты қуандым. Спортты жан-тәнімен сүйетін Қазақстанның басқа да азаматтары дәл сондай күйді басынан кешіргеніне қылаудай да күмәнім жоқ. Өзім де Универсиада екі мәрте қатыстым. Ол жарыстың деңгейі қаншалықты жоғары екенін жақсы білемін. Әр мем­лекет айтулы додаға тыңғылықты даярлықпен келеді. Өйткені бүгінгі таңда студенттер спортына көңіл бөлмейтін елдер кемде-кем. Сон­дықтан да бұл біздің жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ. Осы сынақтан сүрінбей өткен сайыпқырандар ертеңгі күні Олимпиада ойындары мен әлем чемпио­наттары секілді жарыстарда да өздерін жақсы қырын көрсетуге қабілетті бола­тынына сенімім зор. 

Дарья РЫБАЛОВА, 
фристайлдан 2011 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жеңімпазы:

– Расында да, бұл – біз үшін қуанышты жағдай. Осыдан бес жыл бұрын өзім де Универсиадаға қатысып, алтыннан алқа тағындым. Түркияның Эрзурум қаласында өткен сол жарыста Қазақстан спортшылары арасынан жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу бақыты маған ғана бұйырған еді. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Міне, енді Дүние­жүзілік Универсиада өз жерімізде өтетін болды. Біле білсек, бұл – маңызы өте жоғары, талай дарынды жастарға баспалдақ болатын дүбірлі дода. Сол себепті де Алматыдағы бәсекеде отандастарымыз барынша табысты өнер көрсетеді деген ойдамын. 

Марк СТАРОСТИН, 
шаңғыдан 2013 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жеңімпазы: 

– Осындай дүбірлі доданың Қазақстанда өтуіне тікелей ұйытқы болған Елбасына және ел спортының тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дүниежүзілік Универсиада – өте жауапты әрі бәсі бөлек бәсеке. Бір сөзбен айтсақ, бұл жарысты студенттердің Олимпиадасы деп айтуға толық негіз бар. Жеке өз басым, сол дүрмекте екі мәрте бақ сынадым. 2013 жылы Италияда өткен жарыста шаңғышылардың 15 шақырымдық бәсекесінде бас жүлдені қанжығама байласам, дәл сол қашықтықтағы дуатлонда күміс медальді мойныма ілдім. Арада екі жыл өткеннен соң Словакияда жалауы желбіреген жарыстың 4Х10 шақырымдық эстафетасында күміс медальді иелендім. Одан басқа да додаларда жүлде алған кездерім болды. Десек те мен үшін Дүниежүзілік Универсиаданың жөні бөлек. 

Анастасия СЛОНОВА, 
шаңғыдан 2015 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы:

– 2015 жылғы Универсиада екі мем­лекетте өткенімен шаңғышылар ара­сындағы сайыстардың барлығы да Сло­вакияда ұйымдастырылды. Осы жарыста Қазақстанның спортшылары орасан зор табысқа қол жеткізіп, 5 алтын және 6 күміс медальді олжалағанын өз­деріңіз де жақсы білесіздер. Осылайша, біздің ел өз тари­хында тұңғыш рет жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жеке өз басым Қазақ­станның Әнұранын екі мәрте шырқатып, тағы екі рет Туымызды көкте желбіреттім. Атап айтсам, спринт пен 15 шақырымдық сайыста алдыма жан салмадым. Эстафета мен 5 шақырымдық бәсекеде күміс медальді еншіледім. Енді 2017 жылғы Универсиада Алматыда өтеді. Осы жарыста біздің өрендеріміз осыдан екі жыл бұрынғы нәтижені жақсартып, толағай табысқа қол жеткізетініне еш күмән келтірмеймін. Оған отандық спорт­шы­ла­рымыздың күш-жігері де, қабілеті де жетеді.

