Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҰЛЫ КӨШКЕ – 25 ЖЫЛ

ҰЛЫ КӨШКЕ – 25 ЖЫЛ

Айқын-ақпарат
853
ҰЛЫ КӨШКЕ – 25 ЖЫЛ Өткен аптада Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Көш және көшбасшы» атты мерекелік концерт өтті. Ел тәуелсіздігі мен «Қазақ көшінің» 25 жылдығына арналған шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп қатысты.

Мерекелік бағдарламаның шымыл­ды­ғын ашқан министр құттықтау сө­зінде: «Тәуелсіздік жылдарындағы айтулы оқиғалардың бірі әрі бірегейі – шет жұртта жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуы екені анық. Осынау тарихи оқиғаның бастау алғанына 25 жыл толды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені әлемдегі барлық қазақ – бір қазақ. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!» деді. 
Қазақстан егемендігін алған тұсында қолға алынған ең маңызды мәселелердің бірі – шетелдердегі қазақты елге әкелу еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты атажұртқа оралуға ұмтылған ұлы көштің көкейіне сенім ұялатып, сол керуеннің қозғалуына ерекше серпін берді. Содан бері Елбасының бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды, атажұртқа 1 миллионнан астам қазақ оралды. Күні бүгінге дейін әлем қазақтарының құрылтайы өтіп тұрады. Онда шеттегі қандастарымыздың негізгі проблемалары көтеріліп, елімізден барған ресми делегациямен кездесулер өткізілуде. Бұдан қазақ жұрты мен еліміздің Көшбасшысы қашанда жырақтағы бауырларын қамқорлығына алып, жағдайынан хабардар екенін ұғынуға болады. 
«Қамшы» порталы ұйымдастырған мерейлі мейрамның негізгі идеясы да – «Қазақ көшінің» 25 жылына тарихи баға беру және қара шаңыраққа уық болып қадалған миллионнан астам қазақтың ел мен Елбасына алғыс айту. Осы орайда «Қамшы-ақпарат» қоғамдық қорының директоры Біләл Қуаныш: «1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес респуб­ликаның Министрлер кабинеті «Ауыл­дық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және ше­телдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылдады. Содан бергі ширек ғасыр уақытта атажұртқа оралған қандас­тарымыздың саны 1 миллионнан асты. Бұл, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ең жемісті саясаты десек қателеспейміз» деп атап өтті. Шараға «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық қолдау көрсетті.
Айта кетейік, отандық әншілер мен атажұртқа оралған қандастардан құралған сахна майталмандары өнер көрсеткен концерттің билеті тегін таратылды. 

 

 

Гүлзина Тұрғанбайқызы, Асыл Тұмар