Спорт саңлақтары

Мәулен МАМЫРОВ, 
еркін күрестен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Дүниежүзілік Универсиаданың біздің елде өтуі – аса маңызды оқиға. Сол себепті де билік басындағы тұлғалардан бастап, осы саланың басы-қасында жүрген аза­мат­тардың барлығы да дүбірлі доданың ойдағыдай өтуіне барынша күш салуда. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген ықыласы ерекше. Мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында Қазақстан спорты өркендеу үстінде. Универсиаданың Алматыда өтуіне орай бірқатар зәулім спорт кешендері бой көтерсе, тағы біразы күрделі жөндеуден өтті. Осы нысандардың барлығы Уни­версиада аяқталғаннан кейін де ел игілігі үшін қызмет ететін болады. Бұл жағдай барша қазақстандықтарды қуантуда. 

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, 
бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы: 

– Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан экономикалық қиындықтарды басынан кешірген кезде де спорт мәселесі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев назарынан тыс қалған емес. Елбасы әркез ел спортының еңсесін көтеріп жүрген азаматтарға қамқорлық көрсетіп келді. Қазір де солай. Осыдан бес жыл бұрын Алматы мен Астанада қысқы Азия ойын­дары ұйымдастырылғанда барша жұрт қуанған еді. Міне, енді Дүниежүзілік Уни­версиаданың дүбірі естілді. Бұл жарысты да біздің ел аса жоғары деңгейде ұйым­дастыратынына ешкім де шүбә келтірмейді. Бұл оқиғалардың барлығы да Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында алтын әріп­термен жазылып қалары хақ. Осындай байрақты бәсекелердің жиі өтуі Қазақстан спортының өркендеуіне өз септігін тигі­зетіні сөзсіз. 

Берік ЖЕТПІСБАЕВ, 
самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы: 

– Бүгінгі таңда Қазақстан мықты спорттық державаға айналды. Біздің спортшылардың байрақты бәсекелердегі толағай табысын айтпағанда, елімізде дүбірлі додалардың жиі ұйымдастырылуы осы сөзіміздің нақты дәлелі. Қысқа ғана мерзім аралығында Астана мен Алматы қалаларында самбо мен дзюдодан, бокс пен ауыр атлетикадан әлем чемпионаттары дүркіреп тұрып өтті. Сол аралықта Алаш топырағында қысқы Азия ойындары алауы тұтанды. Айтулы жарыстардың ұйым­дастырылу деңгейін шет мемлекеттерден келген лауазымды тұлғалар мен қатардағы қарапайым көрермендерге дейін бас бармақпен бағалады. Келесі жылы қысқы Универсиада өткелі жатыр. Оның да деңгейі аса жоғары болатынына ешкімнің күмәні жоқ. 

Марғұлан ӘСЕМБЕКОВ, 
грек-рим күресінен 2005 жылғы жазғы Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы: 

– Осыдан 11 жыл бұрын Түркияның Измир қаласында алауы тұтанған Уни­версиадада Қазақстан құрамасы 9 ме­дальмен қорытындылаған болатын. Отан­дастарымыздың арасынан бас жүлдені олжалау бақыты маған ғана бұйырды. 96 келі салмақта белдесіп, барлық қарсы­ластарымды жықтым. Әрине, ол кездегі қуанышым шексіз болды. Міне, енді Қазақстанда қысқы Универсиада өтетін болды. Осындай маңызы зор жарыстың ұйымдастырылуы ел спортының дамуына тағы бір серпін беретіні күмәнсіз. Осы жарысқа қатысатын жерлестеріме зор табыс тілеймін. 

Карина ГОРИЧЕВА, 
ауыр атлетикадан 2016 жылы өткен 
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері: 

– Рио Олимпиадасында өнер көрсетіп, қола медальді қоржынға салғанда қуа­нышым қойныма симай, көз жасыма да ерік бердім. Себебі, Олимпиада ойын­дарында өнер көрсетіп, сол жарыста жеңіс тұғырына көтерілу әр спортшының арманы. Талай жыл бойы сол биіктен көрінуді ар­мандадым. Алайда бұл белес маған бірден бағына қойған жоқ. Олимпиада күш сынасу құрметіне ие болу үшін көптеген сынақтан өтуге тура келді. Солардың бірі – Дүние­жүзілік Универсиада. 2013 жылы  Қа­зан­да өткен студенттердің сайысына қа­тысып, күміске қол созған едім. Міне, осы жеңістердің барлығы Олимпиада ойын­дарындағы табысының алтын бастауы еді.